Экономика

Бірдей мүмкіндік жасалады

«Біз де адамбыз» қоғамдық қоры Атырауда мүгедектігі бар жандар үшін алғаш рет қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге және өзекті мамандықтарды игеруге бағытталған қысқа мерзімді яғни үш күндік семинар-трениг өткізді. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын «Тиімді оңалту» жобасы аясында ұйымдастырылған оқу «Мен дайынмын» деп аталады. Мұнда 15-тен астам қатысушы үш түрлі бағыт бойынша білім алды. Атап айтсақ, компьютерлік сауаттылық, интернет мамандықтары және бизнес саласы бойынша оқыды.

– Біздің қамтыған мамандықтарымыздың бәрі де қазіргі таңдағы заманауи әрі сұранысқа сай оқулар. Әрекетке берекет деп ынта-жігері күшті адамдарды оқытатын боламыз. Олардың бәрі қоғаммен біте қайнасып, жаңа білім алып, екінші дем ашылады деп сенемін. Тек біз қолдап, әрі осындай мүмкіндіктер арқылы бағыт-бағдар береміз. Қордың шаралары аясында біз мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қауіпсіздігі мәселесіне назар аударуға тырысамыз. Біз барлығына бірдей тең мүмкіндіктер жасауға және мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табуға көмектесуге жұмыстанамыз, — дейді «Біз де адамбыз» қоғамдық қор жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева.
Оқу барысында оң өзгерістерді байқаған қатысушы Данабек Нұржігітовтың сөзінше мұндай курстар үйде отырып та жұмыс істеп, ақша таба алатынына мүмкіндік барын көрсеткен. «Бұл мен үшін өте қолайлы. Алған білімім мен теорияны тәжірибеде қолданып, өзімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сенемін. Осы бағытта жұмыс таба аламын деп үміттенемін. Бұл маған да, менің отбасыма да үлкен көмек болар еді», — дейді ол.

«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полс жоба арқасында курс қатысушылары өз әлеуетіне сеніп, жаңа білім алып, сүйікті ісімен айналыса алады деп үміттенетінін жеткізіп, аталмыш компанияның қорды қолдауы – бұл барлығы үшін тең мүмкіндік сыйлайтын болашаққа саналы үлес қосу екен екенін тілге тиек етті.

Ұйымдастырушылар бұл жоба өңір бойынша мүгедектігі бар жандардың кәсіби дамуы үшін тұрақты платформа құрудың алғашқы қадамы болады деп сенеді. Курс аяқталғаннан соң барлық қатысушылар сертификат алады.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button