Жарнама
Экономика

Кәсіпкерлік нысандары қашан қалпына келтіріледі?

Тасқын су шаруагерлермен қатар өңірдегі бірнеше бизнес нысанына да залал келтірді. Айталық, облыс орталығына қарасты ауылдық округтерде 200-ге тарта шаруа қожалығының 37-сі өр суынан зардап шеккен. Олардың басым бөлігі Алмалы және Қайыршақты ауылдық округтерінде орналасқан. Сондай-ақ, шаһардағы екі бизнес нысан кемпинг пен демалыс орнына зиянын тигізген. Бүгінде шығындарды өтеу мақсатында ауыл  шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімдері жанынан арнайы комиссия құрылуда. Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, алдын ала ескертілгендіктен, мал шығыны жоқ. Шаруагерлер дер кезінде оларды жазық қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген.

Иә, қай табиғи апат болмасын, ең алдымен халыққа кеселін тигізері анық. Биылғы тасқын кезінде де біраз шаруагердің егіні мен қора-қопсысы су астында қалды. Абырой болғанда, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарында  мал шығыны жоқ.

– Қалалық әкімдік малды қауіпсіз аумаққа көшіруге қажетті техникамен және жанар-жағармаймен көмектесті. Енді арнайы комиссия құрылып, шығындарды өтеу мәселесіне кіріседі. Залал келген 37 шаруа қожалығының 18-і егін, 19-ы мал шаруашылығымен айналысады, — дейді Ғасырбек Төлеген.

Ал, Құлсары кәсіпкерлерінің залал сомасы үш бағыт бойынша бағаланбақ. Жылыой ауданында су тасқыны салдарынан зардап шеккен 325 кәсіпкерлік субъектісі ресми тіркелген. Бүгінде 9 кәсіпкерлік субъектісінен өңірлік комиссияға өтініш түскен. Олар толықтай қаралып, өтінімдерге Ұлттық экономика министрлігінің 2024 жылдың 22 сәуірдегі №18 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес өтелетіні белгілі болды. Бұл туралы облыстық жедел штаб хабарлады.

– Жұмыстар үш бағытта іске асады. Біріншісі – тауарлы-материалдық құндылықтардың, екіншісі – жылжымайтын мүліктердің, үшіншісі – жылжымалы мүліктер және құрал-жабдықтардың шығынын өтеу. Қазір күрделі жөндеуге жататын нысандар саны – 14, бұзуға жататын нысандар саны – 15, — деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситов. Сондай-ақ, 137 кәсіпкерлік субъектісінен жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру жүргізу туралы өтінім түсіп, оның 120-дан астамына тексеру жұмыстары жүргізілген.

Индер ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 17 гектар екпе шөп, 2 гектар жеміс ағашы, 6 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражайлары зардап шеккен. Ең бастысы, мал шығыны орын алмаған. Өйткені, мұнда да қауіпті аймақтардағы қожалықтардың мал басы алдын ала бекітілген аумақтарға көшірілген.

Қазір аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары шаруаларға келтірілген залалды айқындау жұмыстарын бастап кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен қағидалары бойынша арнайы комиссия құрылып, акт жасалып, есебі жүргізіледі. Шаруа қожалығы өкілдерінен өтінімдер қабылданып жатқан көрінеді. Комиссия қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданатын болады. Бұл жұмыстардың барлығы 1 ай ішінде аяқталады, — дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button