АТЫРАУДА ЖОЛ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛМЕК

screenshot 20220526 114207 Экономика

Атырау қаласында қайта жаңғыртылатын, орташа және күрделі жөндеуден өтетін, сонымен қатар жаңадан салынатын жалпы ұзындығы 135,8 шақырым болатын 231 көше тексерілмек.

Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Қазір аталған орталық филиалы Атырау қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімімен келісім-шартқа отырған.

Филиал директоры Б.Мұқашовтың мәліметінше, Атырау қаласындағы көлік кептелісінің алдын алу және жол көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ұзындығы 21,1 шақырым Әуезов көшесінен Балықшы ықшамауданына және Зарослый елдімекеніне дейінгі тасжолды қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Сонымен қатар, Сырым Датов, Азаттық көшелері де қайта жаңғыртылады. Еркінқала, Еркінқала -2, Балауса, Ракуша, Томарлы, Бірлік-2, Қайыршақты, Тасқала – 3, Дамбы-2, Геолог, Химпоселок елдімекендерінде де тасжолдар салынады.

«Биыл көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салып тұрған «Атырау-Индер» тас жолының «Атырау-Талқайраң» бөлігінде де жұмыс басталады. Бірінші деңгейлі жолды қайта жаңғырту 2019 жылы қолға алынып, аяқсыз қалған еді. 0-10 шақырым аралығындағы жол бойында пайда болған шұңқырлар және жол жабындысының тозуы салдарынан автокөліктер қарсы бетке шығуға мәжбүр. Оның үстіне түнде тас қараңғы. Енді жол құрылысы аяқталғасын жарықтандырылып, жол белгілері салынады» дейді Б.Мұқашов.

Қазір мердігер мекемелер жол құрылысы жұмыстарына кірісіп кеткен. Қажетті техниканы нысанға жеткізіп, құрылыс материалдарын және жерді дайындауда.

«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері өткен жылы жергілікті жолдарға 171 рет тексеріске шығып, 65-ке жуық ақау анықтаған. Оның 40-қа жуығы қалпына келтірілген. Қалған кемшіліктер бойынша биылғы жол құрылысы маусымын пайдаланып, мердігер мекеме және Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөліміне ескертпе хаттар жолдаған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз