
Атырауда мұнай-газ саласына арналған халықаралық форум өтті
Атырауда мұнай-газ саласының көшбасшылары бас қосты. Халықаралық форумда өңірдің экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік әріптестермен ынтымақтастық мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өткен жылы өңірге 2,2 трлн. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал бүгінгі таңда Атырау облысында жалпы саны 740-тай кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,5 трлн. теңгені көрсетсе, оның 9,5 трлн-ы тау-кен өндірісіне тиесілі. Мұнай өндіру көлемі 50 млн. тонна, ал ілеспе мұнай газы 26,6 млрд. текше метрді құрады.

-Қазақстан мұнайының астанасы саналатын Атырау өңірінің экономикасын дамыту мақсатында бұл форумның өтуі аса маңызға ие. Облысымыз әлемнің 50-ден аса мемлекетімен ынтымақтасып, 1000 шақты біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар аймақтың үлесіне республиканың негізгі капиталының инвестицияларының 12% тиеді. Осы форумды пайдаланып, еліміздің экономикасына қосып жатқан үлесі үшін зор ризашылығымды білдіремін, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Форумда өңірдегі мәселелерге үлес қосып жүрген компания директорлары марапатталды.
-Бүгін Энергетика министрлігінің наградасымен марапатталдым. Барлық форум, әсіресе, Казсервис ұйымдастыратын форумдар жалпы мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компанияларға бір алаңда жиналып, ақпарат алмасуға, салаға қатысты жаңа мәліметтермен танысуға мүмкіндік берді, — деді Rival Qazaqstan компаниясының директоры Қарлығаш Егізбаева.

2024 жылы өңірде жалпы құны 71 млрд теңге болатын 16 жобаның іске асырылуы нәтижесінде 719 жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек Энергетика министрлігі және ҚазМұнайГаз акционерлік қоғамымен бірлесіп, жалпы құны 6,4 трлн. теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Форум қорытындысында қатысушылар Атырау облысының экономикасын дамытуға бағытталған ірі жобаларды қолдау қажеттілігі туралы бір ауыздан келісіп, ынтымақтастыққа қатысты өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
