АМӨЗ: жоспарлы жөндеу жүргізілмек
Алдағы 15 қыркүйектен бастап еліміздің Энергетика министрлігі бекіткен жоспарлы жөндеу кестесіне сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытының 27 технологиялық қондырғысында жөндеу-алдын алу жұмыстары басталмақ.
Мақсат – қондырғылардың жобалық көрсеткіштеріне қол жеткізу, экологиялық параметрлерді жақсарту және автоматтандыру құралдарын ретке келтіру. Әрі, бұл технологиялық, компрессорлық, динамикалық жабдықты қауіпсіз және сенімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін керек. Жөндеу еліміздің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, катализаторлар ауыстырылады, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдары тексеріледі.
Өндірістік бағдарлама аясында отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін жөндеу жұмыстары басталғанға дейін қажетті резерв дайындалады.
Кәсіпорын тұрақты жұмыс режиміне биылғы қарашаның алғашқы онкүндігінде оралады деп жоспарлануда.
Амандық АБДОЛ