Бір жылда 120-140 миллион теңгенің өнімін өндіреді

2018 10 19 110936912200 Жаңалықтар

Халқымыздың ет және ет өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етуде қой шаруашылығының, оның ішінде етті – майлы бағытының алатын орны ерекше.

2018_10_19_110936912200

Құйрықты қойларға тән жоғары ет – май өнімділігі, өсіру жағдайларына бейімделгіштігі, тез жетілгіш қасиеттері және ет өнімінің жоғары сапалылығы олардың нарықтық экономика жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Аталған ерекшеліктер нәтижесінде бұл бағыттағы қойлардың өсіру аймақтары жылдан-жылға кеңейіп және олардың саны мен үлес салмағы тоқтаусыз арта түсуде. Бүгінгі таңда республикада өсірілетін қой малының шамамен 80℅-ын құйрықты қойлар құрайды. Құйрықты қой тұқымдарының ішінде Еділбай қойы ерекше орын алады. Еділбай қойы барлық қылшық жүнді құйрықты қойлардың сапасын жақсартатын қой тұқымы болып табылады.

Құрманғазы атындағы кеңшар тарағаннан кейін, бұрынғы сол шаруашылықта көп жылдар бойы директор болып істеген Харес Биляшовтың бастамасымен 1998 жылы 2768 бас қой, 8 түйе, 11 бас жылқы малымен «Құрманғазы» атындағы өндірістік кооперативі болып құрылдық. Селекциялық асылдандыру жұмыстары өндірістік кооперативтің мал мамандарымен бірге «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми зерттеу институты», оның Атырау филиалының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп жүргізілді. Соның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2002 жылдың 19 наурызындағы бұйрығымен өндірістік кооперативке асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі берілді.

Кооперативтің мамандары, шопан, малшы-механизаторлары бірлесе отырып, атқарған жұмыстарының нәтижесінде мал басы 19 жылдың ішінде қой 11 мың басқа, түйе 300 басқа, жылқы 89 басқа жетті. Шаруашылықта жүйелі түрде жүргізілген селекциялық – асылдандыру арқылы, Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативке асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін тұқымдық мал зауыты атағы берілді. Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі тұқымдық мал зауыты Еділбай қойының бір түрін өсірумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ақ жүнді құйрықты қойларды шығару жұмысы басталып, өндірістік кооперативтегі Еділбай типтес қой тобына жүргізілді. Ақ жүнді құйрықты қойларды шығару, негізі ендіре будандастыру жолымен жүзеге асырылды. Осылайша ақ, ақшыл жүнді «Аққарабас» қой тұқымы пайда болды. Көп жылдар бойы бір мақсатта жүргізілген селекциялық – асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде шөл және шөлейт аймақтар жағдайында өсіруге аса жақсы бейімделген, әрі жеткілікті деңгейдегі жоғары ет және жүн өнімдеріне сипатталған құйрықты қойлардың өзіндік ақ жүнді түрі шығарылды.

Құрманғазы атындағы өнідірістік кооперативі қой малымен қатар, түйе малына да селекциялық – асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. 2004 жылы шаруашылыққа «Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық» атағы берілді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде, «Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымының» Орал-Бөкей тұқымішілік сүлесі және екі бура желісі шығарылды.

Кооперативіміз өзі өмір сүрген 19 жылдың ішінде аудан, облыс және республика көлеміндегі озат шаруашылыққа айналды. Шаруашылықта мамандармен қатар, күнделікті қарбалас тірліктің ыстығы мен суығына төзіп, малды аман сақтап, өсіріп, одан алынатын өнімдерді молайтуда малшылар мен механизаторлардың еңбектері орасан зор.

Аға шопан Серік Тәженов бес жыл қатарынан әр 100 аналықтан 100-115 тен кем емес қозы алып, жоғары еңбек көрсеткішінің нәтижесінде 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2014 жылдың қорытындысымен аға түйе бақташысы Берік Салауов әр 100 аналық інгеннен 52 бота алуды қамтамасыз етіп, облыстың озат түйешісі – чемпионы атанды. Кооператив мал басына керекті азықтық пішенді өз күштерімен дайындап алуымен қатар, округ тұрғындарының, жеке қожалықтардың да малын пішенмен қамтамасыз етуді дәстүрге берік енгізген. Шаруашылық жылына 350 центнер ет, 50 центнер шұбат, 170 центнер қой етін және 15 центнер түйе жүнін өндіріп, сатумен айналысады.

Өндірістік кооператив жыл сайын орта есеппен 120-140 миллион теңгенің өнімін өндіріп, шаруашылық жылын 10-12 миллион теңге таза табыспен қорытындылап келеді.

Сабыржан СҰЛТАНОВ,

Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз