Қазақстанның «қара алтын» қоры әлі де өсуі мүмкін бе?

қазақстанныңjpg Экономика

Таяу жылдары Қазақстанның көмірсутегі қоры 76 млрд. тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ерен еңбегі үшін еліміздің Мемлекеттік сыйлығына ие болған бір топ ғалым-геологтардың талмай төккен терінің нәтижесінде әлі де игерілмеген кеніштердің тұзасты түзілімдерінде мол байлық бары анықталды. Рас, ол 5-12 км тереңдікте жатыр. Демек, оны жер бетіне шығарып, халық игілігіне жарату жеңіл емес.

қазақстанныңjpg

Бүгінде Қашағаннан бастапқы үш миллион тонна «қара алтын» өндірілді. Дүние жүзі бойынша соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кеніште биыл 8 млн. тонна мұнай алынбақ. Қазір тәулігіне 180 мың баррель өнім өндірілуде. Экспортқа мұнай Каспий құбырлары консорциумы арқылы Қара теңізбен, Атырау–Самара және Атырау–Алашаңқай бағыттары бойынша тұрбамен тасымалданады. Енді айдын төсіндегі Қаламқас пен Хазар кен орындарын қатарға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұлардан алынатын мұнай 67 млн. тоннаға тең. Сонымен қатар, 9 млрд. текше метр ілеспе газы бар.

Ал, тұтас республикада биыл 80 млн. тонна мұнай межеленіп отыр. Сайып келгенде, бұл – былтырғы деңгейдің сақталуы. Өсім жоқ десе де болғандай. Өйткені, Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіз тәрізді ірі кен орындарының қайтарымы жақсы болғанымен, қолданыстағы өзге ескі алаңдардың ахуалы алаңдатады. Әсіресе, ембілік мұнайшылар игеріп жатқан көне кеніштердегі ұңғымалардың дені суланған. Қайтарымы нашар. Турасын айтқанда, бұлардан алынатын өнімнің өзіндік құны өте жоғары. Тек геологиялық-техникалық шараларды дер кезінде қолдану нәтижесінде ғана «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы ұжымның ұйытқысын бұзбай, бұрынғы жылдарғы межені ұстап отыр.

Сонымен қатар, бүгінде республика бойынша қолданыстағы кеніштерде алынатын көмірсутегі қоры кеміп келеді. Мамандар оны 5,5 млрд. тоннаға бағалайды. Рас, барлық дәлелденген геологиялық қор – 15 млрд. тонна. Жоғарыда айтқанымыздай, геолог-ғалымдардың зерттеуі нәтижесінде бұл көлемді үш есе арттыруға болады. Сонда барлығы 75-76 млрд. тоннаға жетеді. Оның дені Каспий маңы ойпатында, яғни, Атырау аймағында орналасқан.

Оны әбден нақтылау үшін аса терең 15 шақырымдық ұңғыма қазылуы қажет. Бүгінде бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында халықаралық консорциум құрылды. Өйткені, дүние жүзінде мұндай тереңдікті ешкім де қазып көрген жоқ. Бұл іс күллі Қазақстанда, соның ішінде Атырауда  алғаш рет қолға алынғалы отыр.

Қазір мемлекет қорында өндірілуі қиын, салмағы ауыр, құрамы қою 1,5 млрд. тонна мұнай бар. Мұндай шикізатты кәдеге жарату үшін көп күш керек. Әйтсе де, оны жер бетіне шығаруға тура келеді. Өйткені, ол да экономикаға қызмет етуі тиіс.

Бүгінде бәзбіреулер ел байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқандығы жөнінде жиі айтады. Шындығында солай ма? Мәселен, алты-жеті шақырымнан шығатын Теңіз мұнайын өз күшімізбен игере алар ма едік? Қазақстан түгілі, күллі кеңестік кеңістікте құрамында көп мөлшерде күкірті бар мұнайды кәдеге жарататын технология болған жоқ.

Әлі есімізде, Биікжалдағы «СГ-2» ұңғымасы бұрғылау аяқталуға жақындағанда апатқа ұшырады. Ақыры межеге жеткізбей, тастап кетуге тура келді. Немесе Теңіз кенішіндегі алапат өрт ұмытылар ма? Ақырында, бұрын-соңды айдын төсіне бұрғы бойлатып көріп пе едік? Осының бәрі шетелдік инвестицияның керектігін, әлемнің озық тәжірибесіне сүйену қажеттігін меңзейді. Оның үстіне, қытайлықтарға ұсынылып отырған кен орындарының дені  –  қоры әбден азайған, өнімі үлкен күшпен алынатын алаңдар. Бұларды игеруден қазақстандық кәсіпорындардың өздері ат-тонын ала қашқан. Ендеше, сұрап жүрген шетелдіктерге бермегенде қайтеміз?

Инвесторларға қойылар бір ғана талап – қазақстандық қолданыстағы заңдылықтардың сақталуы. Бюджетке түсім түсуі, отандық мамандардың жұмысқа орналасуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болуы, жергілікті өнім мен қызметті көбірек пайдалануы, экологиялық және өндірістік қауіпсіздік шараларының сақталуы. Қадағалаушы және құзырлы органдар осыны нақты талап етіп отырса, сырттан келгендермен де тереземіз тең деңгейде әріптес бола аламыз.

Меңдібай CҮМЕСІНОВ. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз