Мұнай кен орындарын алғаш ашқан кім?

rparoprar Жаңалықтар

Аtr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. Мұнай кен орындарын алғаш ашушы Таумұш Жұмағалиев туралы толғаныс…

 Көңіліме мұң да келіп қонады,

Күрсінгендей, іздегендей болады.

Мен өзіңмен, Тәке, мәңгі біргемін,

Бәріміз де бұл жалғанның қонағы.

Тағдыр сыйы – біз екеуміз кездестік,

Ұя болдық, еңбекпенен бірге өстік.

Қиыныстау кезде болдың сүйініш,

Сол кездегі суреттер бар көзге ыстық…

Бұл жыр жолдарының авторы – Атырау аймағындағы мұнай кен орындарын алғаш ашушы, республикаға еңбегі сіңген геолог-барлау­шы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор, ғұмырының алпыс екі жылын мұнай-газ өндіру саласына арнаған абыз тұлға Таумұш Жұмағалиевтің жан жары Бәтіш Төреғалиқызы Карпекова. Апамыздың осы жүрекжарды жан сырын оқып отырғанда асыл аға туралы ой-толғау көз алдымызда өз-өзінен өріліп жүре берді…

 Әке аманаты

1985 жылдың шіліңгір шілдесі. Аспан айналып жерге түскендей- ақ күн өртеніп тұр. Атыраудың орталық көшелерінің бірінен- біріне асығыс бұрылып, аяғым жерге тимей зымырап келемін. Үстімдегі ақ көйлегім қара терге малшынып, сығып алғандай болды. Бағытым – өзім аты-жөнін сырт­тай жақсы білетін атақты геолог- ғалым Таумұш Нұрышұлының үйі. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, облыстық «Коммунистік еңбек» газеті редак­циясына жұмысқа орналасқаныма екі-ақ жыл болса да, бұл кісі хақында сырттай біршама білетін болғандықтан, қатты жүрексініп келемін. Оның үстіне «сағат түскі үштен кешікпессің, баратын жерім бар» дегесін, тіптен асығыспын.

Ақыры, алқына жетіп, іздеген пәтерімнің қоңырауын бастым. Есікті ашқан Таумұш аға ақ көйлегіне қызғылт галстук тағып, қара костюм киген қалпы сықиып тұр екен.

– Әп, бәрекелді, дәл уақытында келдің, жарайсың, – деді ол бұрын көрмеген мені бірден танып. Ағаның бұл сөзі менің жүрек лүпілімді сәл де болса басып, алқынған көңілімді сабасына түсіргендей болды.

– Міне, сенің өткенде телефон арқылы сұраған мақалаңды дай­ындап қойдым. Ойыңнан шығады ғой деймін, ұнамаса айтарсың, – деген ол мұқият желімделген ақ конвертті қолыма ұстатты. – Біздің үйден шәйді келесі жолы ішесің. Жүр, маған машина келіп тұрған шығар, сені жолшыбай редакцияға жеткізіп тастайын…

Таумұш аға жол бойы сұрақтың астына алып, көп жайға қанығып алды. «Ал, айналайын, аман бол, мұнай-газ саласынан хабарың бар екен…» деген ғұлама ғалымның әп-сәтте берген бағасы көңілімді көтеріп тастаған мен қолымдағы ақ конвертті аялай ұстап, редакцияға көңілім аспандай кірдім…

Алғаш рет көрген осы сәтте Таумұш ағаның зиялы да, ари­стократ, қарапайым да, қамқор азамат екенін риясыз пай­ымдап, осы көрініс көңілімде ғұмыр бойына жатталып қалған еді. Осы тұрғыдан алғанда, өз басым Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғанындай: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байы- бына бара бермейміз. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың таса­сында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген сөзінің шынайы мәнін арада көп жылдар өткенде енді ғана бағамдағандаймын.

 Таумұш Нұрышұлы 1918 жылы Атырау облысының қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, Алаштың ардақтылары дүниеге келген, батырлардың ізі қалған, ақындардың жыры арналған Қызылқоға ауданындағы Көздіғара ауылында дүниеге келген. Оқуға, білімге де­ген шынайы көзқарасы бозбаланы тек қана алға ұмтылдырды. Соның ішінде таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік пен туған топырақтың әр түйіріне деген махаббат әкесінің ұрпағына бер­ген өмірлік бағдарлы бағытынан туған. Кейін Таумұш аға өзінің бір естелігінде бұл туралы былай деп жазған еді:

«…Бастауыш мектептің 4 кла­сында оқып жүргенімде бірде әкем: «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрады. Мен «Прокурор боламын» деп жауап бердім. Әкем Нұрыш са­уатты жан болатын, екі кластық орыс-қырғыз мектебін бітірген, ауыл кеңсесінде жұмыс жасайтын. «Балам, тілімді алсаң, мұнайшы- геолог бол, мен қазақтың тұңғыш гео- логы Атшыбаев Беркін Мұқашұлы деген кісіні көріп едім, Мәскеуден тау-кен академиясын бітірген тұңғыш инженер еді…» деді. Сосын қалтасынан географиялық карта шығарып, «жердің асты-үстін зерттеп, қыр-сырын меңгергенге не жетсін!» деп ойланып қалды.

 Осы сөзі менің бала жүрегіме үлкен әсер етті. Мамандықты дұрыс таңдауыма осылайша кеңес бер­ген әкемді ыстық ілтипатпен еске аламын».

Зерек ұл әке аманатын абырой­мен орындады. 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын тәмамдағаннан кейін ол «Ембімұнай» тресінің Доссор және Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде геолог болып қызмет істеді. 1940-1945 жыл­дары студенттік өмірдің ыстық- суығын бастан кеше жүріп, Гео­логия ғылыми институтында аға коллектор, кіші ғылыми қызметкер міндеттерін қоса атқарып, аспиран­турада оқыды. Есімі әлемге әйгілі ғалым, белгілі қайраткер Қаныш Сәтбаевтың ақыл-кеңесін алды. 1942 жылы танк жасайтын мырыш қажет болып, ол Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысы бойынша оқудан он ай қол үзіп, қорғаныстық айрықша үлкен маңызы бар марганец кендерін іздестіруші экспедиция құрамында Маңғыстау түбегіне жіберілді. Жастық шағы соғыстың қанқұйлы кезеңіне тұспа-тұс келген жас маман өзінің кәсіби біліктілігін, маңдай терін Ұлы Жеңісті жақындатуға арнады…

Өрлеу баспалдақтары

Жас маманның ұстазы Қаныш Сәтбаевтың өзіне берген ақ ба­тасымен туған жерін түлетуге арнаған еселі еңбегі соғыстан кейінгі жылдары өз арнасына түсіп жүре берді. 1945-1947 жыл­дары Ескене кәсіпшілігінде бас геолог болып жұмыс жасады. 1945 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық бар­лау факультетін бітірді. Таумұш Жұмағалиев Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасына ауысты­рылды. Ал, бұл ұжым 1956 жылы Мұнай институты, кейіннен Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық бар­лау институты (ҚазҒЗГБИ) болып қайта құрылды. Мұнда ол ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зерт­хана меңгерушісі қызметтерін жауапкершілікпен атқарып, 1962 жылы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды.

Ол кезде кадр мәселесі, жауапты тағайындаулар Мәскеу арқылы шешілетін болғандықтан, талай мәрте Одақ басшыларының ал­дында қызмет саласына байланыс- ты стратегиялық жоспарды әрі талдауға, әрі қорғауға тура келді. Осы кезде Таумұш Нұрышұлының іскерлігі, істің мән-жайын анық білетіндігі, мәселені баяндау шеберлігі, кез келген уақытта өзін ұстай білуі қазақтың қарапайым ұлына деген небір аузымен құс тістегендей үлкен басшылардың да пікірін өзгерткен болатын. Ал, елде өзі сыйлаған ағалары мен артынан ерген тамаша ізбасарлары білікті басшы, талапшыл маман Таумұш Нұрышұлына зор сенім биігінен қарады.

Т.Жұмағалиевтің тәжірибеге сүйене негізделген ғылыми тұжырымдары мен аянбай күш-жігер жұмсауы арқасында Еділ-Жайық арасында жоғары сапалы мұнайы мол Мартыши, Қамысты, Жаңаталап және Гран кен орындары ашылды. Таумұш Нұрышұлы 1968-1972 жылдары Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын және Қазақ КСР Гео­логия министрлігінің ірілендірілген аумақтық мұнай-газ барлау экс­педициясын басқарды.

 Қарапайым еңбек адамынан бас- талып, одан әрі тереңдей өрбіген еңбек жолындағы қызметтік са­пары Таумұш Нұрышұлын жеке бір басына ғана емес, бүкіл елдің мұнай-газ саласына қатысты үлкен міндеттерді жүктеуге және ол міндеттерді дұрыс шешу үшін қателесуді кешірмейтін аса қажетті шешімдер шығаруға мүдделі етті. Бұл жолда оған алған білімі, ұстаздарының ұстанымдары, әріптестерінің сенімі мен қанаттас інілерінің қолдауы, әрі жылдар бойы жинақталған өмірлік тәжірибесі мол мүмкіндік туғызды. Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Доға, Арыстанды, Гран, Октябрьск, Қарақұдық, тағы басқа кен орын­дарын, Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарын геологиялық барлау кезінде, ҚазҒЗГБИ ди­ректоры қызметінде, Индер ау­даны табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстарында, Жаңажол ойпатының шығыс жақ бүйірінен мұнай көзі, ал, 1979 жылы солтүстігінде Қарашығанақ газ конденсаты кен орнын ашуда ол өзін шебер ұйымдастырушы, тәжірибені ғылыммен байланыс- тыра отырып, нәтижеге жет­кен ізденгіш басшы тұрғысында көрсетті. Айталық, ҚазҒЗГБИ ұжымының Қарашығанақ кен ор­нын іске қосу жөнінде ең оңтайлы жолды ойлап тапқан ізденістері үшін Таумұш Нұрышұлы бастаған бір топ ғалымдардың 1986 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы заңды еді.

Бірнеше ғылыми еңбектің ав­торы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Таумұш Жұмағалиев ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін жоғары мемлекеттік марапаттарға және «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Өзі үнемі бы­лай деп толғанып отырады екен: «Менің адам болуыма зор әсер еткен адам – әкем Нұрыш. Мен институт бітірген жылы әкем қатты ауырды. Сол кезде: «Аға, мен сізге ештеңе көрсете алмадым-ау» деп қынжылғаным есімде. Сонда әкем марқұм: «Таумұш қарағым, сен институт бітіргенде 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Хамит Ерғалиевтің «Білім босағасында» деген тақырыппен мақаласы шықты. Соны оқығанда менің құным толды. Мен саған ризамын, балам» деген еді…» Иә, ата-ананың ақ батасы мен алғысын алғанға не жетсін! Бүкіл шыққан биігін әкесіне, анасына арнап оты­ратыны да – кейінгі ұрпаққа ұлағат қой, түсіне білген жанға!..

 Азаматын аялаған,

жан жылуын аямаған…

Шындығында, ер адам – түздің ада­мы. Сондықтан, үйдегі бар тіршілік, ұйыған ынтымақ пен береке о бастан- ақ әйел-анаға байланыс-ты. Әр әйел күрделі болмыс иесі, мынау жарық дүниеде бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан іздейді және содан ғана табады. Сондықтан болар, ата-бабамыздан келе жатқан ұлы ұғымда әйел мен отбасы ажыра­мас бірлікте болып келді және солай болып қалуы тиіс.

Міне, Таумұш Нұрышұлы мен Бәтіш Төреғалиқызы екеуі қол ұстасып қырық жыл ғұмыр кешкен екен. Сол жылдарда бір-біріне егіз қозыдай сүйеніп тірлік кешкен осынау зиялы жандардан ұрпақтың алар өнегесі де көп екені даусыз. Мезгіл шапшаң өтеді. Әсіресе, бақыттан бас айналған күндер бейне бір құсқа айналғандай немесе қанат байланғандай көрінетіні де рас. Бүгінде Таумұш Нұрышұлы дүниеден өткенімен, соңында қалған ұрпағы жарасымын тауып, әке жолын жалғастырып, мұнай-геология саласында жемісті еңбек етуде. Гүлжан – Алматы политехникалық институтының түлегі – геолог, Болат – Мәскеудегі мұнай институтын бітірген – геолог, Бақытжан «ҚазМұнайГаз» өндіру басқармасында жұмыс жасайды. Өздері өсіріп, болашағынан үміт күткен Еркіні де балалы-шағалы, бір әулеттің тірегіне айналып отыр. Таумұш дүниеден өткеннен кейін, іле-шала жарық көрген шөбересінің атын Бәтіш анамыздың өзі ырым етіп: «Атасының жолын қуатын, адамшылығын жалғайтын шын мәніндегі Азамат болсын» деп, Азамат атандырған еді. Сол Азаматы да бүгінде өсіп келеді…

