Ақиқатқа айналған аңыз немесе Теңіз кенішіне – 25 жыл

экономика2 Экономика

экономика2

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологы Жолдасқали Досмұхамбетов Жылыойдағы жаңа кен орнын «Теңіз» атап, «Бірінші ұңғыма осы жерден қазылады» деп сұқ саусағымен нұсқағанда, оған сенбегендер де табылыпты. Әсіресе, Мәскеудегілер иланбаған. Алайда, бұдан тура 25 жыл бұрын кеніштен алғашқы мұнай бұрқағы алынғанда барлық күдік сейілген. Аңыздың ақиқатқа айналғанын көз көрген. Әттең, сол сәтке биыл туғанына 100 жыл толуы аталып өтіп жатқан Жолдасқали Ахметұлы жете алмады. Әйтсе де, оның ісін бүгінгі ұрпақ жалғастырып келеді.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы және «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған осы қос атаулы күнге арналған салтанатты шараға атыраулықтармен қатар астаналық меймандар да қатысты.

Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақ мұнайының тарихы Қарашүңгілден басталатынына тоқталды. Содан бері қаншама ұрпақ алмасты десеңізші. Бұл сала ел экономикасының локомотивіне айналды.

– Дархан даламыздың, – деді аймақ басшысы, – ыстығы мен суығына төзіп, байлығын келешекке жаратуға еңбек сіңірген геологтардың ішінде Лениндік және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Жолдасқали Досмұхамбетовтің қосқан қолтаңбасы қашан да құнды.

Салтанатты шараға облысқа іссапармен келген республикалық «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты. Астаналық мейман арғы-бергі тарихты қозғап, жеріміздің тұтастығын сақтап қалған тұлғаларды еске алды. Мәселен, Хрущевтің кезінде республиканың солтүстік аймақтары Ресейге қосыла жаздағаны секілді, табиғи газы мол Маңғыстау да Түркіменстанның территориясына кіріп кетудің аз-ақ алдында болыпты. Сол кезде Шахмардан Есенов Мәскеуден келген комиссияға бұл бастаманың қателігін дәлелдеп, қазыналы түбекті сақтап қалыпты. Кейін ол да Лениндік сыйлық иегері атанды. Жолдасқали Досмұхамбетов те –  Теңіздің телегей байлығына орталықтағылардың көзін жеткізіп, бүгінде ел ырысына айналдырған жан.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов байырғы геолог-барлаушылардың ерен еңбегін атап, инвесторлар назарын қоршаған ортаны қорғауға аударды. Сайып келгенде, табиғатты таза күйінде сақтау – Елбасының барлық жер қойнауын пайдаланушы-ларға қойып отырған ортақ талабы. Жасыратыны жоқ, кезінде Теңіз кеніші төңірегінде біраз даулы мәселе орын алды. Бұл ретте кен орнында жинақталып қалған күкірт алдымен ауызға алынатын. Рас, соңғы жылдары ТШО осы бағалы байлықты саудаға шығарып, тұтынушыларына жөнелтуде. Сенатор, сонымен қатар, үлкен істің бастауында болған қазақ инженерлерін ұмытпауды ұсынды. Олардың есімі бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыруы тиіс.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Махамбет Батырбаев Жолдасқали Досмұхамбетовтің көршілес қоныстанған қос облыстың қазынасын жан-жақты зерттеген еңбегіне тоқталды. Сайып келгенде, республиканың батысында күкіртті сутегі шикізатының мол қоры шоғырлануы Қазақстанда Геология министрлігінің құрылуына ықпал етті. Жолдасқали Досмұхамбетов министрдің бірінші орынбасары қызметіне ұсынылды. Бірақ, белгілі геолог бас тартып, туған жерінде іздестіру жұмыстарын жалғастырды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың құттықтауын оның орынбасары Әсет Ма-ғауов оқып берді. Кезінде ТШО компаниясының Қазақстан жағынан басшысы болған оның есімін атыраулықтар жақсы біледі.

«Казэнерджи» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың сәлемін оның бірінші орынбасары, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин жеткізді. Бұл кісі де – Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын тәмамдаған қазақ инженерлерінің бірі. Ол Теңіз кенішін ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген сегіз адамның ішінде Жолдасқали Досмұхамбетов есімі аталуына ризалық танытты, дара тұлғаның көрегендігін айтты.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өн-діру» акционерлік қоғамының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрманғазы Есқазиев Қазақ мұнайының, соның ішінде Ембі кә-сіпшілігінің кешегісі мен бүгінгісі және ертеңі туралы әңгімеледі. Сөз ретінде айтсақ, оның әкесі Орынғазы Есқазиев те – Теңіз кенішін ашушылар қатарында Мемлекеттік сыйлықты иеленгендердің бірі. Бір шаңырақтан екі адамның мұндай биікке көтерілуі бұрын-соңды болды ма, жоқ па – білмедім, бірақ, олардың мұнайшылар әулетінен шыққаны ғанибет.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ мұнайының тарихы Кең Жылойдағы Қарашүңгілден басталады. Содан бері жазылып жатқан «қара алтын» шежіресіне де ғасырдан аса уақыт өтті. Осы жүзжылдықта мұнайшылардың сан ұрпағы алмасты. Олардың Балғымбаевтар, Шырдабаевтар, Есқазиевтер, Бешімовтер сынды тұтас әулеттері қалыптасты. Каспий ойпатының қойнына тыққан сыбағасы әлі бар. Қазақстандық бірнеше геолог-ғалымдар талай жыл талмай зерттеп, елімізде күкіртті сутегінің мол қоры барын анықтады. Соның дені Атырау аймағында.

Жиналғандарды мерейлі мерекемен «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тэд Этчисон құттықтады. Ол бірлескен кәсіпорынның Қазақстан экономикасын қалыптастыруда және оның әлемде танымал мемлекеттер қатарынан табылуына септігін тигізгенін айтты. Бүгінде Келешек кеңею-Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару  жобасы қолға алынды. Соның нәтижесінде кен орнынан өнім өндіру жылына шамамен 39 млн. тоннаға жетпек. Құрылыс жұмыстарына жиырма мыңға жуық адам тартылмақ. Ал, жаңа нысандарда 800 жұмыс орны ашылмақ.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, Жолдасқали Досмұхамбетовтің ұлдары Қобыланды, Исатай және Махамбет те – Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтының түлектері. Олардың да Қазақ мұнайын биікке көтеруде қосып жүрген үлесі қомақты.

– Әкем халық алдындағы жауапкершілігі биік, жинақы әрі қысқа сөзді кісі еді. Ол өз шеберлігін геолог ретінде де, ірі өндірістің ұйымдастырушысы тұрғысынан да көрсете білді, – деді жиналғандар алдында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Махамбет Досмұхамбетов.

Алқалы басқосу Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдасты-рылғандықтан, бір топ еңбек озаттары облыс әкімінің Алғыс хатымен және мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Ембімұнайгаз» мекемесі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамына қарасты «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның еншілес кәсіпорны. Бүгінде оған қарасты «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме бар. Компанияда барлығы 41 мұнай-газ кеніші бар. Қазір соның 33-де өнім өндіріледі.

Меңдібай Сүмесінов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз