АЛЫПТЫҢ АДЫМЫ МҰНАЙ ӨҢДЕУШІЛЕР 70 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАДЫ
Салтанатты жиналыс еліміздің Әнұранын орындаумен басталды. Содан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жинал-ғандарды республикада алғашқы мұнай өңдеу саласының басталғанына 70 жыл толуымен құттықтады. Аймақ басшысы айтқанындай, құрылысы соғыс кезінде жүріп, алғашқы өнімі Ұлы Жеңіс жылы алынған кәсіпорын қазір қайта өрлеу үстінде. Бастапқыда жылына 800 мың тонна шикізат өңдесе, қазір бұл меже бірнеше есе артқан. Бұл да мүмкіндік шегі емес. Мұнайды тереңдете өңдеу жобасы мәреге жеткенде әлемдік стандарттарға сай бензинмен ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Жиналғандарды құттықтаған Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының міндетін атқарушы Азамат Ақышевтің айтуынша, көне кәсіпорын республикада бірінші рет газ-химия саласының шикізаты болып табылатын бензол мен параксилол өндіруді бастады. Жалпы, зауытта жаңғырту шаралары өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қолға алынған еді. Сексенінші жылдары соның жемісі көріне бастады. Әлемдік мұнай бағасы қазіргіден де төрт есе төмен болған тоқсаныншы жылдары да кәсіпорын үлкен сынға төтеп берді.
Сонымен қатар, жиналғандарды Энергетика министрінің орынбасары Мағзом Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ мұнай-газ саласының бас директоры Мәлік Сәлімгереев, «ҚазМұнайГаз-Өңдеу және маркетинг» акционерлік қоға-мының бас директоры Данияр Тілесов, Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы мұнайшы Өтәлі Балғымбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаев құттықтады.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
(Салтанатты шарадан толық репортажды газетіміздің келесі санынан оқисыздар).