Ал, Бәтіш ана болса, әр сурет­ке, Таумұш аға туралы жазылған газеттердегі әр лебізге қарап оты­рып, мәңгілік сағынышына айналған жан жарымен іштей сырласады. «Өзің кеткелі менің серігім – жазып кеткен кітаптарың мен газет-журналдарға жарияланған мақалаларың. Соларды оқи отырып, іштей тебіренемін, даналығыңа тәнті боламын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде жазылғандай: «Өз отбасы мен жары­на тірлігінде асқар таудай сүйеніш, тірек болған, бақилық болғаннан кейін олардың рухани піріне айналған мүмін мұсылманның орны – пейіш» дейді ғой. Мен де Алладан күндіз- түні сенің жаныңның жәннаттан орын алуын сұрап, тілек етемін» депті ол өзінің жары туралы жазған лебізінде.

2018 жылдың қыркүйегінде Бәтіш ананың тікелей ұйытқы болуымен және оны айрықша құрмет тұтатын ел азаматтарының қолдауымен тау тұлғалы Таумұш Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Атырауда «Тау тұлғалы Таумұш» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылуының өзі туған топырақтың төл перзентіне деген шексіз қошаметі еді. Құрманғазы атындағы мәдениет са­райында өткен бұл алқалы басқосуда Таумұш ағаның әріптес шәкірттері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров және басқалар тар­тымды естеліктерімен бөліскеніне куә болған едік.

Тағы бір сүйініштісі – дәл сол күні Атырау қаласындағы Нұрсая мөлтекауданындағы №14 көшеге Таумұш Жұмағалиевтің есімі берілді. Тағы бір сондай кең көше туған жері – Қызылқоға ауданының орталығында да оның есімімен ата­лып, еңбегі ерен тұлғаның ешқашан да ұмытылмайтындығын паш еткен­дей еді…

 P.S. Тағы да Бәтіш ананың жүрекжарды өлең жолдарына жүгінелік:

Екі әке, екі ананы тел емдің,

Еліңе де еңбегіңмен елендің.

Қаныш сынды ұлы ұстаздың еңбегін

Елге келіп жалғастырған Сен едің.

Енді, міне, сенің басқан ізіңді,

Сағынамыз, көргіміз кеп жүзіңді.

Төрде тұрған суретіңе елжіреп,

Жанарымда моншақтай жас тізілді…

Шынында да, «тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, бұл Бәтіш ананың ғана емес, барша жұртының – ардағын аңсаған халқының сағыныш сазы ғой, жүректерде маздап тұрған!..

 Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі

avrapra

***

 «Тәкеңді, шын мәнінде, Еділ-Жайық өзендері аралығында жоғары сапалы мұнай кеніштерінің ашылу мүмкіндігін негіздеп,оларды ашқан нағыз алғашқы зерттеушілердің бірі деп есептеуге болады. Тәкеңнің геологиялық-барлау жұмыстарын дамытуға және еліміздің минералдық шикізат ба­засын нығайтуға сіңірген еңбегі зор. Осындай еңбектерін ескере отырып, Үкіметіміз оған «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» деген атақ берген.

Ғылыми жұмыспен айналысатын адамдардың бос уақыттары бола қоймайтындығы белгілі ғой. Тәкең де біраз мезгілін жазу үстелінде өткізетін. Бірақ, бұған қарамастан, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқанды өзінің азаматтық борышы деп есептейтін…

Тәкең – еліміздің ардақты да,абзал азаматы. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімін өне бойы аузынан тастамайтын. Себебі, ол кісіні өзінің ұстазы санайтын.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Шын мәнінде, еліміздің тари­хында Қанекеңнің есімі алтын әріппен жазылған ғой. Міне, Тәкең сол Қанекеңнің мыңдаған шәкірттерінің бірі еді. Өмір жолында да сол кісінің тастап кеткен ізімен жүргендей. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, Тәкеңнің ұрпаққа қалдырған ең басты байлығы, аманаты – ғылыми еңбектері».

Есен ТАСҚЫНБАЕВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы

(«Ұлағатты өмір» кітабынан (Астана, «Фолиант» баспасы, 2011 жыл)

http://atr.kz/bez-rubriki/tөlem-kartochkalarynyң-tiimdi-tұstary-қandaj/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз