Бақытын тапқан кәсіптен…
Атырау өңірі – өндірісті аймақ болғанымен, мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Әлемге «қара алтынымен» танылған мұнайлы өлке өңдеу саласына ден қойып, отандық өнім шығаруды басым бағытқа айналдырды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың иігілігін көріп, кәсібін өркендеткен бизнес иелері көбейіп келетіндігі қуантады. Біз жақында өз ісін дөңгелентіп отырған жергілікті бизнес өкілдерімен тілдескен болатынбыз.
Талпыныс төрге жеткізер
Балғын балалық шақтағы арманын ақиқатқа айналдыру жолында ерінбей еңбектенген ғана мақсат-мұратына қол жеткізеді. Жастықтың жалынды жігерімен жұмысты жатсынбай, аз-мұз қаражатын кәдеге жаратқан кейіпкеріміз алғашқы жемісін көріп те үлгерді. Алып-сатумен ғана емес, бүгінгі заман талабына сай ІТ-технологияның құлағында ойнаған атыраулық жеке кәсіпкер Асланбек Мәжитов қоғамымызға әбден сіңісіп кеткен компьютерді сан бөлшекке бөліп, кері жинаудан алдына жан салмайды. Қазірде бизнесмен кәсібін кеңейтіп, қанатын кеңге жаю үшін жалықпай, қызметін жандандырып жатқан жайы бар.
Бәрі қалай басталды?
Облыс орталығындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектептің табалдырығын тарыдай болып аттаған Асланбек балаң кезден-ақ болашақта бірнеше фирмасы бар бизнесмен болуы армандайды. Қарапайым отбасының тұла бойы тұңғышы өзіне артылған жауапкершілікті ерте сезініп, Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінде мұнайшы мамандығы бойынша білім алады.
Қазір оқудың көбі коммерциялық негізде болғандықтан, ата-анасына сабағының ақысын төлеуге көмектескісі келген жас жігіт тәжірибе кезінде «Гранд компьютерс» фирмасына қойма менеджері болып қызметке орналасады. Асланбек осында жүріп техниканың тілін түсініп, электронды есептегіш машинаны жөндеуді үйренеді. Бұрын екінің бірінің үйінен табыла бермейтін компьютерді қолмен ұстап, көзбен көріп, жұмыс істеудің өзі оны жаңа әлемге енгізгендей еді. Осылайша, кепіл мерзімі өтіп кеткен жарамсыздарын бұзып, кері сол қалпына жеткізеді. Қоймадағы сан түрлі техниканың ортасынан табылатын кейіпкеріміз шынымен жанына жақын істі табады. Бастығынан сұранып тапсырыс алушылармен бірге компьютер жөндеуге де барады.
Осылайша, ІТ-технология саласына қызығушылығы артып, жұртшылық арасында «ІТ-маманы» деп аталып кеткен мамандықтың хас шебері болып шыға келеді. Аз болсын, көп болсын, тапқан табысын үнемді жұмсап, айлығының бөлігін депозитке жинақтаған ол осыдан бірнеше жыл бұрын 1000 доллар қаражатымен жеке кәсіпкер ретінде ісін бастап кетеді.
Бастапқыда ағасының кеңсесін жалға алған ол қолындағы қаржысымен қажетті құрал-жабдықтарын түгендейді. Бірте-бірте келген клиенттерінің тапсырысын алып, компьютер жөндеуге кіріседі. Атам қазақ «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деп текке айтпаған ғой. Көзге көрінер, көрінбес инедей сымдарды жалғап, ақаулығын анықтау оңай ма? Бір-екі айдан кейін қасына көмекші алып, принтердің бояуын құятын қызмет түрімен айналысады.
– Әрине, қиындықсыз ештеңе келмейді ғой. Ісімді жаңа бастаған кездері көлік жағы біраз қинады. Алған тапсырыстарымды жаяу немесе қоғамдық көлікпен таситынмын. Сонда қолымдағы көп техникамен маршрутта отыруға ұялатынмын. Кейін көлікке қол жеткізгеннен соң кәдімгідей көзім ашылды ғой,-дейді Асланбек.
Жарнаманың «жетістігі»
Арманын жүзеге асырған кәсіпкер енді клиентті көбірек тартуды ойлайды. Тұтынушы мейлінше көп болған сайын табыстың да артатыны нарықтың басты талабы ғой. Бұл қағиданы жадынан шығармаған жігіт өнімін жарнамалайды. Газет, журнал беттеріндегі жарнамадан жиі көрінетін «Мәжитов» жеке кәсіпкерлігіне келушілер аз болмайды. Осындай қарқынмен қызметін жалғастырып жатқан Асланбекке әкімдіктен телефон шалады. Олар сол кездегі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан ісін кеңейтуге көрсетілетін көмек туралы айтып, «Топ менеджмент» бағытымен оқуға шақырады.
