Табыл туралы тағы бір фильм

  Айдынды Ақ Жайықтың аспанға қолын созған арманшыл ұлының жердегі ғұмыры түгесіліп, мәңгіліктің көшіне ілескеніне де бірнеше жыл жылжып өтті. Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні секілді, Табылдының да тағдыры алты Алаштың жан-жүрегін ауырта толғантқаны рас. Қаншама көзкөргеннің естеліктер легін ағытып, ақындардың қаламынан аза жыр боп төгілгеніне де куәміз. Мұның бәрін тірісінде қадірін біліңкіремейтін қазақтың бағзыдан бергі дағдысына сайып жатамыз. Дейтұрғанмен, тар шаһарға тау тұлғасы симай, аласұрып өткен ақынның, қазақтың тұңғыш бардының жоқтаушысы бар екендігі, оның ғажайып мұрасының енді мәңгі өлмейтіндігі қуантады. Өткен жылы ғана Атырауда облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Сағыныш белгісі» атты аймақтық ән фестивалі өтті. Анау арман болған Алматы, Астана қалаларында үлкен еске алу кештері ұйымдастырылды. Осы ізгілікті жұмыстың басында тұрып, өз дәрежесінде өтуіне жан аямаған бірден-бір азамат ақынның тірісінде сыйласы, сырласы болған ақтөбелік меценат, Т.Досымов атындағы қордың президенті Бижан Қалмағанбетов еді. – Мен Табылдымен 2006 жылдан бері жақын араластым. Бір-бірімізді тоқсаныншы жылдардан бері білеміз, аздап құдалығымыз да бар еді. Туысқандығымыздан гөрі, рухани байланысымыз жақсы болды. Ол мені «Би-аға» деп сыйлап өтті.Ақтөбеге жиі келіп тұрды. Ертерек айрылып қаламыз деп ойладық па?! Тірі кезінде лайықты құрмет көрсете алмадық. Менің ол туралы «Таланттарды бағалайық» деген өлеңім бар. Кейін оған композитор Қадырғали Көбентай ән жазды. Кейде ойлаймын, Табыл мұрасын насихаттау парызым шығар деп. Өзім де руханиятқа жақын болғасын, мұндай істерге шын ниетпен ден қоямын, – дейді өзі де ақын азамат. Тағы да сол Б.Қалмағанбетовтың демеушілігімен жуырда Атырауға Астана қаласынан арнайы түсірілім тобы келіп кетті. «Хабар» агенттігі «Білім және мәдениет» телеарнасының «Өмір жолы» циклы бойынша түсірілетін «Алаштың ұлы, Аяштың ұлы Табылды» атты деректі фильмде ақынның қаламдас достары Ш.Әбдікәкімов, С.Нұржан, Е.Әбдіхалықова, А.Сқабылұлы, Ж.Құлиев, Сенат депутаты С.Еңсегенов, қор құрылтайшысы Б.Қалмағанбетов, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалының директоры Қ.Жылқышиевтер ақтарыла сыр айтпақ. Тұңғыш бардтың туған жері Индерде жұмысын жалғастырған түсірілім тобы қыр баласының асау жүрегіне от құйған ата қоныс – Дендердің табиғаты, бала күнінің куәсі – дөң белесі, ару өзені, аруана төбелерін тамашалап, ақынның бала күнгі достары, отбасы, жерлестерін әңгімеге шақырды. Табылдының мәңгілік мекеніне дұға жасады. Фильмнің режиссері Н.Соңғыбайұлы Табыл туралы фильм түсірудегі басты мақсаты махаббат пен тазалықтың мәңгілік жыршысының өмірі, өскен ортасымен оқырманды қауыштыру және рухани құндылықтардың маңызы өзгерген сәттерде шындықты жалау еткен шайырдың шығармалары арқылы ұрпақ тәрбиесіне сәуле түсіру екенін айтты. – Осы деректі фильмді қолға алған сәтте идеямызға басшылық жасап, үлкен демеушілік көрсетіп, жол бастап алып жүрген Т.Досымов атындағы қордың құрылтайшысы ақын Б.Қалмағанбетовке, туған жерінде күтіп алған Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне алғысымызды жеткіземін. Ақын рухы атамекенін қолдасын, – деді Н.Соңғыбайұлы. Жоқ деңдер мені, Тума құм жақтан шашасын қандап шыңғырып жетсе кербестім, Дұшпаныма енді намысымды мен де бермеспін. Өйткені, марқұм Махамбеттермен жерлеспін Ер Шабайменен елдеспін. Талай дүріңнің арынын басқан Нарын құм деген жерде өстім. Еркекпін деген, тентекпін деген талайларыңмен белдестім. Алаштан асқан алпауыт біреу болмаса, Жолымды менің кеспеуі керек енді ешкім! Мен кеттім! – деп нарындық Аманғалидың аузына салған сөздері Табылдың өзіне арналғандай көрінеді де тұрады. Расымен, оның мәңгілік ғұмыры басталды. Р.S. Фильм 13 шілде күні «Білім және мәдениет» телеарнасынан Астана уақытымен 20.30-да көрсетіледі.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз