ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН ДЕ БИІК

Бұл мәселе бұған дейін де халық қалаулысы ретінде мені біраздан толғандырып жүрген. Көршілес Ресей секілді біздің ел де өз валютасын кезінде еркін айналымға жіберуі тиіс-ті.

 

Әрине, кәсіпкерлер үшін теңгенің долларға шаққандағы ерікті бағамы онша тиімді болмауы да ықтимал. Алайда, республикамыздың әр азаматы ел мүддесін бәрінен де биік қоя білуі керек деп ойлаймын.

Мемлекетіміз шама жеткенше бір жыл бойына «валюталық дәлізді» уысында ұстап тұрды. Сөйтіп, бағамның негізсіз ауытқуына жол берілмеді. Бірақ, мұның бәрі уақыттың еншісіндегі мәселе еді.

«Бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру арқылы біз 1 миллион адам қамтылған кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтап отыра аламыз. Кәсіпорындардағы жағдайды жақсарту нәтижесінде ондағы жұмыскерлердің еңбекақыларының деңгейіне ықпалын тигізуі тиіс. Қазірдің өзінде біздің кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуін көріп отырмыз. Жұмысқа орналастыру, жалақыны төлеу мәселесінде жағдай нашарлауда, бюджетке қаражат толықтай түспеуде», – деді кеңесте өз сөзінде Мемлекет басшысы. Бүгінгі таңда белгіленіп отырған теңгенің долларға шаққандағы бағамы айтарлықтай жоғары деп есептемеймін. Теңгенің ендігі бағамы қалыпқа келуі үшін біз, ең алдымен, ішкі нарықтың сұранысын өтеп алуымыз керек. Мысалы, мен басшылық жасайтын кәсіпорын өнімін ешкім тұтынбайтын болса, қызметкерлердің жалақысын қалай төлемекпін? Мұндайда жұмыс күші қысқартылып, жалақы да шегеріледі. Бұл – нарықтың талабы.

Өркениетке талпынған бірде-бір мемлекет әлемдегі жағдайдан тыс өмір сүре алмайды. Сондықтан, бағаны да нарықтың өзі реттейтінін ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі нарықтағы ахуал сонау тоқсаныншы жылдардағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Аз-кем қиындыққа төзімділікпен қарап, жақсылыққа үміт артуымыз керек. Ең бастысы, ел мүддесін жоғары қоюымыз қажет. Қандай қиын кезең болса да, біз Елбасына үміт артып, оның іскер саясатын қолдаймыз. Бұл ретте облыстық атқарушы биліктің бастамаларын жүзеге асыруға күш саламыз Бәріміз бір адамдай жұмылып еңбек етейік дегім келеді.

Әділ ЖҰБАНОВ, «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз