Абердин мен Атырау: Сенімді серіктестік

rpar Экономика

Қазақстанда әуе тасымалының құны өзге елдермен салыстырғанда – қымбат. Бұл өз кезегінде туризм саласын дамытуға кедергі келтіруде. Атырауға іссапармен келген Абердин (Шотландия) қаласы әкімшілігінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Джон Рейнольдс осындай пікір білдірді.

рпар

Шетелдік делегацияны Абердин қаласы әкімшілігінің экономикалық даму департаментінің директоры Андрю Стивен және Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің хатшысы Әнуар Әділбеков бастап келді.

– Қос өңірдің әлеуетін саралай келе, ынтымақтастығымызды дамытудың екі жолын көріп тұрмын. Біріншісі – сауда. Үнемі бір жерде жұмыс істеп, тоқтап қалуға болмайды. Әлемдік нарыққа шығу керек. Біз ІТ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларына арналған технологияларды ұсына аламыз. Мен мұнда соңғы рет болған 2004 жылдан бері аймақ экономикасының өсіп-өркендегенін байқадым. Мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Тек бір ескеретін жағдай, әуе тасымалының тарифін төмендету қажет. Мәселен, Лондоннан Атырауға дейін ұшу – Еуропадан әлемнің кез келген нүктесіне дейін саяхаттауға жететін қаражатты құрайды, – дейді Джон Рейнольдс.
Шетелдік мейманның бұл ойымен кәсіпкерлер атынан сөз алған «Феникс ИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дүйсенбек Ысмағұлов та келісетінін жеткізді. «Елімізге қызығушылық танытқан шотландиялық әріптестер негізінен мұнай секторына көбірек назар аударады. Бұл экономикамызға оң әсер ететіні сөзсіз. Алайда, бірге жұмыс істеуге болатын басқа да салалар бар. Өңіріміздің дамуына венчурлық компанияларды тартуға мүдделіміз. Айталық, бүгінде қонақүй бизнесі мен құрылыс материалдарын өңдеу саласының әлеуеті зор» дейді ол.

Кедендік статистика мәліметтеріне сәйкес, облыстың Ұлыбританиямен сыртқы сауда айналымы биылдың бірінші тоқсанында 46 миллиард теңгені құрады. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 67 пайызға төмен. Айта кеткен жөн, қазір өңірде британиялық капиталмен 88 мекеме жұмыс істеуде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз