Жарнама
Экономика

АЛҒА АУЫЛЫНДА – ЖАҢА ЕМХАНА

 — Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – алғашқы медициналық көмек жүйесін жетілдіру, ана мен бала саулығын нығайту, адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, — деді Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев. – Осы бағытта ауданда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір айғағы – бүгін Алға ауылдық емханасының ашылуы.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен ауданда тағы да осындай үш емхананың құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілмекші. Бұл нысандар Таңдай, Бейбарыс және Ақжайық ауылдарында бой көтеруде.

— Дәрігерлерді тұрғын үймен қамту мақсатында жаңа емхана жанынан екі пәтерлік үй салуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта емханаға жаңа автокөлік беріледі. Мұндай қамқорлықтар ауданда денсаулық сақтау саласын жақсартуға, дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне септігін тигізеді деп сенеміз, — деді аудан басшысы.  

Емхана барлық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толықтай жабдықталған. Орталықтандырылған залалсыздандыру, лор, әйелдерді қабылдау, екпе, күндізгі стационар бөлмелері мен зертхана, химизатор, дәріханамен қамтылған емхана күніне 25-30 адамды қабылдайды.

Дәрігерлік емхана ғимаратын заман талабына сай тұрғызған «Атырау КапСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айгүл Кенжеғалиева ауыл тұрғындарын құттықтап, символикалық кілтті емхананың дәрігері Раушан Берденге табыс етті.  Аудан әкімі Ерлан Жаңабаев пен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қонысбай Тұраров керілген лентаны қиып, ғимаратты аралады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Суреттерді түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button