Атырауда «қарапайым заттар экономикасы» атты жаңа кеңсе құрылды

biznes plan Жаңалықтар

Atr.kz/ 29 наурыз, 2019 жыл. Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан «қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы құрылды. Оның құрамына облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Даму» қорының жергілікті филиал өкілдері кіреді.  

«Мақсат – кәсіпкерлік жобаларына бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейін толық сүйемелдеу. Жобаларға үнемі мониторинг жүргізіледі. Банктер неліктен несиелеуден бас тартады, соның себептерін анықтап, бизнес-жобаларды қолдаудың жаңа механизмдерін ұсынамыз. Бұл жөнінде кәсіпкерлер арасында тұрақты түрде түсінік жұмыстары жүргізіліп тұрады» деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов.    

Осылайша, жергілікті жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы енді қатаң бақылауда болады. Бұл бағытта республика бойынша бөлінген 600 миллиард теңгенің 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталып отыр. Бағдарламада қарыз алушыларды 15 пайыздан аспайтын мөлшерде несиелендіру механизмі қарастырылған. Ал, оның 8 пайызын жеке кәсіпкерлік субъектісі өзі төлейді. Қалған айырмашылықты мемлекет жеті жылға дейін өтеу мерзімімен субсидиялайды.

IMG 20190328 160422
Брифинг

Айта кетейік, қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жеңілдетілген несиеге өтінімді беруге болады. 2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» аясында бизнес-жобаларды қаржыландыру, бұл шамамен 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке салық түсімдерін 1,1 трлн. теңгеге дейін жеткізуді көздейді. Сөйтіп, тауарлардың 365 түрі бойынша өндірісті 2,4 есе ұлғайтып, импорт үлесін 37 пайызға қысқартуға жол ашылмақ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз