Атырауда білім беру, қаржы, құрылыс басқармаларына бөлінген қаражат тиімді игерілмейді
Республикалық игерілмей қалған қаражат көрсеткіш бойынша Атырау облысы қазына қаржысын игеруден былтыр он алтыншы, биыл он жетінші орында тұр. Әсіресе, білім беру, қаржы, құрылыс басқармаларына бөлінген қаражат тиімді игерілмейді. Мұның себебі мен салдары облыстық қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде қаралды.
МӘСЕЛЕНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Атырау қаласында былтыр Ұлттық қордан инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына бөлінген 2 миллиард 326 миллион теңге игерілмеген. Бұл М.Əуезов көшесіндегі жол құрылысындағы жұмыстардың орындалмауынан, яғни жобаларға түзету енгізілуінен орын алса керек. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Мейіржан Мұқасовтың айтуынша, тек облыстық басқармалар емес, аудандарда да игерілмеген қаржы көп.
– Құрманғазы ауданында игерілмеген қаржының жалпы сомасы – 65 миллион теңге. Орлы ауылындағы автокөлік жолын жаңғырту бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 15 миллион теңге сот процесіне байланысты жаратылмаған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 34 млн. теңгеге Нұржау ауылындағы көлік жолын жаңғырту орындалған жұмыс актілерінің болмауынан қолданылмаған. Мұндай жағдай Индер ауданында да бар. Бөдене, Жарсуат, Көктоғай, Аққала ауылдарында жəне аудан орталығындағы «Көктем» шағынауданында инженерлік инфрақұрылым құрылысы мен оны жобалау жұмыстары жұмыс кестесінен қалыс қалып, жобаны түзетуге байланысты жүзеге аспады. Көктоғай ауылындағы спорт кешенінің құрылысының жүйелі орындалмауын қосқанда ауданда барлығы 292 миллион қаржы игерілген жоқ, — деді Мейіржан Жолдасұлы.
Жылыойда қалдық көлемі 2 миллиардтан асса, Махамбетте бұл сома 455 миллионды құрап отыр. Басқа аудандармен салыстырғанда, Исатай жəне Мақатта қаржы игеру көрсеткіші 100 пайызға жуықтайды. Облыстық басқармалар бойынша бөлінген қаражатты тиімді игермеу мəселесінде білім беру басқармасы көш бастап тұр, игерілмеген сома – 3 миллиард 833 миллион теңге. Одан кейінгі тізімді облыстық жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары, құрылыс, денсаулық сақтау басқармалары жалғайды.
– Облыстық бюджеттің басқа мемлекеттік мекемелерінің шығыстар бойынша үнемдеулері жəне қалдықтарының жалпы сомасы 73,3 миллион теңге болды. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген трансфертті уақытында игермеген лауазымды тұрғалар – Құрманғазы, Жылыой, Махамбет аудандары əкімінің орынбасарлары, Индер жəне Қызылқоға аудандарының бөлім басшылары тəртіптік жауапкершілікке тартылды, — деді М.Мұқасов.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРУ ҚАЖЕТ
Мəжілісте 2023 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау жобасы да талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері əр салаға бөлінетін қаржыны талдап, ұсыныстарын айтты. «Атырау–Индер», «Индер–Қарабау» автокөлік жолдарының жағдайына да басымдық берілді. Индер бағытындағы жолдың ойық-шұңқырын «КамАЗ» жүргізушілері əзірге уақытша жөндей бастапты. Алайда, Кеңес мүшелері жөндеудің бұл əдісі стандартқа сай келмейтінін, əрі сапалы болмайтынын ескертті.
– Қазір бұл бағыттағы тас жолды жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Мердігер компания анықталған соң жол қауіпсіздігінің жұмысы қайтадан толықтай қалпына келтіріледі, — деді облыстық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиев.
Оның айтуынша, 2019 жылы басталған «Индер–Қарабау» тасжолының реконструкциясына 2021 жылға дейін барлығы 9,5 млрд. теңге игерілген.
– Жол құрылысының жалпы құны 21 миллиард теңге болатын. Бұл ауыспалы нысан болғандықтан, жыл сайын бөлінген қаржының көлеміне қарай жұмыс жасалып жатыр. Былтыр 12,5 млрд. теңгеге 6 шақырым жол жасалса, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 1,7 миллиард, жергілікті бюджеттен бөлінген 1,3 миллион теңгеге тиісті жұмыстар жалғасуда. Жол құрылысын 2024 жылы толық аяқтау жоспарланған, — деді ол.
Көп көкейіндегі тағы бір мəселе – «Нұрсая» шағынауданындағы концерттік зал мен монша құрылысының жайы. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бұл нысандардың орнына 1200 орындық зал мен музей жаңадан салынады. Қазіргі ғимараттағы металл материалдарды тек металл қабылдау орындарына тапсыру керек. Кеңес мəжілісінде облыс орталығындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектепгимназиясының ғимаратын қалпына келтіру жөнінде де сөз болды.
Облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Əжіғалиеваның айтуынша, бұл ғимаратты күрделу жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлу қиын емес. Тек қазір жобалық-сметалық құжаттары дайын болмағандықтан, жұмыс кідіріп тұр. Басқосуда Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан біраз орынды мəселе көтерілді. Оның бірқатарына кейбір басқарма басшылары мардымды жауап бере алмай, хат арқылы жазбаша жолдайтынын айтып құтылды. Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов мұндай жауаптарды қатаң сынға алды.
– Бюджетті игеру – өте күрделі мәселе екені белгілі. Дегенмен, тиісті лауазым иелері Қоғамдық кеңестің отырысына тыңғылықты дайындықпен келуі қажет. Алдағы уақытта бұған қатаң мән берген жөн. Сонымен қатар, бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді игермеу құзырлы орындардың жауапкершілігінің төмендігін де көрсететінін ұмытпау керек, — деді Мақсым Шафихұлы жиынды түйіндеген сөзінде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Əнуар ƏБІЛҒАЗИЕВ