БЮДЖЕТ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

ал, ол қалай игеріліп жатыр?
Бюджеттің қандай мақсатқа және қалай жұмсалып жатқандығы ешкімді де бейжай қалдыра алмайды. Жұртшылықтың осы қаражаттың қалай кәдеге асып жатқандығын қадағалауға толық құқығы бар. Егер ол толық көлемінде игерілмесе, не себепті мұндай ахуалдың қалыптасқандығын да білуі тиіс.

Міне, осы орайда облыстық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Әділ ЖҰБАНОВҚА жолығып, одан бірнеше сауалға жауап беруін өтінгенбіз.
– Әділ Орынбасарұлы, алдымен, облыстық бюджеттің қалай жасақталатындығы жөнінде кеңірек түсінік беріп кетсеңіз. Бұл ретте қолданыстағы нендей заңдылықтар басшылыққа алынады?

– Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сауал шығар деп ойлаймын. Өйткені, расында да, күннен-күнге талғамы жоғары, талабы қатал болып отырған халықтың әрбір жетіспестікке сын көзбен қарап, соны реттеуге бюджет қаражаты неге бөлінбей жатқандығына таңданыс танытуы да түсінікті. Сондықтан, қолданыстағы заңдылықтар аясында кейбір жайларды қозғаған дұрыс.
Сонымен, елімізде республикалық, облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджеттер бекітіледі, олар атқарылады және дербес болып табылады. Соның ішінде облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджеттер жергілікті саналады.
Қазір бюджет жылжымалы негізде үшжылдық кезеңге дайындалады. Бұл мемлекеттік мекемелердің өз жұмысын жүйелі жоспарлауына мүмкіндік береді. Әйтсе де, әр жылы сол кезеңге арналған бюджет әзірленіп, нақтыланып отырылады.
Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына арналған бюджеттік параметрлердің болжамы индикативтік сипатта болады және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының өзгерістері, мониторинг пен нәтижелерді бағалау, басқа да ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырылып, нақтылануы мүмкін.
Міне, осы орайда бюджеттік комиссия туралы айта кету керек. Ол – облыс әкімдігінің қаулысымен құрылатын жұмыс органы. Оның төрағасы мен бірнеше мүшесі болады. Демек, барлық сұраныс осы комиссияға келіп түседі. Осында әбден пысықталған жергілікті бюджеттің жобасы тиісті мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында талқыланады. Мұнда барлық мүшелердің пікірлері ескеріліп, қажетті негіздемелермен және есеп-қисаптармен жергілікті бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленіп, әрі қарай жергілікті мәслихат сессиясына ұсынылады. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6-бабы бойынша мәслихаттың құзыретіне тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті бекіту жатады. Бюджеттік бағдарламалар да осында тұжырымдалады.

– Облыстық бюджеттің жасақталуы жөнінде мағлұмат алдық. Енді оның қалай жұмсалатындығы туралы айтып берсеңіз. Алдымен, қаражат нендей басым бағыттарға беріледі?

– Жұртшылықтың мұны да білгені жөн. Жалпы, бюджет қаражатын жұмсау нормативтік-құқықтық актілерге, соның ішінде ҚР Үкіметінің 2009 жылғы «Бюджеттің атқарылуы және оның кассалық қызмет көрсету Ережесін бекіту туралы» қаулысына сай жүргізіледі. Ал, басым бағыттар ретінде білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысын жүргізу, елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамту, қоршаған ортаны сауықтыру, т.б. жатады.

– Сіздің сөзіңізден түсінгеніміз, жергілікті атқарушы билік әлеуметтік салаға жұмсайтын қаражатын жоспарлап, мәслихат депутаттарының келісімін алады. Ендеше, соңғыларының құзырына осы бағытта бөлінген қаржының қалай кәдеге асып жатқандығын қадағалау кіре ме?

– «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихатқа жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқаруына бақылау жасау құзыреті берілген. Соған сәйкес, 2011 жылдан бері жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын тексеру комиссиялары мемлекеттік орган болып құрылды. Ол жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық мәліметті ұсыну арқылы мәслихатқа тікелей есеп береді. Сайып келгенде, депутаттар ашық сайлауда сайланғандықтан, олар арқылы бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқандығынан халық та құлағдар болып отыр.

– Қазір Атырауда құрылысы басталып, бірақ аяқталмаған бірнеше нысан бар. Мәселен, кино-концерт залына, кешенді моншаға, т.б. көптеген нысандарға қыруар қаражат жұмсалды. Енді қосымша қаржы шығарып, осы құрылыстарды аяқтаудың мүмкіндігі бар ма? Әйтпесе, олардың материалдары қолды болып кетуі ықтимал ғой.

– Құрылысы басталғанымен, пайдалануға берілмеген нысандар жетерлік. Солардың ішінде 1200 орындық кино-концерт залы ең ірілерінің бірі болып саналады. Ол қатарға қосылғанда көрме залы мен қазіргі заманға сай өнер мұражайы да осында орналасар еді. Қаланың сол жағалауындағы кәріздік тазалау имараты да – аса қажетті нысан. Оның қатарға қосылуы инженерлік инфрақұрылымға қатысты біраз проблеманы шешеді. Ақырында, жүз орындық кешенді монша да осындағы сауықтыру орнына айналмақ. Міне, қазір осы үш нысандағы құрылыс жұмыстары жалғастырылмақ. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілуде. Содан соң құрылыс жергілікті бюджет есебінен одан әрі жүргізіледі.
Әрине, бір мәрте қаражат бөлінген нысандарға тағы да қаржы шығару жеңіл емес. Әйтсе де, оларды жарты жолда тастап кетуге де болмайды. Сонымен, кино-концерт залы мен кешенді моншаның алдымыздағы жылы қатарға қосылуы жоспарлануда.
Расында да, бұрынғы мердігер мекемелер тарап, құрылыстар иесіз қалса, ұрлық та белең алар еді. Бірақ, облыстық әкімдік дер кезінде күзет ұйымдастырып, мұндай келеңсіздікке жол бермеді.

– Жергілікті экологтар жылына миллиондаған теңге айыппұл жинайды. Десек те, сол ақшаның бәрі орталыққа кетіп жатыр. Бүлінген ауаны жұтатын біз, ал қомақты қаражат сол ахуалды жақсартуға тікелей жұмсалмайды. Облыстық мәслихат шешімімен осы қаржының бір бөлігін осында қалдыруға болмай ма?

– Бұл мәселе біраз жылдан бері көтеріліп келе жатса да, әлі шешімін тапқан жоқ. Өйткені, қолданыстағы бюджеттік заңнамаларға сәйкес айыппұл республикалық бюджетке түседі.
Әйтсе де, бұл – өңірде қоршаған ортаны сауықтыруда түк тындырылмады дегендік емес. Табиғат қорғау шаралары да басым бағыттардың бірі болғандықтан, оған да қажетті қаражат жұмсалуда. Мәселен, тек соңғы үш жылда ғана осы салаға 11 млрд. теңге бөлініп, 17 аса маңызды шара жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да қаржыландыру көлемі көбеймек.

– Өткенде өзіңіз жетекшілік етіп отырған тұрақты комиссияның отырысында да сөз болды, биылғы бірінші жартыжылдыққа жоспарланған бюджет қаражаты толық игеріліпті…

– Келешекте мұндай келеңсіздікке жол берілмейді деп ойлаймын. Атқарушы билік пен өкілетті орган болып табылатын мәслихат жұмысы бір мүддеге жұмылдырылған. Бұл – бюджеттік қаражаттардың мақсатты жұмсалуымен қатар, жасалған жұмыстың нәтижелілігіне қол жеткізу.
Қазір біздің тұрақты комиссияда басқармалар басшыларының бюджетті игерудегі жұмыстары әр тоқсанда тыңдалып отырылады. Оған комиссия төрағасы ретінде өзім де жете көңіл бөлемін. Отырыс қорытындысы көпшілікке жария болуы үшін БАҚ өкілдерін қатыстырамыз. Біздің жұртшылықтан жасырын сырымыз жоқ. Оның үстіне, халық бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқандығын білуі керек.

– Тағы бір сауал, қазір тендерді қолында қаражаты бар, бірақ қажетті адам күші мен техникасы жоқ мердігер мекемелер жеңіп алып жатыр. Олар өз кезегінде өзгелерді жалдайды. Ал, соңғылары жұмыстың бір бөлігін тағы біреулерге тапсырады. Сонда белгілі бір нысанды бастан-аяқ жалғыз құрылыс ұйымына жүктеуге болмай ма?

– Мердігер мекемені таңдау «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Қолданыстағы заңнамаға орай бас мердігер барлық қызмет көлемінің үштен екіден көп емес бөлігін ғана қосалқы ұйымға тапсыруға құқылы және жұмыс сапасына жауап береді. Міне, осы заңдылық сақталуы шарт. Жалпы, алдағы уақытта бас мердігердің өз қызметін қосалқы ұйымға жүктеуі жойылады және барлық жұмыс тапсырысшының жеке бақылауында болады.
Ал, барлық конкурстарды бір ғана мекеменің жеңіп алуы жөніндегі пікір қате. Ол мүмкін емес. Өйткені, «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес барлық қатысушыға тең жағдай туғызылған.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз