Банк арқылы баспаналы болу әркімнің өзіне де байланысты

  Елбасымыз айтқанындай, әр қазақстандықтың жеке баспанаға ие болып, тұрғын жағдайын жақсартуы – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл – біздің тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында жеткен жарқын жеңісі. Аталмыш проблеманы оңтайлы шешуде «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы сүбелі үлесін қосып отыр. Бізге оның облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрманмен тілдесудің сәті түсті.

  ҮЙ БОЛМАЙ, КҮЙ БОЛМАЙДЫ

– Айтыңызшы, халықты тұрғын үймен қамтуға қатысты осынау қаржылық құрылымның құрылғандағы мақсаты не?

– Бүгінде, сараптама нәтижесі көрсетіп отырғанындай, жас шаңырақтардың шайқалып кетуіне көбіне баспананың болмауы себеп. Әйтсе де, мемлекетке иек артып, соның көмегін ғана күтіп отыру жарамайды. Әркім болашағын өзі жоспарлағаны жөн. Қазіргі қолданыстағы заңдылықтар оған мүмкіндік береді. Мәселен, республикада тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 2000 жылы пайда болды. Ал, 2006 жылғы 20 наурызда Атырау филиалы өмірге келді. Оған да, міне, тура он жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жүздеген жерлесіміз оның игілігін көріп үлгерді. Енді, біздің жұмысымыз қалай жүргізіледі? Кезінде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына қатыстық. Бүгінде «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары операторларының біріміз. Демек, мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамтуға бағытталған шараларға белсене араласудамыз.

– Қазір бұл бағдарламаларлар сәл толықтырылды емес пе?

– ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымда қабылдаған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бүгінде «Өңірлерді дамыту-2020» болып өзгерді. Әйтсе де, банк шарттары сол күйінде қалды. Қазір азаматтардың барлық санаттарына және жас отбасыларына көмектесеміз. Демек, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қатысушы банкпен шартқа отырып, қаржысын жинауы керек. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында салынатын үйлер туралы хабарландыру жарияланған соң өтініш беру басталады. Ал, енді осы бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар қандай? Біріншіден, олардың республика азаматтылығы немесе оралман мәртебесіне ие болуы шарт. Екіншіден, бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату жайттарының жасалмауы керек. Үшіншіден, бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұратын үйінің жоқтығы. Ақырында, тағы бір ескеретін жәйт – пәтер саны шектеулі болғандықтан, оған үміткер салымшыларды іріктеу балдық көрсеткіш бойынша жүзеге асырылады. Бұл жерде оның мөлшері есепшоттың ашылған мерзіміне, мұндағы ақшаның сомасына және бағалау көрсеткішінің мәніне байланысты. Сайып келгенде, ең көп балл жинақтаған салымшы пәтер таңдау кезінде басымдыққа ие болады.

БІЗДЕ МҮМКІНДІК ЖОҒАРЫ

– Осы айтылғандарды біздің аймағымызға қатысты қарастырсақ.

– Мәселен, Атырау қаласында салынып жатқан пәтерлердің жайлылығы – үшінші-төртінші класс. Әр пәтердің бір шаршы метрінің бағасы – 140 мың теңгеден аспайды. Облыстың жағдайына шаққанда аса қымбат емес. Демек, әр жерлесіміздің біздің банк арқылы баспаналы болу мүмкіндігі жоғары. Тек әркімнің ұмтылысы керек. Бұған дейін де айтылып жүр ғой, тұрғын үй жинақ банкінің қарапайым қазақстандықтарға беріп отырған мүмкіндігі мол. Оған салымшы мен банктен өзге мемлекет те қатысады. Осы бағдарламаға мүше болған әр азамат еліміздің қолданыстағы заңдылықтарына орай тиісті қолдау мен қорғауға ие.

  Бұл бағдарлама тұрақты табысы бар, қор жинауға мүмкіндігі жететін жандарға жақсы жағдай туғызады. О баста мұндай қаржы құрылымының өмірге келуіне де осы қағида себеп. Салымшыларға сыйақы төлеудегі мақсат – азаматтарды елімізде тұрғын үй проблемасын бірлесіп шешуге ынталандыру. Сайып келгенде, баспана мәселесінің түйінін тарқатуға баршаны жұмылдыру – осы бағыттағы мәдениетті жетілдіру. Демек, әркім өзінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысуы қажет. Осы орайда оларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыр. Яғни, барлық салымшыға 10 млн. теңгеге дейінгі салымдарының қайтарылуына кепілдік береді. Ал, ең бастысы – азаматтардың қордағы қаражатының көлеміне қарай оларға тұрғын үй алуға қосымша несие берілуі. Мәселен, аймақта еліміз бойынша тұңғыш рет «Жанашыр» жобасы қолға алынды. Оның мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызу. Ерекшелігі – осы жасөспірімдер мамандық алып, еңбекке араласқан соң мекеме басшысының баспананың бастапқы сомасын жинап беруге жауапты болуы. Яғни, қамқоршы ұжымдар «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамында есепшот ашып, оған әр айда ақша аударып тұрады. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен мұнайлы мекенде «Жас отау» бағдарламасы да жүзеге асып келеді. Осы орайда айрықша айтатын жай – оның республика бойынша Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында ғана қолға алынуы. Соның нәтижесінде өткен жылы Атырауда 90 жас отбасы баспаналы болды. Ал, биыл осы бағдарлама аясында 120 пәтер пайдалануға берілмек.

