Индер тұрғындарын не мазалайды?

79186937 Жаңалықтар

БҮГІНДЕ ИНДЕР АУДАНЫНДАҒЫ 315 ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ 270-І МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАДЫ. ҚАЛҒАНЫ ЕГІНШІЛІКТІ КӘСІП ЕТКЕН. СӘРСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЙРАТ НҰРЛЫБАЕВ ИНДЕР АУДАНЫНДА ІССАПАРМЕН БОЛЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ШАРУАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ. МҰНДАҒЫ МАҚСАТ – АГРОСЕКТОРДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАРДЫ НАҚТЫЛАУ ЕДІ.

Жиында ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялау, шалғайдағы шаруашылықтарға су жеткізу, аграрлық корпорациялар арқылы жеңілдетілген несие алуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы, оны ойдағыдай өткізу үшін мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шаралар да айтылды. Индер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңірлердің бірінен саналады. Сондықтан алғашқы сапарымызды осы ауданнан бастап отырмыз. Ауыл шаруашылығын, тұтастай агроөнеркәсіпті өркендетуде аймақ басшылығының қолдауымен ауқымды жұмыстар атқарылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде:

«Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, онда инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деген болатын.

Осының өзінен-ақ, ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық маңызының қаншалықты зор екенін айқын аңғарамыз. Бұл ретте, қазірдің өзінде облыста, жекелеген өңірлерде Ауыл шаруашылығы министрлігімен, өзге де салалық құрылымдармен бірлескен жұмыстардың, сонымен қатар шаруагерлерді толғандырып, оңтайлы шешімін таппай жүрген өзекті мәселелердің барын айтқан жөн. Біздің бүгінгі мақсатымыз – осы тұрғыда ашық әңгімелесіп, пікірлесу, қордаланған проблемаларды талқыға салып, шешу жолдарын өздеріңізбен бірлесіп ойласу, – деді Қайрат Есқабылұлы.

Алғашқылардың қатарында сөз алған шаруа қожалықтарының жетекшілері Мәулет Есетов пен Ақан Ерғалиев ең алдымен каналдарды жөнге келтіру мәселесін көтерді. Соған байланысты облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев «Қазсушар» РМК-на қарасты Атырау облысындағы 17 суару[1]суландыру жүйесінің төртеуі осы ауданға қарайтынын атап өтті. Бұдан бұрын «Алғабас – Жорық» каналы күрделі жөндеуден өткізілген болатын.

Ал, алдағы жылдары «Бағырлай» каналына да күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отырғандығы белгілі болды. Жиынға қатысқан шаруагерлер түрлі бағытта берілетін мемлекеттік субсидиялар мен егістікке қажетті тыңайтқыштар мен пестицидтер, басқа да препараттар бағасының күрт қымбаттағанына қынжылыстарын білдіріп, болашақта бұған жол берілмеуі керектігін алға тартты.

Мәселен, Өрлік ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Азамат Тілегенов бау-бақша дақылдарына берілетін тыңайтқыштың бағасы өткен жылы 82 мың теңге болса, биыл ол 200 мың теңгеден бір-ақ шыққанын тілге тиек етті. Аудандағы шаруагерлер Тілек Махуов пен Медет Әжіғұлов мемлекеттен берілетін субсидияның көлемі ұлғайтылса деген тілектерін жеткізді.

Ал, «Дәулет» шаруа қожалығының жетекшісі Пернебай Байсейітов «бау-бақша өнімдерін облыс орталығына тасымалдағанда базарлар мен сауда орындарындағы сарапшы-мамандардың тұқымның санитарлық-сараптамалық құжаттарын талап етуі қаншалықты дұрыс?» деп сұрақ қойды. Өзге әріптестері шаруашылықпен шұғылдануға қажетті жер алу мәселесінде кейбір қиындықтар туындап отырғанын жасырмады.

Сондай-ақ, жиында соңғы уақытта ел ішінде белең ала бастаған түрлі жұқпалы мал ауруларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, ветеринария мамандарының біліктілігін арттыру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар жолданды. «Алдағы уақытта айтылған ұсыныс-пікірлер міндетті түрде ескерілетін болады» деді облыс әкімінің орынбасары.

Дәулетқали АРУЕВ

Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз