Экономика

ТАЛПЫНЫС ӨРГЕ ОЗДЫРАР…

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Облыс орталығындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектептің табалдырығын тарыдай боп аттаған Асланбек балаң кезден-ақ болашақта бірнеше фирмасы бар бизнесмен болуды армандайды. Қарапайым отбасының тұла бойы тұңғышы болғандықтан шығар, өзіне артылған жауапкершілікті сезінген ол білімін Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінде мұнайшы мамандығы бойынша жалғастырады. Бүгінгі күні оқудың көбі коммерциялық негізде болады ғой, ата-анасына сабағының ақысын төлеуге көмектескісі келген жас жігіт тәжірибе кезінде «Гранд компьютерс» мекемесіне қойма менеджері болып қызметке орналасады. Асланбек осында жүріп техниканың тілін түсініп, электронды есептегіш машинаны жөндеуді үйренеді. Бұрын екінің бірінің үйінен табыла бермейтін компьютерді қолмен ұстап, көзбен көріп, жұмыс істеудің өзі оны жаңа әлемге енгендей күйге бөлеген-ді. Осылайша, кепіл мерзімі өтіп кеткен, жарамсыздарын бұзып, кері жасап шығарады. Қоймадағы сан түрлі техниканың ортасынан табылатын кейіпкеріміз шынымен де жанына жақын істі табады. Бастығынан сұранып, тапсырыс алушылармен бірге компьютер жөндеуге де барады. Сөйтіп, мұның ІТ-технология саласына қызығушылығы арта түсіп, жұртшылық арасында «ІТ-шник» деп аталып кеткен мамандықтың хас шебері боп шыға келеді. Аз болсын, көп болсын, тапқан табысын үнемді жұмсап, айлығының бөлігін депозитке жинақтаған ол осыдан төрт жыл бұрын 1000 доллар қаражатымен жеке кәсіпкер ретінде ісін бастап кетеді.
Бастапқыда ағасының кеңсесін жалға алған ол қолындағы қаржысымен қажетті құрал-жабдықтарын түгендейді. Бірте-бірте келген клиенттерінің тапсырысын алып, компьютер жөндеуге кіріседі. Атам қазақ «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деп текке айтпаған ғой. Көзге көрінер-көрінбес инедей сымдарды жалғап, ақаулығын анықтау оңай ма? Бір-екі айдан кейін қасына көмекші алып, принтердің бояуын құятын қызмет түрімен айналысады.
— Әрине, қиындықсыз ештеңе келмейді ғой. Ісімді жаңа бастаған кездері көлік жағы біраз қинады. Алған тапсырыстарымды жаяу немесе қоғамдық көлікпен таситынмын. Сонда қолымдағы қырғын техникамен маршрутта отыруға ұялатынмын. Кейін көлікке қол жеткізген соң кәдімгідей көзім ашылды ғой, — дейді Асланбек.

ЖАРНАМАНЫҢ «ЖЕТІСТІГІ»
Арманын жүзеге асырған кәсіпкер енді клиентті көбірек тартуды ойлайды. Табысты молайту үшін тұтынушыны мейлінше көбірек тарту – нарықтың басты талабы ғой. Бұл қағиданы жадынан шығармаған жігіт өнімін жарнамалайды. Газет, журнал беттеріндегі жарнамадан жиі көрінетін «Мәжитов» жеке кәсіпкерлігіне келушілер аз болмады. Осындай қарқынмен қызметін жалғастырып жатқан Асланбекке әкімдіктен телефон шалады. Олар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан ісін кеңейтуге көрсетілетін көмек туралы айтып, «Іскерлік байланыс» бағытымен оқуға шақырады. Жас буын қашанда жаңашылдыққа жақын емес пе? Кәсіпкерлік, ІТ-технология төңірегінде тереңірек біле түсуді мақсат тұтқан ол құжаттарын қолтығына қысып ап, әкімдікке, «Даму» қорына барады. Біраз сынақтан өткеннен кейін 2011 жылдың ақпан айында Астанаға жол тартады. Екі аптаға созылған оқуда жас кәсіпкер түрлі кеңестер алып, бизнес-жобаларды дайындауды үйренеді. Жан-жақтан жиналған өзі секілді бизнесмендермен танысады, тәжірибе алмасады. ІТ-технология туралы білім көкжиегін кеңейтеді. Қалаға орала салысымен меңгергені бойынша тест тапсырады. Содан кейін оған шетелге оқуға ұсыныс түсті. Америкадан келген өкілдер жеке әңгімелесу ұйымдастырып, талай сауалын қойып үлгереді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Асланбек сұрақтарға мазмұнды жауап береді. Бұл әзірлік сынынан сүрінбей өткен қазақстандық 10 кәсіпкер былтырғы жылдың ақпан айында тағы да тест тапсырып қояды.

АМЕРИКАДАҒЫ АСУЛАР
Араға бес-алты ай салып Америкаға ұшады. Алдымен Вашингтонға ат басын тіреген ол әйгілі «DELL» компаниясында еңбек еткен маманмен бизнесті көтеру жолдары турасында пікір алмасады.
— Онда да кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Даму» секілді ұйым бар екен. Сол арқылы көмек алып, кәсібін дөңгеленткен кәсіпкерлермен кездестік. Ал, сервер сататын «СISCO» компаниясынан біраз нәрсені көңілге түйіп қайттық, — деген Асланбек келесі кезекте Бостонда атақты Гарвард университетінде болғанын айтты. Сондай-ақ, күллі әлемге таралған «Microsoft» кеңсесінде, «GFI» компаниясынан құнды мәліметтер алады. Хьюстон қаласындағы жеке авиакомпания қызметімен танысқан соң инновациялық-ақпараттық орталықтарға, тіпті тапсырыспен бағдарлама жасайтын орындарда болады. Мұндағы қаланы түгелдей интернетпен, ID TV-мен қамтып отырған «FOX» компаниясынан бизнесті кеңейту әдісін үйренеді. Бір қызығы, барлық ақпараттық мәлімет сақтап отырған мекемеде тек 2300-дей ІТ-технолог қызмет ететін көрінеді.
Лас-Вегастағы көрмеде Американың түкпір-түкпірінен келген бизнесмендер өзінің бағдарламаларын таныстырған. Бұдан да ісіне бірнеше сабақ алған жеке кәсіпкер көпке ой тастайтын мынадай пікірімен бөлісті:
— Жасыратыны жоқ, бізде талапкер болашақ мамандығын жоғары оқу орнына түсерде ғана таңдайды, онда да ата-анасының қалауымен. Сосын мүлде қызықтырмайтын мамандық бойынша оқиды да, кейін жұмыс таба алмайды. Сөйтіп, жұмыссыздар көбейеді. Саны көп, сапасы көңіл көншітпейтін оқу орындарынан әйтеуір диплом үшін оқып шығатын жастың келешегінен не күтуге болады? Мәселен, АҚШ-та әрбір компания өзіне қажетті маманды мектеп жасынан-ақ баулиды екен. Таңдалған оқушылар сабақтан бос кезінде әлгі мекемеге барып, тәжірибе түріндегі жұмысты істеп көреді. Оқуының шығынын компания көтеріп алады. Осылай дайын маман әзірлеп шығарған мекемеде келісім-шарт бойынша қызметкер үш жыл қызмет етеді. Меніңше, бұл бізге үлгі болардай тәжірибе сияқты, — дей келіп, Асланбек бизнесте серіктес немесе клиент табудың қыр-сырын айтып өтті. — Шетелдік әріптестерімнен бір үйренгенім, олар тұтынушы тауып, тапсырыс алғанда ауызша келісім-шарт жасақтамайтын көрінеді. Кәсіпкер мен клиент бір-бірін ұмытпай, алдағы уақытта байланысып тұруы үшін электронды пошта арқылы хат алмасып тұрады. Сонымен қатар, компанияның қаражаты аз, кірісі төмен болса да фирмасына білгір әрі білікті кадр таңдағаны жөн.
Бұл қағиданы ұстанған әңгімелесушіміз маманның біліктілігіне қарай жалақы төлейді екен. Мысалы, оқуын аяқтамаған, тәжірибесі аз студенттерге 50 мың теңге көлемінде айлық төлесе, бірнеше бағдарламаларды шемішкідей шағатын тіс қаққандарға бұдан бірнеше есе көбірек жалақы береді екен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазірде қол астында сегіз ІТ-маманы, екі бояу құюшы, бір есепші, бір сату жөніндегі менеджер қызмет ететін кәсіпкер енді бар қаражатын жаңадан ашқалы отырған орталықтарына жұмсауды жөн көреді. Тіпті, ол үшін орын да таңдап қойыпты. Ал, өзі бизнесіне басшылық етіп, кеңейту жолында тер төгуді қалайды. «Талпыныс, мақсат, арманы бар жандар міндетті түрде ойлағанына жетеді. Әрине, сонымен қатар, білім мен қаражатты ойната ұстай білу керек», — деп сөзін қорытындылаған Асланбектің әңгімесінен кейін «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген халық нақылы ойымызда сақталып қалды. Қарапайым жұмысшы мен жедел жәрдем диспетчері жанұясынан шыққан атыраулық жас кәсіпкер бүгінде «шағын мемлекет» құрып, бір бала өсіріп отыр. Келер күннен күдер үзбей, келешекке үміт артқан Асланбектің кәсібінің қанаты кеңге жайылып, ЖШС-не айналу мақсатына жетуіне біз де тілектестігімізді білдірдік.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button