АВТОНЕСИЕ: арман ақиқатқа айнала ма?

izobrazhenie 2022 05 18 201801795 Экономика

ЕЛІМІЗДЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕ БЕРУ БАСТАЛДЫ. ЖАҢА КӨЛІК МІНІП, ЖАРҚЫРАП ЖҮРУ АРМАНЫ АҚИҚАТҚА АЙНАЛАР КҮН ТУДЫ. ӘРИНЕ, БАРЛЫҚ ТАЛАПТАН ӨТІП, НЕСИЕ ТӨЛЕУ ҚАБІЛЕТІ РАСТАЛСА…

Байқасақ, бұл бағдарламадан дәмелілердің қарасы көп. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жобасына қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерден 15 мыңнан астам өтінім түскен. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Ғалымжан Әдидің айтуынша, жеңілдетілген автонесиені бір адам бірнеше рет ала алады. Бағдарламаның ерекшелігі де осында. Бұл автонесие алушылардың қатарын көбейтеді. Бағдарлама аясында несиеге алынатын отандық көліктің бағасына шектеу жоқ.

«Бірақ, несие көлік құнының 15 миллион теңгесіне ғана рәсімделеді. Қалғанын сатып алушы өзі төлейді. Бірінші кезекте автосалонда бар көлік бойынша өтінім берген адамдар пайыздық автонесие рәсімдей алады. Яғни, бірінші кезекте деп басымдық берілетін белгілі бір санат болмайды» дейді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров.

Бәрі кезек негізінде реттеледі екен. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, автокөлікті несиелендіруде сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыз. Несие сомасы 15 000 000 теңгеден аспауы керек, қаржыландыру мерзімі 7 жыл болса, бастапқы жарна көзделмеген. Несие тек отандық, яғни елде құрастырылған көліктерге ғана берілетінін ұмытпаған жөн. Несие беруді екінші деңгейдегі банктер жүзеге асыратын болады. Қазір осы бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар – «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және Еуразиялық банк». Өтінімдерді бірінші болып «Центр Кредит» банкі қабылдай бастады. Екінші деңгейдегі банктер өкілдері бағдарлама басталды деп банк бөлімшелеріне жүгірудің қажеті жоғын айтады. Өтінімді автосалондардағы банк қызметкерлері қабылдайды. Сондай-ақ, ел арасында автосалондарда көлік жоқтығы туралы жел сөз желіп жүр. «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі Анар Мақашева қазіргі кезеңде елдегі бүкіл автосалондарда 7 мың көлік барын және жыл аяғына дейін тағы да отандық көліктермен толықтырылатынын айтты. Оған елдегі өндірушілердің қабілеті жетеді.

«Автосалондарда көліктер бар. Былтыр біздің Hyundai Trans Kazakhstan және «СарыарқаАвтоПром» дейтін екі өндірушіміз жалпы көлемде 90 мыңдай көлік өндірген болатын. Биыл өндіріс көлемі 20 пайыз өседі деген болжам бар. Сонда жыл аяғына дейін Қазақстан қалаларындағы автосалондардың бәрінде көлік болады деп топшылап отырмыз. Қазір әрбір автоөндіруші өздері электронды кезек түзіп жатыр. 4 пайыздық несие алушы Қазақстан аумағындағы автосалондарға келіп, таңдай алады. Яғни, адам өзі сатып алғысы келетін көлікті таңдайды. Содан кейін таңдалған көлік қашан дайын болатынын айтады. Ай сайын өндірістен автосалондарға келіп түсетін көліктер сол тұтынушылардың VIN-код көрсетілген есептесу парағы бойынша үлестіріледі. Бұл ереже бүкіл автосалондарға ортақ» деді ол.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз