АЛҒАШҚЫ БАСШЫЛАРДЫҢ ЕСІМІ

мәңгілік есте сақталады

Атырау энергетиктері өздерінің құрылғанына 50 жыл толуына және төл мерекесіне орай ұлағатты іс тындырды. «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының әкімшілік ғимаратында өңір энергетикасының дамуына сүбелі үлес қосқан, осы сала құрылымының бастапқы басшылары болған Николай Неверов пен Нуруахит Бекмамбетовке арналған ескерткіш тақта ашылды.

Осы салтанатты шарада «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов атап айтқанындай, бүгінгі өңір экономикасын ілгері сүйреп отырған тұтас энергетикалық кешен – кешегі абзал азаматтардың ерен еңбегінің жемісі. Бүгінде облыстағы ірі электр подстансаларына, кешенді жылу бекеттеріне осы салада ерен еңбек еткен ардагер азаматтардың есімдері берілуде. Олардың бірқатары, өкінішке орай, өмірден озып та кетті. Алайда, осы шараларға солардың ұрпақтары қатысуы, әке соқпағын ұл-қыздарының жалғастыруы да – бір ғанибет.
Сонымен, есімдері ескеріліп, аттары аталып жатқан ардагерлер кімдер еді? Олардың Атырау энергетикасына қосқан үлесі қандай? Енді соны таратып көрелікші.
Николай Трофимович Неверов – облыста энергетикалық жүйенің іргетасын қалаушы. Ол 1905 жылы өмірге келіп, 1999 жылы қайтыс болған екен. Сонау 1927 жылы Доссор кәсіпшілігінде механиктің көмекшісі ретінде еңбек жолын бастап, «Гурьевэнерго» басқармасының бастығы дәрежесіне дейін өскен. Ұлы Отан соғысының жылдарында дәл осы азаматтың бастамасымен «Казэнергонефть» тресі құрылыпты. Осы құрылымның бастапқыда бас инженері, кейін басқарушысы болған ол өңірде энергетикалық қуаттардың қарышты дамуына сүбелі үлес қосқан.
Кәнігі маманның, әсіресе, бүгінгі Атырау жылу-электр орталығы үшін қажетті құралдарды кешегі кеңестік кезеңде талай зауыттың табалдырығын тоздырып, өзі іздеуі – маңызды жобаға жоғары мән беруінің көрінісі.
Осы Николай Неверов 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, өмірінің соңғы сәтіне дейін ұжым өмірімен қатынасын үзбеген. Кейінгі толқынға бағалы ұсыныстарын айтып, бай тәжірибесімен бөліскен.
Абзал азамат ел алдындағы ерен еңбегі үшін Ленин, «Октябрь революциясы», қос мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, ондаған медальдармен және республикалық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол егеменді еліміздің «Құрмет» орденін де өңіріне тағып үлгерген. «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі» атағын да алды.
Ал, Нуруахит Бекмамбетов «Гурьевэнерго» мекемесін 1972-1986 жылдары басқарыпты. О баста жылу энергетигі болып қызмет істеген ол кейінгі жылдары басшылық қызметке дейін көтерілген. Шын мәнінде, бүгінгі Атырау жылу-электр орталығының іргетасын өз қолымен қалаған азамат. Оның басшылығымен кезінде қиырдағы Қызылқоға ауданы электр энергиясымен қамтамасыз етілген-ді. Энергетиктер үшін тұрғын үйлер, мекеменің балабақшалар мен өзге де әлеуметтік нысандары тұрғызылды. Жайық жағасында сауықтыру орталығы да салынды. Абзал азаматтың ерен еңбегі кезінде «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен аталып өтті. Ол «КСРО құрметті энергетигі» атағына ие болды.
«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті Айбар Рахманов есімдері елге мәлім ардагерлер жөнінде ерекше толғанды. Басқосуға қатысқан Николай Неверов пен Нуруахит Бекмамбетовтің ұрпақтары Галина Мойсеева мен Рая Тарабрина ескерткіш тақтаның жабындысын ашқанда, оның ар жағынан қос азаматтың жарқын жүздері жарқ етті.
Сол сәтте естеліктер де ағытылды. Мәселен, Геннадий Поспешил Атырау энергия кешенінің тізгінін осы азаматтардан қабылдап алған екен. Өзі де өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан азамат бүгінде де мұнайлы мекеннің энергетиктерімен байланысын үзбеген.
Ал, Олег Мещеряков өңір энергетикасының тірі тарихы іспетті. Ол екі азаматпен де қызметтес болған. Алғашқы подстансалардың, жылу нүктелерінің қатарға қосылуының куәсі.
«Атырау-Жарық» акционердік қоғамы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсен Ержанов бастапқы еңбек жолын қарапайым электр монтері болып бастаған екен. Кейін қызмет сатыларымен өсіп, Теңіз электр жүйесінің бас инженері қызметін атқарыпты.
Бүгінде Атырау жылу-электр орталығына басшылық жасап отырған Мұхамбетқали Қалиев та аға ұрпақ ісін кейінгі толқын лайықты жалғастырып келе жатқандығын айтты.
…Қорыта айтқанда, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы өңірде энергетикалық кешеннің құрылғанына 50 жыл толуы және төл мерекелері қарсаңында ардақты азаматтардың аттарын ұлығылады. Бұл бүгінге – тағылым, ертеңге – ұлағат.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Амангелді МУТИГУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз