ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

«Сбербанктың» жаңа ғимараты ашылды

Мұнайлы өлкенің қаржы саласы тағы бір жағымды жаңалықпен толықты. Өткен бейсенбі күні «Сбербанк» АҚ еншілес банкі Атырау филиалының жаңа кеңсесі салтанатты жағдайда ашылды. Әсем ғимараттың лентасын қию рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, ҚР «Ұлттық банкі» Атырау облыстық филиалы директоры Қозыбақ Құлбарақов пен «Сбербанк» АҚ еншілес банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Тасқаранов қатысты.

alogosber

Қала орталығында орналас- қан жаңа ғимарат алыстан-ақ көрінеді. Заманауи дизайнмен жасақталғандықтан болар, тұтынушыларын «мен мұндалап» шақырып тұрғандай. Мамандардың сөзіне қарағанда, жыл сайын банк клиенттерінің саны қарқынды түрде көбейген. Салтанатты шараға қатысуға асыққан қонақтар да аз болмады.
Бұған дейін Атырау қаласында банктің кең ауқымда қызмет көрсететін филиалы мен үш құрылымдық бөлімшесі жұмыс істепті. Енді тұтынушылар өздеріне жақын аумақтағы кеңсеге барып, кезексіз шаруасын тындыра алады. Бұл өз кезегінде аймақтағы қаржы институттарын дамытуға оң ықпалын тигізбек. Кеңсенің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айгүл Теміртасқызы жаңа банк бөлімшесінің жұмысын бастауы өңірдің қаражат саласындағы үлкен жаңалық екендігін атап айтты.
-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде көптеген шет елдердің банктері қызмет етеді. Солардың қатарында ресейлік «Сбербанктің» алар орны ерекше. Ол тек қаржы саласын дамытып қана қоймай, екі ел арасындағы ынтымақтастығымыздың айқын белгісі іспеттес, – деген А. Әжіғалиева банк қызметкерлеріне сәттілік пен табыс тіледі.
ҚР «Ұлттық банкі» Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Әбуұлы аймақтағы жалпы қаржы институттарының қызметі туралы ақпар берді. Айтуынша, 25 филиал, 130 айырбастау пункті жұмыс істейді екен. Соның арқасында Атырау облысы Қазақстанның басқа облыстарының арасында көш бастап келеді. «Сбербанк» нарықта өз орнын тауып үлгерді. Енді, міне, зәулім сарайда мұнайлы өңір халқына сапалы тоқтаусыз қызмет көрсететін болады», – деп сенім білдірді ол. Сондай-ақ, облыстың бас банкирі ел экономикасының локомотиві саналатын аймақтың осындай беделден түсірмеу керектігін де ескертті.
«Сбербанк» АҚ еншілес банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Тасқаранов бәсекелес рынокта жұмыс жасап жатқандығын, сондықтан банк жылдан-жылға озық технологияларды енгізуде екенін мәлімдеді. Атыраудың мүмкіндігінен хабардар Нұрсұлтан Ғабдолмәжитұлы тұтынушының сұранысын қанағаттандыруда тынбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Келесі сөз кезегін алған банктің Атырау филиалының директоры Мұрат Асқаров меймандарға «Қош келдіңіз!» айтып, кеңсеге шақырды. Ресми бөлімнен соң жиналғандар жаңа ғимаратты аралады. Байқағанымыздай, банк заманауи стандарттарға сай толық жабдықталған. Кең операциялық залда клиенттерге «Кезек жоқ!» бағдарламасы бойынша қызмет көрсету үшін барынша ыңғайлы жағдайлар жасалған. Ерекше тұтынушылар үшін жаңа кеңседе «Сбербанк Премьер» сыйақылық банктік сервисі іске қосылуда екен. Менеджерлер банктік қызметтің барлық кешенін ұсынады, қаржы мәселелерін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, «Сбербанк» Атырау қалалық бөлімшесінің кез келген клиенті бағалы металдардан жасалған кәдесый мен инвестициялық монеталарды сатып ала алады.
Қазақстанның қаржы нарығында алты жылдан астам табысты еңбек етіп келе жатқан банктің бұдан басқа да жетістіктері көп. Активтерінің көлемі бойынша екінші деңгейлі банктер арасында бесінші орынға ие болса, күні бүгінде филиалдық желісі 97 құрылымдық бөлімшеден тұрады екен.
Осы сәтте тұтынушылардың да пікірін білген едік. Төрт жылдан бері банкпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева түлектерінің осында еңбек етіп жатқандығын мақтанышпен айтты:
– Біз оқуға қажетті бағдарламаларды Ресейден алатынбыз. Ол үшін екі апта бұрын хабарласып қойып, кейін кеденнен өткізу қиынға соғатын. Қазір кедендік Одаққа енуіміздің арқасында күрмеулі мәселелеріміз шешілді. Оның үстіне, ресейлік «Сбербанкпен» жұмыс жасай бастадық. Қызметкерлерінің жүзінен жылылық лебі есіп тұрады. Қызмет түрі де сан алуан. Біздің оқу орнынан түлеп ұшқан мамандардың дені осыннан орнын тапты. Бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілгендері де әрі қарай да банкпен байланысымыз үзілмейді деп сенемін, – деді ол.
Ашылу салтанатында арнайы келген «Сбербанк» АҚ еншілес банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Тасқарановқа көкейдегі сұрақтарымызды қойып үлгердік. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жоспарларын сұрағанымызда, әңгімелесушіміз дамып келе жатқан кәсіпкерлерді қолдайтынын жасырмады. Әрине, ел бойынша ірі бизнес иелері аз болғандықтан, шағын кәсіпкерлікті өркендетуге үлес қосатынын айтқан ол клиенттерге кепілдеме, несиелендіру шарттарын түсіндіру бағытында бірқатар іс тындырғанын атап көрсетті.
Тағы бір білгеніміз, мұнда бөлшек бизнеске де ерекше мән беріледі. Себебі, Нұрсұлтан Тасқаранов түсіндіргеніндей, бұл салаға да экономикада басымдық берілгендіктен, клиенттің сұранысын орындауға барлық мүмкіндік бар. «Жаңа үй салуға немесе сатып алуға, көлікке несиелер тұрақты түрде беріліп тұрады. Біз әрдайым жаңаша қызмет етуге тырысамыз. Ал, ғимаратымыз корпоративтік стилімізге сай жасалған. Барлық аймақтарда кеңселеріміз осындай бірыңғай форматта. Алдағы бес жылда жағдайды одан әрі қарай жақсарту жоспарымызда бар. Жыл соңына дейін Тараз, Көкшетауда филиалдарымызды ашпақпыз. Келешекте бөлімшелеріміздің санын 100-ден 200-ге дейін өсірмекпіз», – деген ол ішкі жалпы өнім көлемі артқанмен несиеге сұраныс төмендемегенін алға тартты. Сондықтан клиенттерге бәсеке де болатыны түсінікті. Бұл ретте «Сбербанк» АҚ еншілес банкі алған бағытынан таймай, нарықта биіктен көрінуге жұмыстана бермек.

Айбөпе САБЫРОВА.
PR

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз