Энергетикалық қауіпсіздік – маңызды мәселе
Өзекті мәселелердің қатарында Президент энергетика саласындағы қиындықтарды атады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта елімізге қажетті энергия қуаты жетіспейді.
Тек осы жылдың өзінде республика көлемінде қосымша 1 гигават қуатты іске қосу жоспарланған. Соның өзі тапшылықты толығымен жаппайтыны мәлім болып отыр. Өйткені, осыған дейін жүзеге асырылуы межеленген жобалардың бірқатарының орындалу мерзімі кейінге қалдырылған. Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін жоспарланғанның 31 пайызы ғана игерілмекші. Яғни, 347 МВт-ы ғана іске қосылады деп күтілуде.
Осындай деректерді келтірген мемлекет басшысы мұның өзі энерготапшылық айқын сезіліп тұрған қазіргідей кезеңде бұл бағыттағы қарқынның әлі де болса төмендігін көрсететінін ашық айтты. Ендеше, Үкімет пен Энергетика олқылықтың орнын толтыруға жұмыстануы керек. Жасыратыны жоқ, еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне кіретін Оңтүстік және Батыс аймақтарда электр желілерін күшейту жұмыстарының қарқыны баяу. Соның ішінде, Батыс өңірінің өзінде жоспарланған жұмыстар 10 пайызға ғана қамтылған.
Сайып келгенде, бұл жердегі ең басты да маңызды мәселе – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Сол үшін де бар күш-мүмкіндікті жұмылдыратын кез жетті деп ойлаймын.
Ерлан НАЗАРОВ,облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы