«КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ЕСІГІ ӘРДАЙЫМ АШЫҚ»
Палатаның облыстық филиалы күні бүгінге дейін әкімшілік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлікті дамыту бағытында прокуратурамен және көлік прокуратурасымен Меморандумға қол қойды. Бірнеше форумдар ұйымдастырылды.
Сайып келгенде, мұның барлығы да бизнесті өркендетуге бағытталған. Елбасы Жолдауында Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауды тапсырды. Бұл тапсырманы орындаудың алғашқы қадамы ретінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау филиалының есігі кәсіппен айналысқысы келетін жұмыссыздарға, мүгедектерге, жаңадан бастап жатқан бизнес иелеріне әрдайым ашық екендігін тағы бір мәрте ескерткім келеді. Экономикалық мәселелер туындап, құқықтық сауаттылықты арттыруды қаласаңыз, Махамбет көшесі, 118 «Б» мекен-жайында орналасқан кеңсемізге шақырамыз. Сонымен қатар, филиал басшылығы ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында аудандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесу өткізеді. Осындай жұмыстар легі жалғасын таба беретініне сенімдімін.
Тобықтай түйін
Көз көріп жүргендей, соңғы жылдары мұнайлы өлкеде шағын және орта кәсіпкерлік саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді деуге толық негіз бар. Өткен жылдың қорытындысымен облыста жиырма тоғыз мыңнан астам бизнес нысаны тіркеліпті. Бірақ, соған қарамастан кей кездері іркіліп қалатынымыз да жасырын емес. Қаптаған құжаттар жинау, уақтылы несиені ала алмау, негізсіз тексерістің көбеюі секілді кедергілер баршылық. Осындай олқылықтың орнын толтырып, салаға жаңаша леп әкелмек ниетпен Ұлт көшбасшысы биылғы Жолдауында нақты міндеттер қойды. «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» екендігін айтты. Ендігі кезекте тұрғаны — құнды тапсырманы тиянақты орындау. Өйткені, енді шағын және орта бизнесті жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамыту мақсаты алға тартылған.
Айбөпе САБЫРОВА.