КӘСІПОДАҚ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
— Бүгінде, расында да, бұрынғыдай емес әлеуметтік міндеттердің біразы кәсіподақ құзырынан шығарылып, мемлекеттік құрылымдарға берілді. Бұл кәсіподақ рөлін біраз төмендетпей ме?
— Рас, көптеген функциялар кәсіподақ құзырынан алынды. Әйтсе де, бұл – осы қоғамдық құрылымның маңызы жоғалды деген сөз емес. Кәсіподақ қазіргі нарықтық қатынастар кезінде өз қызметін қайта құрды. Енді жұмыс берушімен қарым-қатынас ұжымдық шарт негізінде жүргізіледі. Қызметкерлердің еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсарту, санаториялық-курорттық емдеу мен демалысты ұйымдастыру, өзге де әлеуметтік шараларды жүзеге асыру осы құжатта көрсетілген міндеттемелер аясында жасалады. Еңбек адамының күнделікті кездесуі ықтимал мәселесін шешуге атсалысады. Қажет десеңіз, жұмыс берушімен бірге тұтас кәсіпорынның еңбек өнімділігін арттырып, толымды табысқа жетуіне ұжымды жұмылдырады. Елбасының кәсіподақты қоғамның қозғаушы күші ретінде бағалауы да сондықтан.
Жалпы, «Қазақмұнайгазкәсіподақ» комитеті қатарында 43237 мүше бар. Оның республиканың бес облысында 65 бастауыш ұйымы жұмыс жасайды. Бұлардың ішінде бесеуі заңды тұлға мәртебесіне ие. Негізі республикалық кәсіподақ федерациясы Атырау облыстық ұйымдарының базасында 2005 жылғы 22 ақпанда құрылған-ды. Сол жылғы 25 наурызда Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Оған да, міне, тура он жыл. Бұл ұйым, ашығын айтқанда, тәуелсіз мемлекеттердің мұнайгазқұрылыс кәсіподақтары мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бірқатар салалық құрылымдарының қолдауымен өмірге келді. Үстіміздегі жылы «Кәсіподақтар туралы» Заңның күшіне енуіне орай биылғы 10 наурызда қайта тіркеуден өтті. Біздің сапымызда «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Мәтен Петролеум», «Сайпем СПА» акционерлік қоғамдары бар. Сонымен қатар, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «ҚазГерМұнай», «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау», «Ақтөбемұнаймашкомплект» және тағы басқа отандық және шетелдіктермен бірлескен компаниялар да қатарымызда. Ал, бұлардағы кәсіподақ ұйымдары – үлкен күш. Олар ұжымдағы еңбек адамдарының құқықтарын лайықты қорғап отыр.
Жалпы, қызметкерлердің құқықтарын қорғау – жұмыс берушінің ішкі ісіне араласып, орынсыз нәрсені талап ету емес. Заңнан тыс әрекетке баруға кәсіподақ ұйымына да рұқсат берілмеген. Жалпы, білесіз бе, республикалық мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тарихы еліміздің батыс өңірінен басталады. Сонау 1920 жылғы 19 қаңтарда Доссор және Ракуша кен орындарының жұмысшылары бірігіп Орал-Ембі фабрикалық-зауыттық комитетін құрған. Міне, сол құрылым мұнай-газ саласы кәсіподақ ұйымының бастауы саналады. Ол содан бері өндіріспен бірге дамып, Ембі еңбекшілерінің сан тарау проблемасын шешіп келеді.
— Күрмеулі түйіндерді шешуде қандай оңды тәжірибелер бар?
— Жалпы, қандай күрмеулі мәселені де бейбіт жолмен шешуге болады. Түйіні тарқамайтын проблема жоқ. Соның ішінде, кәсіподақ комитеті жүйелі жұмыс жасайтын еңбек ұжымдарында заң бұзушылыққа да жол берілмейді. Бұларда ұжымдық шарт та сауатты жасақталады. Ал, бұл құжатта жұмыс беруші мен қызметкердің өзара міндеті мен құқығы толық жазылған. Тек соны бұлжытпай орындау қажет.
Мәселен, он жылда төрт салалық келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде жоғарылатылған салалық коэффициент бекітілді, қазір сол бойынша жұмыс жүруде. Ал, 2013 жылы бұл келісімге мұнайхимия саласының кәсіподағы да қосылды. Сонымен қатар, былтырдан бастап кәсіпорындарда еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу шаралары басталды. Алдыңғы жылы біздің қатарымызға қызметкерлердің жалпы саны 11 мың адамнан асатын заңды тұлға мәртебесімен Ақтөбе облысының төрт, ал былтыр Маңғыстау облысының үш кәсіподағы қосылды. Демек, сенім де артып отыр.
Оның үстіне, қарым-қатынас тұрақтылығын және мүшелеріміздің ынтымақтастығын көрсете отырып, жарғылық шаралардың кең желісін өткіземіз. Кәсіподақ белсенділерінің көшпелі семинарларын ұйымдастыру тұрақты тәжірибеге айналды, ақпараттық жүйе құру қолға алынды. Сөйтіп, 18 ақпараттық бюллетень жарық көрді. Өткен жылдан бері дербес сайт жұмыс жасайды. Мұның бәрі кәсіподақ қызметінің пәрменділігін көрсетеді.
Нарық заманында бағаның да тұрақсыздығы байқалады. Бәзбіреулер мұнайшылардың жалақысы көптігін, олардың тұрмыс деңгейінің жоғарылығын жиі айтады. Рас, «қара алтын» өндірушілердің табысы бюджетттік мекеме қызметкерлерімен салыстырғанда көбірек. Бірақ, олардың да әлеуметтік құқықтары қорғалуы керек. Күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасының өзгеруі мұнайшылардың да отбасылық бюджетіне кері әсер етеді. Міне, сондықтан, кәсіподақ бұл бағытта тұрақты мониторинг жүргізеді. Жинақталған мәлімет барлық кәсіподақ ұйымдарына жіберіледі. Олар өз кезегінде бағаның қымбаттауына байланысты қызметкерлердің еңбекақасын көтеру жөнінде жұмыс берушімен келіссөздер жүргізеді. Бұл талап ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс.
— Кәсіподақ ұйымдары жөнінде сөз болды ғой. Сайып келгенде, орталықтың мықты болуы соларға байланысты емес пе?
— Мен жоғарыда біздің сапымыздағы ірі кәсіпорындар мен солардағы кәсіподақ ұйымдарының бірқатарын атап өттім. Осыларға жетекшілік етіп отырған жандар – сол ұжымда үлкен беделге ие болғандар. Есеп беру-сайлау жиналыстарына қатысып жүрмін ғой, ешқайсысы да бір сарынды өткен емес. Қызметкерлер жетістіктермен қатар, қордаланған проблемаларды да батыл айтады. Егер соларды шешуге кәсіподақ басшылары дер кезінде араласпаса, мұндайларға сенімсіздік білдіріледі. Сайлауда дауыс ала алмай, орындарын өзгелерге босатып жатқандары да бар.
Ал, біз кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдарымен әркез тығыз байланыстамыз. Белсенділерін барынша марапаттауға ұмтыламыз. Мамандар алыс-жақын шет елдерде білімдерін жетілдіреді, халықаралық семинарларға қатысады. Бүгінде елу шақты белсендіміз – «Қазмұнайгазкәсіподақтың» «Құрмет» белгісіне ие.
Әйтсе де, сол бастауыш кәсіподақ ұйымдары мықты орталықтың арқасында өздерін сенімді сезінетіндіктерін айтқан абзал. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дегендей, әркім әр жаққа тартса, жұмысшының да, жұмыс берушінінің де алдында түк беделі болмайды. Халқымыздың бағзы заманнан бізге жеткен аңызында айтылғанындай, бір шыбықты сындыру оңай. Ал, жүз шыбықты сындыра алмайсың. Дана қазақ бірлікті меңзегенде осыны мысалға келтірген.
Сайып келгенде, біздің қоғамдық бірлестігіміздің табысты қызметінің нәтижесі – бастауыш ұйымдардағы жұмыстардың жемісі. Солардағы кәсіподақ комитеттерінің төрағалары кәсіпорын басшыларымен бірлесіп барлық шаруаны тындырып отыр. Әлі де атқара береді.
Турасын айту керек, ірі жобалар жүзеге асып жатқан жерде жан-жақтан келген мамандар тоғысады. Қазір еліміздің батысындағы мұнай-газ кеніштерінде шетелдіктермен бірлескен үлкен жобалар қолға алынған. Ендігі міндет – сондағы қазақстандық мамандардың құқығын қорғау. Сөз жоқ, ертеңгі күні сырттан келгендердің жалақысы көптігі, отандық жұмысшылардікі аздығы жөніндегі әңгіме айтылады. Соны да қолданыстағы заңдылықтар негізінде реттеуге тура келеді. Әрине, шеберлігі әбден шыңдалған, әлемдік деңгейдегі толымды тәжірибеге ие шетелдік мамандар қажет. Оларға лайықты жалақы да төленуі тиіс. Бірақ, инвесторлардың өздерімен бірге ортанқол жұмысшыларды да ала келулеріне жол беруге болмайды. Өзімізден табылатын мамандарды да сырттан шақырудың қажеті жоқ.
Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар іске де біздің кәсіподақ белсене араласады. Қазір халықаралық ынтымақтастық тұрғысында біраз іс тындырылды. Егеменді елдердің мұнайгазқұрылыс кәсіподақтарының конфедерациясымен байланысымыз бар. Бұдан басқа 2007 жылдың қарашасында Industri ALL жаһандық одағына қабылдандық. Ақырында, 2008 жылдың қазан айында Ресей Федерациясының мұнайгазқұрылыс кәсіподағымен өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Міне, соның бәрі біздің мүмкіндігіміздің молдығын көрсетпей ме? Демек, Елбасы айтқанындай, кәсіподақ өзінің қоғамның қозғаушы күші ретіндегі маңызын жойған жоқ. Ол төңірегіне еңбек адамдарын барынша мол шоғырландырып, еліміздің тұтастығын сақтап, экономикасын нығайту жолында жұмысын жалғастырады.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.