АУЫЛ КӘСІПКЕРІН НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Ауылдық жерлердегі бизнестің даму деңгейі қандай? Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат қаншалықты мақсатты игеріліп отыр? Ауыл кәсіпкерлеріне нендей мәселеде көмек қажет? «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Алмас Таубаевтың Атырау облысына жұмыс сапары осы мәселелерге арналды.

Қызылқоға ауданына арнайы барған мейман аталмыш қордың қаржылай қолдауымен ашылған Мұқыр, Сағыз елді мекендеріндегі бизнес нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты. Аядай ғана Мұқыр ауылында қазір кәсібін дөңгелентіп отырған бірнеше бизнес өкілі бар. Бірі сервистік қызмет көрсетіп, енді біреулері халықты жергілікті агро өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.

Соның бірі – жеке кәсіпкер Марзия Абишеваның тұшпара цехы. Мұқырды ғана емес, аудан орталығын, Сағыз селосын түрлі жартылай фабрикат өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер халыққа экологиялық таза тағам ұсынып келеді. Себебі, өнімдердің сақталу мерзімі отыз күнге ғана шақталған. «Цехқа қажетті ет өнімдері өзімнің жеке шаруашылығымнан алынады. Екі адам цехта, екі адам мал сою пунктінде тұрақты жұмыс істейді»-дейді Марзия.

Жыл аяғына дейін Мұқырда заманауи үлгідегі монша ашылады деп күтілуде. Жиырма адамға шақталған моншада бір мезгілде душ қабылдауға, шаштараздың қызметіне жүгініп, киім-кешек үтіктетуге болады. Жеке кәсіпкер Қуаныш Айтуғанов монша ашылған жағдайда бес адамның тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты.

 Мәртебелі мейман одан әрі жылумен қамтуда қиындықтар сезіліп отырған тегершік жөндеу орталығы мен жылыжайда да болды. Өткен жылы іске қосылған жылыжай былтыр әжептәуір өнім де алған екен. Бірақ, тұрақты су көзінің болмауы жылыжайдың жұмысын қиындатып отыр. Осы мәселелерді алға тартқан кәсіпкер Айгүл Жиенбаеваға қолдау болатыны айтылды.

Сағыз ауылы да жаңалыққа толы. Осы ретте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» өкілі Алмас Таубаев Сағыз ауылындағы наубайхана жұмысын жоғары бағалады. Күніне 200-210 бөлке нан шығарып отырған наубайханадан түрлі кулинарлық дәмдерді де табуға болады. Бес адамды жұмыспен қамтып отыр-ған наубайхана астықты Ақтөбеден тасымалдайды екен. «Наубайханама қажетті астық пен жұмыртқа отандық өнім болғандықтан, девальвация жұмысымызға кері әсерін тигізе қойған жоқ. Халық тарапынан сұраныс та жоғары. Ендігі жерде макарон өнімдері цехын ашу арқылы кәсібімді кеңейткім келеді. Бірақ, ауыл кәсіпкері кепілдік салып, несие алуда көп қиындықтарға кездеседі. Осындай бюрократиялық кедергілер жойылса екен» дейді наубайхана иесі Саламат Тәжмағамбетов. Тағы бір жаңалық, көп ұзамай Сағызда шаңырақ құрған жастар үшін салтанат сарайы қызмет көрсететін болады. Жас жұбайлар өміріндегі маңызды жаңалықты неке қию салтанатымен көркемдей түсетін сарай қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Одан әрі фотосалон, тігін цехы, шаштараз нысандарын аралап көрген астаналық мейман Алмас Таубаев Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алып, кәсіп ашуда Атырау облысының жоғары көрсеткішке ие екендігін айтты. «Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы халқының да белсенділігі жоғары. Дегенмен, Атырау облысына қарасты қызылқоғалық кәсіпкерлердің ұмтылысы ерекше атауға тұрарлық. Бастысы, кәсіпкерлер тарапынан бастама бар. Атқарушы билік тарапынан да қолдаудың бары айқын сезілуде. Сапар барысында кәсіпкерлер берілетін несие көлемін ұлғайтуды сұрады. «Бұл мәселе тиісті деңгейде көтерілетін болады. Бүгінде көптеген екінші деңгейлі банктердің шалғай жатқан елді мекендерді қолдау тәуекеліне бара бермейтіні белгілі. Бірақ, біздің компанияның жұмыс тәжірибесі шалғай ауылдағы клиенттердің жауапкершілігі жоғары, қаржылық мәселеде тәртіпке бағынатын және несиені өтеу көрсеткішінде жоғары деңгейге ие екендігін көрсетіп отыр» деген ол кәсіпкерлерге қолдаудың әлі де болса қажет екендігін атап өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз