«Атырау мұнай және газ» көрмесі өтіп жатыр
«Атырау мұнай және газ» көрмесіне 60-тан астам компания қатысуда.
Атырауда Беларусь, Қазақстан, Нидерланды, Ресей, АҚШ және Түркия елдерінен 60-тан астам компанияның басын қосқан «Атырау мұнай және газ» Солтүстік Каспий аймақтық көрмесі өтуде, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Көрме жұмысы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов, КҚК бас директорының Қазақстан Республикасының Үкіметімен байланысы жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин, «North Caspian Operating Company N. V.» Басқарушы директоры Оливье Лазар, «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев, «KazService» Одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов, Мұнай және газ жөніндегі мұнай кеңесінің төрағасы Асылбек Жақиев және KONG вице-президенті Қосан Тасқынбаевтың қатысуымен ресми түрде ВИП тур және пленарлық отырыспен басталды.
Қатысушы компаниялардың барлығы мұнай-газ жабдықтарын, жеке және өнеркәсіптік қорғаныс құралдарын өндірушілер, автоматика және бақылау-өлшеу аспаптары бойынша қызмет көрсетушілер, мұнай өндіру ісіне қызмет көрсетеді.
Айта кетейік. биыл Атырау облысының атынан көрмеге 14 компания қатысса, қазақстандық қатысушылардың жалпы саны – 45 компанияны құрап отыр. Алғаш рет Атырауда Башқұртстан Республикасы мен Ярославль облысы ұжымдық экспозициясын ұсынды.
Көрме Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Атырау облысы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Kazenergy» қауымдастығының, «KazService» Одағының, Petrocouncil және Қазақстан мұнай-геологтар қоғамының ресми қолдауымен өтуде.
6 сәуірде басталған іс шара 8 сәуірге дейін жалғасады.