Жарнама
Экономика

Ескі үйлер сүріліп, жаңа кезең басталды

Атырау қаласында ескірген және апатты деп танылған тұрғын үйлерді сүру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бастама тек қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге емес, сонымен қатар өңірлік экономиканы дамытуға бағытталған кешенді жұмыс.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаевтың айтуынша, арнайы комиссияның қорытындысымен адамдар тұруға жарамсыз деп танылған екі қабатты сегіз үйді сүру жұмыстары басталған. Қазір бұл бағытта Қожақаев көшесі – 1, Бейбітшілік – 64 және 66, Достық – 8 және 12, Оңдасынов – 9, Стаханов 3 және 4 мекенжайларында жұмыс қызу жүріп жатыр.

Жобаны жүзеге асыруға ондаған жұмысшы мен бірнеше арнайы техника жұмылдырылып, барлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда. Жұмыстарды “AG Disinfecting” ЖШС атқаруда, ал қайта құру мен монтаждау шаралары жаздың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

“Сүру жұмыстары тұрғындар үшін қауіп төндірмей, арнайы бекітілген кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Бұл — қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңғыруына жасалған нақты қадам”, — дейді Эльдар Қариполлаев.

Апатты үйлерді сүру — тек әлеуметтік сипаттағы шара емес, қала экономикасын жандандырудың бір құралы. Қазір құрылыс саласы елдегі негізгі ішкі өнім үлесінің елеулі бөлігін құрап отыр. Осы орайда, ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй кешендерін салу арқылы жергілікті құрылыс компанияларына жаңа тапсырыстар түседі,, құрылыс материалдарын шығаратын өндірістерде сұраныс артады, жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімі көбейеді.

Бұл тізбек аймақтық экономиканың мультипликативтік әсерін көрсетеді. Яғни, бір ғана сүру жұмысы құрылыс, тасымал, логистика, сауда, қызмет көрсету сияқты бірнеше салаға оң ықпал етеді.

Сонымен қатар, “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Атырауда тағы 117 көпқабатты үйді бұзу жоспарланған. Бұл өз кезегінде қаланың экологиялық, архитектуралық және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.

Бүгінде апатты үйлерден көшірілген тұрғындар жаңа, заманауи әрі қауіпсіз үйлерге орналастырылуда. Бұл — әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың нақты көрінісі. Жаңа баспанамен қамтамасыз етілген азаматтар тұрмыстық қажеттіліктерін өтей отырып, тұтынушылық сұранысты арттыруда, бұл өз кезегінде ішкі нарықты жандандырып, шағын және орта бизнесті қолдауға әсер етеді.

Қорытындылай келе, Атырауда жүргізіліп жатқан апатты үйлерді сүру жұмыстары — тек ескі нысандарды бұзу емес, бұл қаланың жаңа экономикалық даму кезеңіне қадам басуы.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button