Жас буын қашан да жаңашылдыққа жақын емес пе? Кәсіпкерлік, ІТ-технология төңірегінде тереңірек біле түсуді мақсат тұтқан ол құжаттарын қолтығына қысып алып әкімдікке, «Даму» қорына барады. Біраз сынақтан өткеннен кейін 2011 жылдың ақпан айында Астанаға жол тартады. Екі аптаға созылған оқуда жас кәсіпкер бизнес-жобаларды дайындау мақсатында түрлі кеңестер алып, үйренеді. Жан-жақтан жиналған өзі секілді бизнесмендермен танысады, тәжірибе алмасады. ІТ технология туралы білім көкжиегі кеңейеді. Қалаға орала салысымен меңгергені бойынша тест тапсырады. Содан кейін оған мемлекеттік бағдарламаның «Іскерлік байланыс» бағытымен шетелге оқуға ұсынылады. Америкадан келген өкілдер жеке әңгімелесу ұйымдастырып, түрлі сауалын қояды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Асланбек сұрақтарға мазмұнды жауап береді. Бұл әзірлік сынынан сүрінбей өткен қазақстандық 10 кәсіпкер былтырғы ақпан айында тағы да тест тапсырады.
Сен істі сүйсең…
Араға 5-6 ай салып Америкаға ұшады. Алдымен Вашингтонға ат басын тіреген ол әйгілі «DELL» компаниясында еңбек еткен маманмен бизнесті көтеру жолдары турасында пікір алмасады.
– Онда да кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Даму» секілді ұйым бар екен. Сол арқылы көмек алып, кәсібін дөңгеленткен кәсіпкерлермен кездестік. Ал, сервер сататын «СISCO» компаниясынан біраз нәрсені көңілге түйіп қайттық, — деген Асланбек одан соң Бостонда атақты Гарвард университетінде болғанын айтты. Сондай-ақ күллі әлемге таралған «Microsoft» кеңсесінде, «GFI» компаниясынан құнды мәліметтер алады. Хьюстон қаласындағы жеке авиакомпания қызметімен танысқан соң инновациялық-ақпараттық орталықтарға, тіпті тапсырыспен бағдарлама жасайтын орындарда болады. Мұндағы қаланы түгелдей интернетпен, ID TV-мен қамтып отырған «FOX» компаниясынан бизнесті кеңейту әдісін үйренеді. Бір қызығы, барлық ақпараттық мәлімет сақтап отырған мекемеде тек 2300-дей ІТ-технолог қызмет ететін көрінеді.
Лас-Вегастағы көрмеде Американың түкпір-түкпірінен келген бизнесмендер өзінің бағдарламаларын таныстырған. Бұдан да ісіне сабақ алған жеке кәсіпкер көпке ой тастайтын мынадай пікірімен бөлісті:
Жасыратыны жоқ, бізде талапкер болашақ мамандығын жоғары оқу орнына түсерде ғана таңдайды. Онда да ата-анасының қалауымен. Сосын мүлде қызықтырмайтын мамандық бойынша оқиды да, кейін жұмыс таба алмай қиналады. Сөйтіп жұмыссыздар көбейеді. Саны көп, сапасы көңіл көншітпейтін оқу орындарынан әйтеуір «диплом» үшін оқып шығатын жастың келешегінен не күтуге болады? Мәселен, АҚШ-та әрбір компания өзіне қажетті маманды мектеп жасынан-ақ баулиды екен. Таңдалған оқушылар сабақтан бос кезінде әлгі мекемеге барып, тәжірибе түріндегі жұмысты істеп көреді. Оқуының шығынын компания көтеріп алады. Осылай дайын маман әзірлеп шығарған мекемеде келісім-шарт бойынша қызметкер 3 жыл қызмет етеді. Меніңше, бұл бізге үлгі болардай тәжірибе сияқты, — дей келе Асланбек бизнесте серіктес немесе клиент табудың қыр-сырын айтты.
– Шетелдік әріптестерімнен бір үйренгенім, олар тұтынушы тауып, тапсырыс алғанда ауызша келісім-шарт жасақтамайды. Кәсіпкер мен клиент бір-бірін ұмытпай, алдағы уақытта байланысып тұруы үшін электронды пошта арқылы хат алмасып тұрады. Сонымен қатар, компанияның қаражаты аз, кірісі төмен болса да фирмасына білгір әрі білікті кадрды таңдағаны жөн.
Бұл қағиданы ұстанған әңгімелесушіміз маманның біліктілігіне қарай жалақы төлейді екен. Мысалы, оқуын аяқтамаған, тәжірибесі аз студенттерге 50 мың теңге көлемінде айлық төлесе, тіс қаққандарға бұдан бірнеше есе көбірек жалақы береді екен.
ТҮЙІН
Қазірде қарамағында бірнеше ІТ-маманы, бояу құюшы, есепші, сату жөніндегі менеджер қызмет ететін кəсіпкер енді бар қаражатын жаңадан ашқалы отырған орталықтарына жұмсауды жөн көреді. Ол үшін орын да таңдап қойыпты. Ал, өзі бизнесіне басшылық етіп, кеңейту жолында тер төгіп жүр. «Талпыныс, мақсат, арманы бар жандар міндетті түрде ойлағанына жетеді. Əрине, сонымен қатар білім мен қаражатты ойната ұстай білу керек» деп сөзін қорытындылаған Асланбектің əңгімесінен кейін «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген халық нақылы жадымызда жатталып қалыпты.
Айбөпе САБЫРОВА