Депутат кәсіпорындармен танысты

img 20220825 wa0051 Экономика

Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысына жұмыс сапары кезінде жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Алдымен Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовпен кездескен Сенат депутаты зауыттың бірінші жартыжылдықта атқарылған міндеттері мен екінші жартыжылдыққа арналған жоспарлары туралы мәселелерін тыңдады. 

Одан соң Сенат депутаты ашылғанына 7 жылдан асқан «Inteх Steel» ЖШС-де болды. Бұл компания өнімділігі жоғары металл құрылымдарын дайындайды. Компания басшысы Нугзар Хасановтың айтуынша, компания қосымша жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша қызмет көрсетеді.

– Бүгінде біздің компания аймақтағы құрылыс материалдарының кең ассортиментін өндірумен айналысады. Зауыттың өндірістік қызметі үй, жол құрылыстары мен аумақты абаттандыруда сапалы құрылыс материалдарын пайдаланатын құрылыс ұйымдарына бағытталған. Компанияның барлық өнімі жоғары беріктікке ие және экологиялық таза өнім, – деді Нугзар Исрапилұлы.

Компаниядағы металл конструкция өнімінің қуаты жылына 18 мың тонна. Жұмысшылар саны 60 адам. Зауыттағы жабдықтардың басым бөлігі шетелден әкелінген.

Бұдан соң, Ғұмар Исламұлы блок-контейнерлер мен модульдік ғимараттар, ангарлар мен металл құрылымдар өндіретін «Best Module» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Компанияның бас директоры Арман Нұркеновтың сөзінше, дайын өнімді өткізуде кедергілер барын айтады.

Сенат депутаты жергілікті компанияларды қолдау қажеттігін айтып, өңірдегі шешімін күткен өзге де мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз