Жарнама
Экономика

Кәсіпкерліктің жаңа серпіні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болып отырған тарихи құжат. Онда қойылған әрбір тапсырма – жай ғана нұсқау емес, елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар, келер ұрпаққа қалдырар жол картасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан үшін индустрияны жаңа сапаға көтеру, инвестиция тартуды күшейту, экспорттық әлеуетті арттыру және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – негізгі міндеттердің қатарында. Бұл – экономикалық саясаттың жаңа векторы. Дегенмен, қанша жерден мемлекет қолдау көрсеткенімен, нақты іске асырушы басты күш – кәсіпкерлік қауымдастық. Мемлекет қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылым қалыптастырса, оны өндіріс пен жаңа жұмыс орындарына айналдыратын – біз, отандық кәсіпкерлерміз.

Атырау облысында да өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда еліміздегі өңдеуші өнеркәсіптің қосылған құны екі есеге өссе, бұл үрдіс біздің өңірде де айқын сезілуде.

«Интаго Казахстан» компаниясы геосинтетикалық материалдар өндірісін жолға қойды. Тек соңғы бір жыл ішінде 4 жаңа цех ашылып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда біздің өнімдеріміз Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан нарықтарына экспортталуда. Бұл – Қазақстанның индустриялық әлеуетін нығайтып қана қоймай, экспорттық табысты арттыруға нақты үлес қосып отырғанымыздың дәлелі.

Сонымен бірге, облыста бірқатар ірі жобалар іске асуда. «Талшықтекс» кәсіпорны полипропилен негізіндегі тоқыма материалдары мен биг-бегтер шығарып, импортты алмастыруға үлес қосып отыр.
“Фибратекс” жобасы арқылы пластикалық қалдықтарды қайта өңделіп, экологиялық тұрғыдан маңызды полиэфирлі талшық өндіріледі. Бұл жоба жасыл экономикаға көшуге және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Бұл жобалардың барлығы – Мемлекет басшысы айтқан индустрияны әртараптандыру және жаңа өндірістер ашу міндеттерінің орындалып жатқанын айқын көрсетеді.

Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру жолында біздің делегация Қытай Халық Республикасына барып, бірқатар ірі машина жасау және өндірістік жабдықтар шығаратын кәсіпорындармен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде тоқылмаған геотекстиль өндіруге арналған екінші желіні сатып алу туралы меморандумға қол қойылды, штапельді талшық және ПЭТ флекс өндіруге арналған жабдықтар жеткізу жөнінде келісімдер жасалды.

Бұл келісімдер өңіріміздің өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеруге, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға тың серпін береді.

Президент Жолдауы – еліміздің даму стратегиясын айқындайтын тарихи құжат. Ондағы тапсырмаларды орындау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша кәсіпкерлік қауымдастықтың да ортақ міндеті. Біз мемлекетпен бірге жаңа Қазақстан экономикасын құратын сенімді серіктес екенімізді мақтанышпен айтамыз.

Сондықтан әрбір кәсіпкер, әрбір өндіріс орны өз саласында белсенді жұмыс істеп, Жолдауда көрсетілген басымдықтарды нақты нәтижелерге айналдыруға үлес қосуы қажет. Бұл – экономиканы әртараптандыруға, халықты жұмыспен қамтуға және еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Біз бірлесе отырып, Атырау өңірін ғана емес, бүкіл Қазақстанды жаңа биіктерге көтереміз деп сенемін!

Азамат АСЫЛБЕКОВ,

«Интаго Казақстан» ЖШС директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button