
Энергетика – экономиканың қозғаушы күші
Атырау облысы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін оң нәтижелермен аяқтады. Облыстың экономика және қаржы басқармасының деректері бойынша, есепті кезеңде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларында тұрақты өсім байқалды.
2025 жылдың қаңтар–маусым айларында облыста 31,0 миллион тонна мұнай өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,9%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, 15,2 миллиард текше метр ілеспе мұнай газы өндіріліп, нақты көлем индексі 106,3%-ға жетті.
Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 459,4 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,1% деңгейінде сақталды.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларының жалпы өнім көлемі 39,0 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 110,5% болды. Оның ішінде мал шаруашылығында 37,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе (НКИ – 110,8%), өсімдік шаруашылығының үлесі 827,9 миллион теңгені құрады (НКИ – 115,1%).
Мал басы саны артып келеді: ірі қара мал – 6,5%-ға өсіп, 248,8 мың басты құрады. Қой мен ешкі саны 0,8%-ға көбейіп, 639,3 мың басқа жетті. Жылқы саны – 12,1%-ға (154,2 мың бас), түйе саны – 8,5%-ға (45,1 мың бас) артты.
Облыс бойынша 24,1 мың тонна ет өндірілді (109,0%), сүт өндірісі 16,3 мың тоннаны құрады (105,3%), ал жұмыртқа өндіру көлемі 26,8 миллион дана болып, 255,7%-ға артты.
Жалпы алғанда, Атырау облысы 2025 жылдың алғашқы жартысында барлық негізгі экономикалық бағыттар бойынша өсімді сақтап, тұрақты даму қарқынын көрсетті.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