– «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында ғана үй алуға бола ма? Әлде оған жеке құрылыс компаниялары да қатыса ма?

– Бүгінде аймақта жұмыс жасап жатқан «МодернСтрой», «АндорраКонстракшн», «ҚұрманҚұрылыс» тәрізді кәсіпорындармен серіктес болуға келісілді. Демек, олар да бағдарламаға қатыса алады. Мәселен, былтырғы қазанда «Шуақ қала» тұрғын үй кешені қатарға қосылды. Бұл – «Sun Town» құрылыс компаниясы жүзеге асырған үлкен жоба. Жалпы аумағы 3520 шаршы метрді құрайтын 64 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені атыраулықтардың игілігіне ұсынылды. Баспаналы болғандардың бәрі – біздің банк салымшылары. Тұңғыш рет қолға алынып, мәреге сәтті жеткізілген жоба жұртшылықтың қызығушылығын туғызды.

БИЫЛ 90 ПӘТЕР БЕРІЛДІ

– Өткен уақытта аймақта қанша тұрғын үй қатарға қосылды?

– Жалпы, Атырауда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің дені мемлекеттік оператор ретінде біздің банк арқылы жүзеге асырылғаны белгілі. Олар «Алмагүл» және «Нұрсая» ықшамаудандарында қатарға қосылды. Жарбосынов пен Сырым Датов көшелері бойында жас отбасыларына арналған баспаналар тұрғызылды. Сонда барлығы 1134 пәтерімен жалпы ауданы 82981 шаршы метрді құрайтын 23 үй салынған екен.

Ал, биыл ше?

  Халықтың барлық санаты бойынша салымшыларымызға жалпы ауданы 6654 шаршы метрлік 90 пәтер пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар, келешек- те «Бәйтерек-Девелопмент» акционерлік қоғамының қаражатына жайлылығы үшінші-төртінші сыныпты жалпы ауданы 33310,6 шаршы метрді құрайтын барлығы 480 пәтер тұрғындарға ұсынылады. Бүгінде құрылыс негізінен «Нұрсая», «Вокзал маңы» ықшамаудандарында, Балықшы елді мекенінде жүргізілуде. Келесі жылы Атырауда жаңадан «Береке» ықшамауданының бой көтеруі жоспарланған. Ол да облыс орталығында «Нұрсая» мен «Алмагүл» ықшамаудандары тәрізді қалаға көрік қосатын болады.

«ӨЗ ҮЙІМНІҢ» ӨЗГЕШЕЛІГІ КӨП

– Бұл бағытта тағы қандай жаңа бағдарламалар бар?

– Жалпы, биылғы ақпанда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй құрылысын ынталандыруға 360 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Соның 53 миллиарды жалға берілетін баспаналар тұрғызуға бағытталады. Сөйтіп, үстіміздегі жылы республикада 1,5 млн. шаршы метр пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік тумақ. Ал, мұндай көрсеткіш өз кезегінде ішкі жалпы өнімнің өсімін көбейтуге үлес қосады.

  Осы орайда «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы салымшыларға қолайлы болуы үшін жаңадан «Өз үйім» атты бағдарламаны іске қосты. Ол 2022 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ. Бүгінде жергілікті атқарушы билікпен және екінші деңгейдегі банкілермен келіссөздер жүріп жатыр. Бағдарламаға біздің банктің кез келген салымшысы қатыса алады. Әйтсе де, бірінші кезекте баспанасы жоқ азаматарға басымдық беріледі. Бұл бағдарламаның ерекшелігі де сонда. Биыл оның аясында республикада 350 мың шаршы метр тұрғын үйді қатарға қосу жоспарланған. Ал, 2022 жылы бұл көрсеткіш бір жарым миллионға жетпек. Жалпы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Атырау филиалында өткен он жылда 27 мыңнан аса атыраулықтың 11 млрд. теңге шамасында қаражаты жинақталды. Ал, банк бүгінгі таңда 9,7 млрд. теңге шамасында несие берді. Соның нәтижесінде, жоғарыда айтылғанындай, жүздеген жерлесіміз баспаналы болды.

  Міне, осындай елеулі табысымыз нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен республикада рейтинг бойынша екінші орынды иеленсек, агенттік желіде топ басынан табылдық. Биылғы өткен мерзімде ғана 4747 адам банкімен шарт жасады. Біздің клиентіміз болу арқылы 14771 тұрғын банкіге сенім білдірді. Қазір филиалдың депозит қоржыны 11 млрд. теңгеден асады. Жалпы, табысы орта және одан төмен тұрғындар үшін біздің заемды алу өте тиімді. Демек, өз тарапымыздан олардың сенімін ақтау – басты парызымыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз