ЖАЛЫН ЖЫЛДАР ЖАРҚЫЛЫ

Атырау мұнай өңдеу зауытының өткен жолы жөнінде осылай деуге болады. Құрылысы соғыс жылдары жүріп, Ұлы Жеңіс қарсаңында аяқталған кәсіпорын шежіресінде алтын әріптермен жазылған жарқын парақтар жетерлік. Осы уақытта өндіріс ошағында ондаған еңбек әулеті қалыптасты. Әке орнын ұлы басты. Анасының қызметін қызы жалғастырды. Отандық кәсіпорын қуаты арта түсті. Жаңа жобалар жүзеге асты.

Міне, зауыттың мерейлі тойы қарсаңында оның Бас директоры – Басқарма төрағасы Қайрат ОРАЗБАЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

– Қайрат Құлымұлы, ұжым өміріндегі үлкен оқиға  қарсаңында кездесіп отырмыз. Көңіл-күй қалай?

– Өте жақсы. Жетпіс жыл әлемдік тарих таразысына тартылғанда қас-қағым ғана сәт секілді көрінгенімен, тұтас кәсіпорын өміріне өзіндік өрнегін салады, өшпес ізін қалдырады. Осы уақыт ішінде отандық кәсіпорын ұдайы даму жолында болды, жаңа технологияны меңгерді, тың өнімдер шығарды. Қазір біз өзгелермен тәжірибе бөлісуге дайынбыз. Өйткені, өндіріс ошағында басқаларға өнеге боларлық талай іс тындырылды.

Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін зауыттың «екінші тынысы» ашылды деуге негіз бар. Кәсіпорын  жаңғыртудың бірнеше кезеңін бастан өткеруде. Мәселен, 2003-2006 жылдары кейбір жаңа технологиялық қондырғылардың құрылысымен, экологиялық таза маркалы дизель отыны мен автобензин шығарумен және экологиялық нормативтерді қамтамасыз етумен есте қалған қайта құралдаудың бірінші кезеңі мәреге жетті. Оның басты бағыты – күкірт мәселесін шешу. Қазір ол өндіріс қалдығы емес, тауар саналады. Сондықтан, оны да өткізіп, табыс табуға мүмкіндік бар. Сол себепті бензин мен дизель отынын сутектен тазарту, оларды изомерлеу және парафиннен арылту, кристалдар блогы бар күкіртті шығару қондырғылары пайда болды. Ауыр мұнай өнімдерінің эстакадасы, жаңа алау жүйесі мен ақаба суларды биологиялық тазарту нысандары салынды. Қауіпсіздік шараларының қазіргі заманғы жүйесімен қамтамасыз етілген қазандық паркі жаңғыртылды. Жапондық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылған осы жұмыстар зауыт дайындаған өнімнің сапасын жақсартты және экологиялық мәселелерді оңтайландырды.

Бүгінде қайта жаңғыртудың екінші кезеңі аяқтала келді. Оның мақсаты – хош иісті көмірсутектерін дайындау. Атырауда алғашқы бензол партиясы алынды. Параксилол да дайын. Бұл – зауыттықтар алдына Елбасы қойған нақты тапсырма. Турасын айтқанда, мұнай-химия кәсіпшілігіне аса қажетті шикізат саналатын осы өнімдер бұрын-соңды тәуелсіз Қазақстанда шығарылған жоқ. Демек, көшбасшылық тізгіні біздің кәсіпорынға бұйырды. Бұрын республикада «қара алтын» өңдеуді бастап қолға алсақ, енді мұнай-химия кәсіпшілігінің де алдыңғы легінен табылмақпыз. Зауыттықтар үшін бұл да – үлкен құрмет, зор мерей.

Енді, үшінші кезеңнің мақсаты – шикі мұнайды тереңдете өңдеу. Ол да мәреге таяу. Соның нәтижесінде әлеуметтік, экономикалық және экологиялық тұрғыдан мол қайтарым күтілуде. Мәселен, алдымен, хош иісті көмірсутектерді шығару өндірісі өзінің толық қуатына шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы жүзеге асырылған соң шығады. Міне, зауыттағы жұмыстар технологиялық тұрғыдан осылай бір-біріне байланысты. Бәрі кәсіпорын қуатын одан әрі арттырып, сапалы да жаңа отандық өнімдерді дайындауға бағытталған. Егер хош иісті көмірсутектерді шығару жобасын аяқтау нәтижесінде 277 жұмыс орны пайда болғандығын айтсақ, шикі мұнайды тереңдете өңдеу кешені арқылы да біраз жергілікті маманды қызметке тартуға мүмкін болмақ. Одан әрі, осы жоба нәтижесінде экологиялық мәселелер де оң шешімін таппақ.

Сонымен қатар, жоғары октанды жанар майды сырттан тасымалдау көлемі кемиді. Қазір біз, жасыратыны жоқ, кей ретте Ресей нарығына біраз тәуелдіміз. Өзімізде бензин жетіспеген жағдайда солардан сатып аламыз. Енді жеңіл мұнай өнімдерін шығару 77 пайызға артады. Бұл – үлкен жетістік. Әрі экономикалық тұрғыдан тиімді.

Міне, зауыттың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасының тікелей тапсырмасымен әлемдік талаптарға жауап беретін осындай іргелі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтар жай – сол жұмыстардың барысында кәсіпорынды тоқтатпай, бұрынғыша өнім шығарудамыз. Бұл аса жауапты іс екендігін айтқым келеді.  

– Расында да, өндірісті кідіртпей жаңа жобаларды жүзеге асыру үлкен ұйымдастырушылық қабілетті қажет етеді. Осы орайда өткен жылдың негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ.

– Былтыр кәсіпорында 4,9 млн. тонна шикі мұнай өңделді. Ол – алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары және әзірге зауыттың рекордты көрсеткіші. Мұнай өндірісінің барлық түрлері бойынша жоспар жүз пайыз орындалды. Жалпы, біздегі негізгі көрсеткіштердің бірі – мұнайды өңдеудің тереңдігі. Ол өткен жылы 104 пайызды құрады. Сонымен қатар, алдыңғы жылмен бағамдағанда мұнайды өңдеу мен оның өнімдерін өткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуден алынған түсімнің өсімі 12,4 пайызға жетті. Оны ақшаға шаққанда 6,5 млрд. теңге болады. Аз табыс емес. Мұндай жетістікке шикізат өңдеу көлемін арттыру және шығындарды барынша үнемдеу нәтижесінде қол жеткізілді. Сөйтіп, операциялық пайда көлемі 24,9 млрд. теңгені құрады. Барлық деңгейдегі бюджеттік төлемдер мен қызметкерлердің жалақысын әрі уақытында, әрі толық бердік. Белгіленген өндірістік бағдарламаны сәтті іске асыру нәтижесінде былтыр еңбек өнімділігінің көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға артты. Яғни, еңбек өнімділігінің табиғи көрсеткіші 12 пайызды құрады.

– Зауытта қоршаған ортаны қорғауға қатысты проблемалар қалай шешілуде? Сайып келгенде, қолға алынған жобалардың бір мақсаты табиғатқа түсер салмақты азайту емес пе?

– Негізгі мақсатымыз да – өндіріс ошағын қауіпсіз пайдалану, экологиялық талаптарды қатаң сақтау. Қазіргі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, тауар сапасы жақсарып қана қоймайды, осы айтылған мәселелердің де түйіні шешіледі. Оның бірқатарын жоғарыда да айтып өттім. Бұл үшін, біріншіден,  ішкі нарықта құрамында зиянды қосымшалары аз және концерагенді көмірсутектері шектелген өнімдерді пайдалануға ұмтылу қажет. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологияны енгізу шарт.

Бүгінде зауытта Еуро-3 және Еуро-4 экологиялық стандарттарына сай жанар май шығарылуда. Кәсіпорын тек жоғары октанды бензин даярлайды. Мұнайды тереңдете өңдеу жобасы мәреге жеткен соң Еуро-5 деңгейіне сәйкес автокөлік бензині тұтынушыға ұсынылады.

Жалпы, кезінде ен далада пайда болған зауыт 70 жылдың ішінде қала аумағына еніп кетті. Осының өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сайып келгенде, ұжым мүшелерінің бәрі де атыраулықтар. Сондықтан, мұнайлы мекеннің экологиялық тазалығы – ортақ мүддеміз. Қазір хош иісті көмірсутектер кешені бойынша ғана санитарлық-қорғаныс аймағының көлемі 191 гектарды құрайды.

Өзекті мәселе – қосымша тұндыру тоғандары бар механикалық тазарту қондырғыларын қолдану. Рас, биологиялық тазарту арқылы сарқынды сулардың сапасын әлемде ең қатал саналатын шведтік нормаларға сәйкестендірдік. Әйтсе де, суды биологиялық тазартуға дейін дайындау үшін өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы технологияны қолданып келеміз. Дегенмен, бұл проблема таяуда шешілмекші. Қазір сарқынды суды механикалық тазарту жүйесін қайта жаңғырту жобасы дайын. Оны алдымыздағы жылдан бастап іске асыруға кіріспекпіз. Демек,болашақта Жайықтан су тұтыну көлемін азайтуға мүмкіндік бар.

– Кәсіпорынның бүгінгі жетістігін сөз еткенде оның байырғы жұмысшыларын да айта кеткен жөн шығар. Осы уақыт ішінде мұнда бірнеше еңбек әулеті қалыптасқан жоқ па?

– Әрине. Өткенсіз бүгін жоқ. Қазір, қуанышқа орай, зауыттың бастапқы кезеңінде еңбек еткен қадірменді қарттар мен қариялардың кейбірі әлі тірі. Рас, көбі өмірден өтіп те кетті. Бірақ, біз ешкімді де ұмытпаймыз. Қатарда жүргендерін құрметтеп, түрлі шараларға шақырып тұрамыз. Олар зауыттың 70 жылдығын да бірге тойлайтын болады. Кәсіпорында еңбек ардагерлеріне арнап бөлме жасақтадық. Олардың бос уақыттарында осында келіп, бір-бірімен шүйіркелесуіне барлық жағдай жасалған.

Расында да, зауытта ондаған тұтас еңбек әулеті қалыптасты. Ілгергі ұрпақ орнын кейінгі толқын басты. Бәрін санап шығу да мүмкін емес. Сондықтан, бірқатарын ғана атап кетейін. Мәселен, Молдашев, Есенов, Кенжеғалиев, Иманғалиев, Ақбердиев, Қалмұратов, Вакуров, Кабанкин, Жидков, Сладков, секілді отбасыларының ұрпағы – зауыт шежіресін бірге жазып келе жатқандар. Қазір атасының ісін немересі мен шөбересі жалғастырып жатқан жай бар.

Өткен жылдың наурызында зауыт атынан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына отбасылық еңбек өтілі кем дегенде 50 жылға толған және кәсіпорында ең азы үш ұрпағы жұмыс жасаған әулеттер ұсынылған-ды. Сол байқау қорытындысымен Шкодиндер отбасы отандық мұнайшылар басшылығы тарапынан Алғыс хат пен естелік сыйлыққа ие болды. Мұндай айтулы отбасылары бізде аз емес.

Мәселен, сонау 1971 жылы зауыт табалдырығын алғаш рет Артур Михайлович Шатилов аттаған-ды. Қарапайым көлік жүргізушісі болып қызметке орналасқан ол кейін күллі ұрпағының өз өмірін осы өндіріс ошағымен байланыстыратынын әсте білмеген-ді. Бүгінде зауытта оның әйелі, бауырлары, ұл-қыздары, немересі жұмыс жасайды. Тұтас әулет емес пе? Сонда осы отбасының ғана кәсіпорындағы еңбек өтілі 186 жыл екен.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз