БАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ

 «Бүгінгі күні қаламыз күн санап өркендеп, көркеюде. Өнімдері талай жылдан бері халық сұранысына ие болып жүрген «Інжу-маржан» ЖШС-де қаламыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосуда» деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтпаев аталған серіктестіктің балық өнімдері дүкенінің ашылу салтанатында.

Айта кету керек, алғашқы қадамын осыдан он үш жыл бұрын балық аулау, кептіру, сату жұмыстарымен бастаған «Інжу-Маржан» кәсіпорны бүгінгі күні Қазақстанның басқа аймақтарына, сондай-ақ, Әзірбайжан, Ресей, Грузия және Украинаға балық жеткізіп келеді. Тұтынуға дайын өнімді шығаруға мүмкіндік беретін өндірістік цех та жұмыс жасайды. Енді балық өнімдері қала орталығындағы Байтұрсынов 127 мекен-жайынан ашылған дүкенде сатылғалы отыр.
«Адам денсаулығына қажетті дәруменге толы балық өнімдерін жоғары сапада ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта дүкенді одан әрі үлкейтіп, халықтың сұранысын өтеуге әзірміз», – дейді серіктестік басшысы Гүлфара Ысмағұлова.
Дүкен сөрелерінен он жеті түрлі балықтың түрінен дайындалған отызға тарта тағам түрлерін табуға болады. Мысалы, кептірілген табан келісі – 350, жеңіл тұздалған форель – 2600, салқын, ысталған ақмарқа – 800, қара балықтың тұздатылған турамасы – 400, қуырылған балықтар – 300 теңгеден бастап сатылуда.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз