Инвестиция игілігін көруге не кедергі?

shobsan Жаңалықтар

Atr.kz/10 қазан, 2019 жыл. Бүгінде мұнайлы мекенде жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысандар саны елу мыңға жуықтап отыр. Яғни, алдыңғы көрсеткіштен 6,3 пайызға өскені байқалады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов айтты. Ендігі меже – тұралаған кәсіпорындардың екінші тынысын ашу.

Кәсіпкерлер қатары артқан сайын жұмыспен қамтылған тұрғындар да 130 мыңға жақындап, 4,7 пайызға өскені анықталды.

– Жалпы, кәсіпкерлікті дамыту бойынша былтыр өңіріміз көш бастаса, қазір төртінші орында келеді, – дейді ол. – Демек, жыл соңына дейін тағы да алдыңғы орынға шығуға мүмкіндік бар. Алдағы міндет – жергілікті жобаларды қаржыландыруға неғұрлым көбірек инвестор тарту керек. Бұл бағытта келіссөздер де жүргізілуде.

Бірақ, инвесторлардың көбісі  қаражат құйғаннан гөрі құрал-жабдықпен қамтуды ұсынады. Бұл біз үшін тиімсіз. Өйткені, бізге киноконцерт залы, фармацевтика зауыты секілді құрылысы басталған нысандарды іске қосуға қаржы керек. Фармацевтика зауытының кеңселері мен күзет орындары дайын, қалғаны қаржы мәселесіне тіреліп тұр. Бұл жобаны былтырдың соңында іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізіп жатырмыз. Көп кешікпей жұмыс жалғасын табады деп сенеміз. Міне, осыған ұқсас мәселелер шұғыл шешімді талап етеді.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы еліміз бойынша 600 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл соманың өңірлерге қатысты нақты мөлшері жоқ, қай кәсіпорынға қажет болса, соған несие есебінде беріледі.

Әзірге мұндай мүмкіндікке Атыраудан жеті жоба ие болып отыр. Оның екеуі арнайы киім тігетін, біреуі құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын, біреуі мектепке дейінгі білім беретін ұйым және қалғаны меммемлекеттік-әріптестік жекеменшік аясындағы жобалар. Тағы қырықтан астамы кезегін күтуде. Спикердің сөзінше, тынысы тарылып қалды деген «Брандо» зауытының да қазір жұмысы жанданған. 

Соңында журналистер кәсіпкерлерді толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз