Өндіріс болмаса – өсім болмайды 

49835401 ecbe 4723 a7a2 bde0b8fcad11 Экономика

ВАЛЮТАЛЫҚ БАҒАМ – ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ АҚША-НЕСИЕ САЯСАТЫ ІШІНДЕГІ ЕҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ. МҰНЫ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ҮЛКЕН ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ҚОЗҒАУШЫ КҮШТІҢ БІРІ ДЕУГЕ БОЛАДЫ. СЕБЕБІ, ВАЛЮТА АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨПТЕГЕН САЯСАТЫ ІСКЕ АСАДЫ. БҮГІНДЕ КӨРШІ ЕЛДЕРДЕГІ ГЕОСАЯСИ ЖАҒДАЙЛАР МЕН ЕЛДЕГІ БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІҢ АРТУЫ ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІ КҮШЕЙТІП, ДОЛЛАРҒА ШАҚҚАНДАҒЫ БАҒАМЫН БІРҚАЛЫПТЫ ҰСТАП ТҰР. БҰЛ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ ЕМЕС ПЕ? ВАЛЮТА БАҒАМЫН ҰСТАП ТҰРУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙМІЗ? ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ БАҒА САЯСАТЫ, СЫРТТАН АҚША ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН? АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРҒА ҚАНДАЙ БОЛЖАМДАР БАР? ОСЫ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ ҚАРЖЫГЕР САРАПШЫЛАРМЕН СӨЙЛЕСІП, КӨКЕЙІМІЗДЕГІ СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАУАБЫН ЖӘНЕ БОЛАШАҚТА ҚАЙ САЛАНЫ, ҚАЙ ТЕТІКТІ ДАМЫТУ КЕРЕКТІГІН ДЕ НАЗАРҒА АЛДЫҚ.

Қысымға шыдар күш бар ма? 

Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Қаржы жəне есеп» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Керімбек елде валюталық бағамды тұрақтандыру үшін алдымен импортқа тəуелділікті жойып, экспортты арттыру керектігін баса айтты. 

– Бірінші кезекте валюта бағамына экспорт, импорт операциялары, оның ішінде сауда-саттық саласы əсер етеді. Бəріңізге белгілі, Қазақстанда экспортқа қарағанда, импорт басым, теңгенің құнсыз болып тұрған себебі де осы.

Валютамыз соңғы 2-3 айдың көлемінде кішкене тұрақталып қалды. Халықаралық күрделі жағдай, санкция салдарынан Ресей көптеген тауарды Қазақстаннан сатып ала бастады. Яғни, сырттан келетін ақшаның көлемі бұрынғыға қарағанда артты. Демек, валюталық бағамды ұстап тұру үшін ақша үнемі айналыста болуы керек. Бұл – экономиканың бұлжымас заңдылығы. Экспорт, импорт операцияларында, сауда айналымы аз болса, Ұлттық банк жасанды түрде айналым жасап отырады. Əрине, мұның экономикамыз үшін кері əсері бар, бірақ кейде мəжбүрлі түрде де сондай саясатқа баруға тура келеді, – деді ол.

Енді теңгенің құндылығын қалай арттыра аламыз? Ол үшін бірінші кезекте отандық өнімге баса назар аударылуы, екіншіден импорттың үлесін азайту керек. Елде шетелге шығатын өнім түрі мен көлемі көбейгенде, өзгенің өніміне тәуелді болмаған күнде ғана төл теңгеміздің күшін нығайта аламыз. Кейінгі кезде экономисттер біздегі көп салада мүмкіндік барын, соны дамытуды қолға алу қажеттілігін жиі көтеріп жүр. 

ДУБАЙ ҚАЛАЙ ДАМЫДЫ? 

Өз кезегінде Ғалымжан Есқараұлы елдегі жағдайды дамыған мемлекеттердің саясаты мен тәжірибесін салыстыра отырып сараптады. Биыл ақпан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, естіп жүрген дүниенің бәрін көзбен көріп қайтады. Ешқандай өндірісі жоқ, құмда отырған ел өздерінде өсетін екі өнім: зәмзам суы мен құрмамен ғана әлемдік нарыққа шығып отыр. БАӘ – сырттан келген туристердің төлем қабілеті арқылы үлкен жетістікке жетіп отырған ел. Мәселен, сол жерде сатылатын тауарлардың бәрін дерлік Қытай өндіреді екен. Бірақ, оны сол елге барған туристерге сатып, елдің қазынасын қалыңдатып отыр. 

– Ал, енді Қазақстандағы жағдай қалай? Біздің тапқан табысымыз күнделікті күнкөріс деңгейінен артылмай отыр. Бұл енді ақиқат жағдай. Мысалы мен 200 мың жалақы алатын болсам, ол ай сайынғы отбасылық шығындардан артылмайды. Себебі, қазір қымбатшылық орын алып тұр. Яғни біздің табысымыздың бәрі іште ғана айналып жатыр. Қосымша капиталымыз жоқ. Ал, Біріккен Араб Әмірліктерінде негізгі салмақ шетелдерден келген туристерге түседі. Бұлар Қытайда өндірілген тауарды, сервисті сатып қана, шығын шығармастан байып отыр. Біз керісінше, өзге елге сатып, ақша тарту үшін емес, өз қажеттілігіміз үшін Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстанның тауарын сатып алу арқылы, сол мемлекеттердің экономикасының дамуына үлес қосып отырмыз, – деді ол. 

Бұл сараптамадан не көруге болады? Өзімізде не өндіріс, не туризм саясатының жоқтығынан, тапқан-таянғанымызды өзгенің қалтасына өз қолымызбен салып беріп отырғанымызды, сол себепті төл теңгеміз құнын жойып, құлдырап бара жатқанын анық аңғаруға болады. 

– Түрік мемлекетіне келген әрбір турист кемі 6 сағат әуежайда күтетін болса, оларға қонақүй тегін беріледі екен. Ойлап қараңызшы, мұнша уақыт адам қонақүйде бекерден-бекер жатпайды, сөзсіз саудасаттық жасайды. Мұның артында үлкен саясат бар. Ол бір қызметті тегін ұсына отырып, әр туристің қалтасындағы ақшаны алып қалу. Мәселен, мен 2017 жылы Еуропаға барған кезде Мәскеу арқылы ұшып, 8 сағат Мәскеудің әуежайында ешқайда шыға алмай отырдық. Егер осы жерде Түрік мемлекетіне түсетін болсақ, 8 сағат бойы нарыққа барып, сауда жасап, 1000 теңге болса да түріктерге ақша қалдырып кетер едік. Осы арқылы олар үлкен жетістікке жетіп отыр, – деді сарапшы.

АЛДАҒЫ АХУАЛ 

Ғалымжан Керімбектің сараптауы бойынша, біздің валютаның долларға шаққандағы бағамы 500 теңгенің шамасында болады деп есептейді. Одан жоғары көтерілетін болса, теңгеміз одан әрі құнсызданып кетеді. Бұл мемлекет үшін де, экономикамыз үшін де үлкен зиян. 

Бұл жерде Ұлттық банк қандай саясат қолданса да, теңге бағамын 500 теңге айналасында ұстап тұруға әрекет жасайды деп топшылайды. Ал, экономист-сарапшы Мақсат Халық «қазір төл теңгеміздің күшейіп тұрғаны – уақытша тенденция» деген пікірде. 

– Теңгенің күшеюіне біріншіден, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16%-ға көтергені, екіншіден мұнай бағасының көтеріле бастағаны себеп болып тұр. Қазір Қытайдың карантиндік шараларды қысқартып, қайтадан іскерлік белсенділікті арттыра бастағаны байқалады. Осыған байланысты мұнайдың бағасы өсе бастады. Бұл факторлар мұнайлы елдердің валютасына оңтайлы әсерін тигізеді. Дейтұрғанмен АҚШ федералды резервтер жүйесі доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жатыр. Былтыр агрессивті, яғни қатаңдатылған ақша-несие саясатын жүргізіп, 75 пайыздық фунтке дейін бірақ көтеріп, екі мәрте сондай өсім жасады. Сондықтан да алдағы уақытта белгілі бір дәрежеде Американың қазыналық құнды қағаздарының пайыздық мөлшерлемесін ұлғайтуы ықтимал. Соның нәтижесінде инвестиция сол жаққа ағылуы мүмкін. Бұл алдағы уақытта теңгемізге ұзақ мерзімге қысым түсіреді деген сөз, – деді сарапшы. 

Тәуелсіздікпен бірге елге келген игіліктің бірі осы төл теңгеміз. Мұны да бір алыпсатар дүние емес, ұлттық құндылығымыз деп есептегеніміз дұрыс. Алайда ел экономикасындағы өзгерістер жылданжылға ұлттық валютамыздың құнын құлдыратып барады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп өскен әр қазақ баласы, елдігіміздің нышанына айналған теңгеміздің өз еңсесін тіктеуіне сеп болуы тиіс. 

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз