ДОЛЛАР ОЙЫНЫ

теңгенің  болашағына қалай  әсер  етеді? 

Күні кеше АҚШ-тың Иранға қарсы салынған санкциялары арада он бір жыл өткенде алынып тасталды. Мұнай қоры бойынша әлемдік алпауыт саналатын Иранда жылымық орнағанымен, теңге, оған қоса рубль тіптен құлдырап кетті.

Теңгенің күн санап антирекорд жаңартуы, американдық валютаның қайғысыз «қара суға семіріп» отыруының себебін сан-саққа жүгіртушілер жетіп артылады. Біреулер «экономикалық тұрақсыздықты мұнай державалары Ресей экономикасын «нардан құлатып» тыну үшін істеп отыр» деп, себеп ретінде Ресейдің Сирия, Украина елдерінің ішкі жағдайларына байланысты ұстанған позициясын келтіреді. Енді біреулер «Сауд Арабиясы өндірілетін мұнай көлемін қасақана арттырып жіберді» деп те сөгеді. Қалыптасқан ахуалға орай, «мұнай дәуірі аяқталып келеді» дейтіндер де бар. Сонымен, әлемдік экономикада не болып жатыр? 

 

АҚШ  экономикасы қаржыланып  жатыр

Белгілі саясаттанушы, сарапшы Әзімбай Ғали американдық валютаның күн санап күшеюін «АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің саясаты» деп түсіндірді. «Бұл құрылымның алдында қазір доллар бағамын қымбаттату міндеті тұр. «Американдық» қымбаттай түскен сайын, Қытай сияқты державалар АҚШ-тың акцияларын сатып ала бастайды. Ол акциялардың құны уақыт өткен сайын көтеріле береді. «Доллар ойынының» нәтижесінде әлемнің көптеген елдері қаласын, қаламасын мейлі, АҚШ экономикасын инвестициялайды. Сол цикл аяқталғаннан кейін, доллар қайта арзандай бастайды. Өйткені, «доллар ойыны» кезінде АҚШ экономикасының барлық секторы қаржыланып алады. Сондықтан, алпауыт елдің алдында «өнімді сату» деген міндет тұрады. Әрине, өзі сапалы, өзі арзан өнімді сатудың әлдеқайда оңай тиері анық. Бір ғана мысал келтірейік, Қытайдың компьютерлері негізінен АҚШ технологиясы бойынша жасалған. Біз айтып отырған «ойыннан» кейін болашақта банктік қызмет, технология, тауар біткен арзансиды да, АҚШ ұсынатын кез-келген өнім, сервис түріне сұраныс та күшейеді. Бұл процесстен кейін  де  сөзсіз  мүлде жаңа цикл басталады» дейді сарапшы.

 

Мұнай  дәуірі аяқталып  келе  ме?

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев«бұл – сұраныс пен ұсыныстың, яғни, нарықтың заңы» деген пікірде.

«Экономиканың циклдық жолмен дамитынын ескерсек, бұл жағдайға дабыл қағарлықтай қорқынышпен қараудан бұрын, бұдан шығудың жолын іздеу тиімдірек. Себебі, кез-келген дағдарыстың шегі міндетті түрде болады. Дегенмен, ұлттық валютаның рекордтық деңгейде құнсыздануы – биылғы жылдың ел үшін оңай болмайтынын көрсетіп отыр. Енді бізге ішкі ресурстарды тиімді пайдаланып, агроөнеркәсіп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде үлкен жұмыстар жасауға тура келеді» дейді ғалым.

Қалай десек те, қалыптасқан ахуал – шикізат күйіндегі мұнайға тікелей тәуелді елдердің болашағы күрделі сұрақ болып қалатындығын көрсетіп отыр. Осы жерде «мұнай дәуірі аяқталып келеді» деген пікірдің де жаны бардай көрінеді. Бір кездері көмірдің үлкен сұранысқа ие болып, Қарағанды шахталарының дәуірлеп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сөйтті де, экономикаға мұнай атты жаңа қуат келіп, көмір біртіндеп ығысып, «жаңа бауырына» орын бере де бастады. Осылайша мұнай   санаулы жылдар ішінде ғаламдық экономиканың негізгі драйверіне айналып шыға келді. Ал, мұнай бағамының бүгінгідей құлдырауы – әлемдік экономиканың жаңа ізденістерге мұқтаж екенін көрсететіндей. Оның үстіне, ірілі-ұсақты мұнай компанияларының жаппай қысқарту кезеңін бастан өткеріп отырғандығын, алпауыт кәсіпорындардың  да ішкі менеджментті майшаммен қарап жатқанын ескермеуге тағы болмайды.

Рас, әлем бүгін-ертең мұнайдан бас тарта қоймас. Бірақ, экономикаға жаңалықтар енген сайын, келешектегі сұраныс шикізат күйіндегі «қара алтынға» емес, кең спектрде пайдаланылатын мұнай өнімдеріне күшеюі мүмкін.

 

«Жасыл  экономикаға» көшу  тиімді

«Әлем мұнайдан дәл бүгін бас тарта алмайды. Десек те, мұнайдың құнсыздануы – балама қуат көздеріне көшетін кездің келгенін көрсетіп отыр. Бір жылдан соң Астанада халықаралық ЕХРО-2017 көрмесі өтеді. Қазақстан сол көрмеге әкелінетін «жасыл экономикаға» бастайтын жаңалықтардан айрылып қалмауы керек. Сол жаңа технологияларды тиімді пайдаланбайынша, біз мұнайға деген тәуелділіктен толық кете алмаймыз» дейді  сарапшы-ғалым Бақтыбек Таубаев.  Расымен де, болашақта сұраныс жаңа дүниеге ауып, біз мұнайға байланып отыра беретін болсақ, ел экономикасының сыртқы факторлардың билеуінде кетері анық.

Сол себепті де ғалым дәл қазіргі жағдайда Қазақстан үшін бес реформаны сәтті жүзеге асырудың, қажетсіз шығындарды қысқартып, бюджетті үнемдеу шараларын тиімді жүргізудің шешуші фактор бола алатынын айтты:  «Ғылымды пайдаланып, инновациялық өнімдерді шығару арқылы, жалпы ішкі өнімнің өсімін көбейтуге жұмыстану да керек. Өркениетті елдер жалпы ішкі өнім өсімінің өзінен жылына үш триллион (!) доллар көлемінде пайда түсіріп отырады екен. Оның құпиясы – жаңа технология мен заманауи құрал-саймандарда»  дейді  ғалым.

 

P.S. Қалай десек те, кез-келген дағдарыстың дамуға жаңа мүмкіндік ашатынын ұмытпауға тиіспіз. «Доллар ойынының» әлем елдерін қыспаққа салып қоюы да, әсіресе, дамушы елдер экономикасына жаңа технологиялардың, жаңа өнімдердің, инновациялық жаңалықтардың керек екендігін көрсетіп отыр. Және елімізге Президент тапсырған экономиканы долларсыздандыру саясатын неғұрлым тезірек жүзеге асыруға тура келеді. Теңге тұрақтайды, тіпті күшейеді, егер еліміз әлемдік экономикаға өнім беруші мемлекет ретінде баратын болса ғана!..

Баян ЖАНҰЗАҚОВА. 

 

Тақырыпқа  орай

 

Бақытжан  САҒЫНТАЕВ, Премьер-министрдің  бірінші орынбасары:

Бюджет  қатаң  ықшамдалады

Бюджетке байланысты қатаң шешімдер шығарылуы мүмкін. Шығындар, қаржыландыру бағыттарының тиімді-тиімсіздігі қатаң тексеріледі. Бірақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру және әлеуметтік бағыт бойынша шығындар азайтылмайды.

 

Жұмаділда  БАЯХМЕТОВ, экономист-ғалым:

Доллардан  арылу  керек

– Жалпы, теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал, біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды.

 

 

Қазақстанның дағдарысқа  қарсы шаралары:

* Бес институттық реформадан тұратын «Ұлт жоспары» стратегиясы;

* Мұнай бағамы 20 долларға дейін, тіпті одан төмендеген жағдайда іске қосылатын антидағдарыстық Үкімет бағдарламасы;

* Бюджетті қатаң үнемдеу;

* Шағын және орта бизнесті дамыту, халықты өзін-өзі қамтамасыз етуге бағыттау;

* Экономиканы долларсыздандыру.

 

Әлеуметтік желілер не дейді?

Материал  дайындау  барысында  бірқатар  кейбір әлеуметтік  желілер  пайдаланушыларына

сауал  тастаған  болатынбыз:

Мағрупа  Қазихан,

20 қаңтар, 9:01

– Бәріміздің көкейімізде тек қана бір сауал тұр. Бұл тығырықтан шығатын күн бар ма екен?..

 

Гулек  Гулек,

17 қаңтар, 16:02

– Менің долларым жоқ. Теңгем күнделікті өміріме жетіп артылса, сол жарайды.

 

Нострадамус,

16 қаңтар, 23:02

– Экономикалық «монстр» саналатын Қытайыңның өзі қиналып жатыр ғой. Қазақстанға оңай болмайын деп тұр.

 

Айнұр  қыз,

10 қаңтар, 00:02

– Сендер долларды айтасыңдар, тамақ болса қымбаттап барады. Супермаркеттер күн санап бағаны қосып жатыр…

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз