Халықаралық сарапшы: «Қазақстанның атом энергетикасын дамытуда мүмкіндігі зор»
Қазақстан ядролық энергетика саласында әлемдік көшбасшы елдердің бірі бола отырып, уран өндірісінде әлемдік сұраныстың жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Бұл жетістікке жету жолында елдің тұрақты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлі арта түсуде. Аргентинада тұратын халықаралық сарапшы, NAC International компаниясының бас кеңесшісі Марсело Сальваторе Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға байланысты өз ойын білдірді.
Ашық дереккөздердегі мәліметте спикер Қазақстан бұл салада тек уран өндірумен шектелмей, ядролық технологияларды қолдану арқылы экономиканың өзге салаларын да өркендете алатынын атап айтқан.
–Ядролық отын циклінің түрлі қызметтерін дамыту арқылы елдің экономикалық әлеуетін арттыруға болады. Атом энергетикасы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалану жоғары білікті мамандарды даярлауға және халықаралық нарықтарға сұранысқа ие өнімдер шығаруға септігін тигізеді. Ядролық технологияларды дамыту арқылы Қазақстан жаңа инновацияларға жол ашып, экономикасының басқа салаларына тың серпін бере алады.
Аргентина ядролық энергетика саласында алғашқы қадамдарын 1956 жылы бастады. Бұл ел – Латын Америкасындағы электр станциясын пайдаланған алғашқы мемлекет. Бүгінде Аргентинадағы үш атом электр станциясы жалпы елдің энергиясының 6%-ын өндіреді. Қазақстанның атом энергетикасында да осындай нәтижелерге жету әлеуеті бар.
Қазақстан уранды өндірумен ғана емес, оны өңдеу және ядролық отын циклінде қосымша құн қосатын қызмет түрлерін дамыту арқылы өзінің көшбасшылық позициясын нығайта алады. Бұл өз кезегінде, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттырып, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, — дейді М.Сальваторе.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның ядролық энергетикасы тек энергия көздерін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, елдің инновациялық дамуына және экономикалық өрлеуіне негіз бола алады.
Асылым ЖАҢАЙ
Коллаж: atr.kz