Атырауға «аға сеньер» келді! (+ФОТО)

dsc 01333 Жаңалықтар

Atr.kz/31 қазан, 2019 жыл. Түркиядан текстиль өнеркәсібінің жоғары білікті маманы «Аға сеньор» бағдарламасы шеңберінде «Caspiy Lana Atyrau» кәсіпорнына келді.

Тоқыма фабрикасының қызметкерлері екі апта бойы шетелдік сарапшы Касым Гюнгормен бірге жұмыс жасады. Ол осы салада отыз жыл еңбек еткенін айтады. Бай тәжірибесі мен білім-білігін атыраулық мамандармен бөлісуді жөн санапты.

– Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Осыған дейін Түрікменстан, Ресей, Түркияда қызмет қылдым. Аз теория, мол тәжірибе. Міне, мен осы қағиданы қатал ұстанамын. Осындағы жұмыс жағдайын саралай келе, мамандар мықты сарапшыға мұқтаж екенін аңғардым. «Аға сеньорлар» бағдарламасы шетелдік мамандарды шақыру арқылы жергілікті өндіріс барысын жаңартуды көздейді. Бұл – кәсіпорын басшыларына берілген тамаша мүмкіндік.

Мұнда қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар, жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған, енді тек қызметкерлердің сапалық және сандық көрсеткішін арттыру керек. Ол үшін олардың білімдерін жетілдіру қажет. Менің іссапарымның да мақсаты – осы, – дейді ол.

dsc 0144

Кәсіпорын басшылығынан білгеніміздей, мұнда кадр тапшылығы өткір сезіледі екен. Жұмыспен қамту орталықтарына тиісті өтінімдер жіберілгенімен, қызмет етуге құлшыныс танытушылар аз. Қазір де жиырма маман жетіспейді. Бір артықшылығы, жұмысқа кіру үшін ешқандай тәжірибе мен еңбек өтілімі сұралмайды екен. Оның үстіне, жұмысқа тұрам деушілер тегін оқытылады. Соған қарамастан, келушілер қатары көрінбейді.

Айта кетейік, «Caspiy Lana Atyrau» өнімдері негізінен еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарына таралады. Алдағы уақытта алыс-жақын шет елдерге экспорттау да жоспарда бар. Ендігі үміт «аға сеньорларда». Бұл бағдарлама көп кешікпей өз жемісін беретініне мұндағылар кәміл сенімді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

94f6d1aa 4ce1 4e3c 930e 5c17d5ef0f37
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз