ТҰҢҒИЫҚПЕН ТІЛДЕСКЕНДЕР

Ұшы-қиырына көз жетпейтін, төсінде түз тағысы ғана жортқан құлатүзде көк жүзіне тік шаншылған мұнараны көріп пе едіңіз? Оның ұшар басына шығып, жан-жағыңызды шолдыңыз ба? Қазақтың кең байтақ жеріне құмарта қарадыңыз ба? Сол жетіқат жер қойнауында мұнай мен газдың мол қоры жиналғанын білесіз бе? Міне, осы ен байлықты алдымен игеріп, тұңғиық тереңмен тұшына тілдесетін жалын жүрек, құрыш білек жандар – бұрғышылар. Сайып келгенде, азулы аңнан өзге адам аяғы баспаған өңірге алдымен соқпақ салып, түрен тартатындар да солар. Турасын айтқанда, бүгінде тонналаған мұнай алынып жатқан ондаған кеніштердің тұсауын кесіп, алғаш ашқан да осы жайсаң жандар.

Сондықтан, Мұнайшылар күні қарсаңында Махсот Мәмбетов жетекшілік ететін «ҚазМұнайГаз – Бұрғылау» сервистік бұрғылау мекемесінде болып, ұйымшыл ұжымның тыныс-тіршілігімен етене танысқанбыз. 

Осы орайда кішкене құпиямызбен бөлісіп, шағын сырымызды ашсақ, аталмыш кәсіпорынмен әуелден-ақ араласымыз бар. Өйткені, қазіргі «ҚМГ-Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бұрынғы Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасының ізбасары. Мұнда кезінде Теңіз тәрізді алып кенішке бастап бұрғы бойлатқан тарландар бар. Ботақан мен Мақат, Қамысты мен Жаңаталап, Ақінген мен Уаз секілді кен орындарынан «қара алтын» бұрқағын аттырған ерлер де осында. Биыл бастап өнім бере бастағанына тура 50 жыл толып отырған Прорва алаңын ашқан ардагерлер де осы ұжымда еңбек еткен.
Бір қуанарлығы – аға ұрпақ ұлағаты ұмытылмаған. Сервистік бұрғылау мекемесі орналасқан кеңседе кәсіпорынның өткен тарихы, оны әр жылдары басқарған азаматтардың аты-жөндері әдемі әріптермен өрнектеліпті. Мекеме табалдырығын алғаш аттап, ұжым қатарына келіп қосылған жас маманның жанары алдымен осы тақтаға түседі. Сөйтіп, бірінші басқан қадамынан-ақ қалыптасқан кәсіпорынның дәстүрлерін құрметтеп, толайым табыстарын одан әрі тасытуға ұмтылады.
Жалпы, мұнда әр маман өз ісін жетік меңгерген. Сан жылдар бойы қалыптасқан дағдылы қызметі дегенмен ешқайсысы да жауапкершілік жүгін жеңілдетпеген. Оның үстіне, бұрғылау саласы күнделікті тосын жайларға толы. Жетіқат жерастының тылсым сыры таусылған ба? Соның бәрі ең дұрыс, ең төте шұғыл шешімді дереу қабылдауды қажет етеді. Сондықтан, осындай қарбалас қызмет үстінде жүрген жандармен тілдесу де мүмкін емес. Әйтсе де, бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Баймағамбетов арнайы келген тілшімен сәл-пәл сөйлесуге аз ғана уақытын бөлді. Сөз ретінде айтар болсақ, оның өзі де еңбек жолын бүгінде жартығасырлық тойын тойлап жатқан Прорва кенішінде бастаған майталман маман.
Сонымен, Қайрат Баймағамбетовтің айтуынша, бүгінде кәсіпорында салмақ көтергіштігі 100-225 тонна аралығындағы 14 бұрғылау қондырғысы бар екен. Осы қондырғылардың күшімен 700-4000 метр аралығындағы тереңдікті еркін бұрғылауға болады. Әйтсе де, кәсіпорын салмақ көтергіштігі тиісінше 450 тонналық қытайлық ZJ-70 және 590 тонналық АҚШ-та шығарылған SL2500Т-АС-W қондырғыларын сатып алуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, келешекте аса терең ұңғымаларды да бұрғылауға мүмкіндік тумақ.

Бүгінде кәсіпорында 14 бұрғылау және бес ұңғымаларды зерттеу бригадалары қызмет істейді. Олар биыл Батыс Прорва, С.Нұржанов, Ақтөбе, Ақінген, Б.Жоламанов, Уаз, Шығыс Мақат, Ботахан, Оңтүстік-Батыс және Оңтүстік-Шығыс Қамысты, Жаңаталап, т.б. алаңдарда еңбек етуде. Барлық бригадалар мен кейбір қосымша қызмет жұмысшылары вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Биылғы 1 қыркүйектегі есеппен негізгі емес өндіріс ошақтарын қоса санағанда кәсіпорын қызметкерлері 1843 адамды құрайды.
Мекеме Жылыой, Мақат, Қызылқоға мен Исатай аудандарындағы мұнай ұңғымаларын қамтып отыр. Ал, биылғы маусымда тұңғыш рет Ақтөбе облысындағы Ұрықтау газ кенішінде қызметін бастады. Сөйтіп, тұтас елімізді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге үлес қоспақ.
Енді, биылғы өткен мерзімде сервистік мекеме нендей жетістіктерге қол жеткізді? Бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Баймағамбетовтің айтуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында 91671 метр бұрғыланған. Егер жоспарлы меже 72220 метр екендігін ескерсек, ол 126,9 пайыз болып асыра орындалған. Ал, былтырғы осындай уақытпен бағамдағанда 6582 метр артық бұрғыланған. Коммерциялық бұрғылау жылдамдығы да өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда да, биылғы межемен жоспарлағанда да едәуір көп. Мұның бәрі – мекеме мамандарының қолдағы бар мүмкіндікті жан-жақты пайдаланып, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білуінің нәтижесі. Ең бастысы – мекеме басшысы Махсот Мәмбетовтің өзі жаңашылдыққа бастамашы болып, өндіріске озат техника мен озық технологияны кеңінен енгізуді қуаттап отырады.
Мекеме басшылығы осы ретте Ж.Қуанов, Ж.Есеров, Ғ.Қожасов, М.Досалиев, К.Жексенбаев, Б.Өміров, М.Шотанов,С.Тәкі- баев, Е.Иманғалиев, Ж.Қаражанов, Ү.Қозбақов, Б.Әбіләлиев басқаратын бригадалардың ерен еңбегін мақтаныш тұтады. Әрине, озаттар жетерлік. Олардың бәрі де ортақ табыс жолында тер төгуде.
Бас директордың ұңғыма-ларды күрделі жөндеу жөніндегі орынбасары Төлжан Құлжановтың айтуынша, үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде 183 ұңғыма күрделі жөндеуден өтіп, қатарға қосылыпты. Бұл – жоспардан анағұрлым көп. Соның нәтижесінде мұнай өндіру басқармалары қосымша 34702 тонна «қара алтын» өндірген. Бұл да – межеден тыс толымды табыс. Қазір мекемеде күрделі жөндеумен 15 бригада шұғылданады. Осы орайда С.Рахметов, К.Шаймерденов, Ж.Сәуірбаев, А.Қайыржанов жетекшілік ететін бригадалар жақсы жетістіктерге жетуде.
Әрине, толымды табыс, бұрғышылардың ерен еңбегі тасасында олардың әлеуметтік ахуалы тасада қалмауы қажет. Жалпы, бұрғышылар қауымы – бір орнында көп тұрақтамайтын халық. Жоспарланған ұңғымасын қазып болған соң екіншісіне көшеді. Мұндай жағдайда оларға жан-жақты жағдай туғызу да қиын.
Әйтсе де, мекеме басшылығы бұл мәселені де ойдағыдай шешіп отыр. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Қайырбай Елеусінов кәсіпорын жетекшілерімен тіл табысып, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасауда. Қазір жұмысшылар үшін 12 вахталық кешен жасақталған. Олардың бәрі тамақтанатын және жуынатын орындармен, спутникті антеннамен құралданған теледидармен жабдықталған. Мәселен, С.Нұржанов атындағы кеніште 280 кісілік жайлы вахталық қалашық бар. Мұнда медициналық орталық, 100 орындық асхана орналасқан. Ал, биылғы Мұнайшылар күні қарсаңында С.Балғымбаев алаңында 60 адамдық асхана, өзге де әлеуметтік нысандар қатарға қосылмақ. Қазір мекеме басшылығы ескі вагондарды жаңаларымен ауыстырып жатыр.
Жалпы, мұнда қызметкерлер мен олардың отбасыларының саулықтарын сауықтыруға жете мән беріліп, олар медициналық сақтандыру шараларымен қамтамасыз етілген. Ал, жұмысшылардың балалары әр жазды демалыс лагерьлерінде өткізеді.
Мекеме жаңа техникамен де толығуда. Кәсіпорынның көлік жөніндегі атқарушы директоры Бағытжан Қадыровтың айтуынша, соңғы бірер жылда ғана 103 арнаулы техника алыныпты. Қызметке 130 жүргізуші мен машинист қабылданған. Біз келгенде солардың бір тобымен әңгімелесу жүріп жатыр екен. Ал, оларға Әділгерей Оразов, Дабыл Елешев, Нұрберген Ғаббасов тәрізді тәжірибелі тарландардың үйретері де мол.
Құрыш білек бұрғышылар спортпен де тұрақты шұғылданады. Мұнайшылар күні қарсаңында ұжымда спартакиада ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осы шараның бел ортасында мекеме бастығы Махсот Мәмбетовтің өзі жүреді.
Жақында ғана кезекті спартакиада өткізіліп, оның қорытындысымен қауіпсіздік қызметі жеңімпаз атанды. Ал, жүлделі екінші және үшінші орындарды арнаулы техника мен ұңғымаларды күрделі жөндеу цехтары бөлісті. Жекелеген спорт түрлері бойынша Нұрберген Биекенов, Ислам Ашихов, т.б. үздік атанды.
…Міне, «қара алтын» кенішін игерудің алдыңғы легінен табылатын «ҚазМұнайГаз – Бұрғылау» сервистік бұрғылау мекемесінің бүгінгі тынысы осындай. Дала төсін талмай кезетін бұрғышылардың алда алар асуы әлі биік.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз