Жарнама
Экономика

Атыраулық кәсіпкерлер шағын бизнеске консультациялық қолдау қажеттігін сұрады

Атыраулық кәсіпкерлер Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған салық заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша семинар барысында осындай пікір білдірді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Іс-шараға Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түрлі бөлімдерінің өкілдері және 50-ге жуық кәсіпкер қатысты.

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрия Шавалиева 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты бизнес тарапынан алдағы тексерулер бойынша көптеген өтініштер келіп түсетінін атап өтті. Осыған байланысты өңірлік палата іс-шараны жауапты органдардың қатысуымен өткізуге бастамашылық жасап отыр.

Семинар барысында Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысушыларға қандай жағдайларда тексерулер тағайындалатыны, олар қалай өтетіні, заңнамада және бизнеске қойылатын талаптарда қандай өзгерістер болғандығы туралы айтып берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің жалпыға бірдей декларациялау, мобильді аударымдар, биылдан бастап бөлшек салық бойынша өзгерістер, міндетті зейнетақы жарналары, КТС 101.01 бойынша аванстық төлемдер, қосымша құн салығы, тағы басқа туындаған сұрақтарына жауап берді.

  • Бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылдан 2023 жылға дейін созылған болатын, осы жылдың басынан бастап ол аяқталды. Осыған байланысты, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасымен, кәсіподақтармен бірлесіп, бизнес арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бірден тексерулер болмайтынын атап өткім келеді. Камералдық бақылаудан кейін ғана хабарлама келеді, егер ол мерзімінде орындалмаса немесе жауапсыз қалса, тексеру тағайындалады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бизнес арасында мобильді аударымдар, кедендік әкімшілендіру, жалпыға бірдей декларациялау мәселелері өзекті болып отыр, — деді Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Серіккерей Қуанов.

Аталған семинар мораторийдің аяқталуына байланысты бизнес арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірлік палата ұйымдастырған биылғы екінші іс-шара. Бұған дейін zoom арқылы бейінді министрлік өкілдерін қосумен кездесу өткізілген болатын.

  • Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына осы іс-шара үшін алғысымды білдіргім келеді. Кездесуде біз көптеген сұрақтарға жауап ала алдық, бұл өте пайдалы болды. Мысалы, осы жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды, ол біз сияқты жеке кәсіпкерлерге тікелей әсер етеді. Бизнесте көптеген мәселелер бар, сондықтан мұндай іс-шаралардың мүмкіндігінше көп болғанын қалаймын, — деді кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова.

Айта кетейік, Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы мораторийдің аяқталуына байланысты түсіндіру кездесулерін өткізуді жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button