
Атырауда әлеуметтік нысандар салу жұмысы жанданды
Атырау облысында құрылыс жұмыстары қарқын алып, ауыл-аймақтардың ажары айшықтала түсті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірді дамытуға 300 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаржыға мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі және дамыту орталықтары сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда.

Жуырда өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен бірге құрылыс алаңдарын аралап, жаңадан бой көтеріп жатқан нысандармен танысты.
— Қазір қала мен аудан орталықтарында әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жобалар — ең алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. 2025 жылы аймақ бюджеті шамамен — 800 млрд. теңге. Соның 300 млрд. теңгесі даму мен құрылысқа бағытталды, — деді Жасұлан Бисембиев.
Оның айтуынша, қаражат ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жол құрылысы бағыттарына бөлінуде. Бүгінде облыста 500-ден астам инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Құрылыс материалдары мен қондырғылардың сапасына ерекше мән берілуде. Енді мемлекеттік сатып алудағы заңнамалық өзгерістердің арқасында мердігер компаниялар автоматтандырылған рейтингтік-балдық жүйе арқылы анықталады. Бұл жүйе компанияның беделін, нарықтағы орнын, салық төлеу тарихын және мемлекеттік жүйелердегі ашық ақпараттарды ескере отырып таңдау жасайды.
— Бұрын тек мұнай өндірісімен айналысқан мердігерлер енді мемлекеттік жобаларға да келіп жатыр. Бұл — тиімді тәжірибе, өйткені мұндай компаниялар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Демек, құрылыс сапасы да соған сай жоғары болады, — деп толықтырды әкім орынбасары.
Айта кетейік, биыл пайдалануға берілетін нысандар қатарында бірнеше жаңа мектеп, балабақша мен мәдениет үйі бар. Бұл жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, экономикалық серпінге айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.
Айбөпе САБЫРОВА