«ІНДЕТПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ»
АДАМЗАТ, БҮКІЛ ҚОҒАМ ҚАУІПТІ ІНДЕТТЕРМЕН ЕРТЕДЕН БЕРІ КҮРЕСІП КЕЛЕДІ. АЛАЙДА, КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ОНЫҢ «ЭНДЕМИЯЛЫҚ» ТҮРГЕ АЙНАЛҒАНДЫҒЫНДА БОЛЫП ОТЫР. ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, БҰЛ ПАНДЕМИЯ БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДІ ДЕ АЙНАЛЫП ӨТКЕН ЖОҚ. АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРІП, ӨМІРІМІЗГЕ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛДІ.
ЖАҢА БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ
Пандемия кезеңінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласында жаңа бетбұрыстар кезеңі басталып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жарақтандыру шаралары жүргізілуде. Облыста жұқпалы дертке шалдыққан науқастар үшін модульді аурухана іске қосылды. Қала, аудандар жылжымалы медициналық кешендерімен, жасанды желдету аппараттарымен жарақтандырылып, медициналық көмек берудің жаңа форматтары енгізілді. Эпидемиологиялық ахуалға орай, коронавирустық инфекцияның таралуына басты назар аударылатыны белгілі. Бұл аурудың қоздырғышы – адамдар арасында әртүрлі жолдармен таралатын SARS-CoV-2 вирусы.
Коронавирустық инфекцияның ошақтарына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жүргізген эпидемиологиялық тексерулер инфекцияны жұқтырудан сақтау, жұқтыру қаупін төмендету, індеттің ошақ аумағынан тыс жерге таралып кетпеуіне, әрі жедел түрде оқшаулауға бағытталды. Өз кезегінде әр маман коронавируспен күресте жауапкершілік танытып, індетке бағытталған іс-шараларды жүргізді. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық қызметімен карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпизоотологиялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүргізу, ветеринариялық, медициналық ұйымдармен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері бойынша байланысын нығайту, кешенді бағдарламаларды әзірлеу, санитариялық ағарту шараларын жүргізу сынды шаралар қабылдануда.
ШЕКАРАДАҒЫ ШЕКТЕУ
Әлемдегі коронавирустық жұқпадан қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыс аумағына оның әкелінуі мен таралуынан қорғау мақсатында 2020 жылдан бастап Атырау – Астрахан Ресей Федерациясы мемлекеттік шекарасында «Құрманғазы» санитарлық-карантиндік пункті уақытша құрылды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасы арқылы келушілерге медициналық бақылау жүргізіп, індеттің таралуының алдын алу үшін тәулік бойы жұмыс атқаруда. Мәселен, өткен жылдан бері мемлекеттік шекарадағы «Құрманғазы» автоөткелі арқылы анықтамасыз келген 344 шетел азаматына облыс аумағына кіруге тыйым салынды. Анықтамасыз келген 4 354 Қазақстан азаматына COVID-19-ға ПТР-тестілеу жүргізіліп, олардың арасынан індет жұқтырғандары анықталды.
ЕКПЕ – ЕҢ ТӨТЕ ЖОЛ
Жұқпалы аурумен күресудің төте жолы – коллективтік иммунитеттік жүйе қалыптастыра отырып, оған қарсы күресетін вакцина (екпе) егу болып табылады. Есепті мерзімде өңірде коронавирустық инфекцияға қарсы 265 166 адам вакцинацияланса, ал екінші компонентпен 247 648 адам қамтылды. Назар аударарлық үлкен мәселе – елде жаңа «Омикрон» штамының анықталуына байланысты халықты коронавирусқа қарсы иммундау, сондай-ақ халықты ревакцинациялау жалғасуда. 25 мыңға жуық тұрғын қайта вакцинацияланды. Бүгінге дейін «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакцинасымен 2 581 адам егілді. Олардың 197-сі жүкті әйел, 1 327-сі бала емізетін әйел және 1 117-сі жасөспірім. Былыр инфекциялармен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы деп бағаланып, полиомиелит, дифтерия, қызамық, эпидемиялық паротит, қызылша, сіреспе, көкжөтел жағдайлары тіркелмеді.
Соңғы жиырма бес жылдан бері облыс аумағында «Оба», «Тырысқақ», «Сібір жарасы» тіркелген жоқ. Аса қауіпті ауру – құтырудың алдын алу мақсатында да ауқымды жұмыстар жасалды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында өткір ішек аурулары, жаппай тамақтан улану фактілеріне жол берілмеді. Облыста соңғы 4-5 жылда жедел бруцеллездің 99 жағдайы тіркелді. Ең жоғары аурушаңдық Индер, Қызылқоға аудандарында орын алған. Аурушаңдықтың негізгі көзі жекеменшіктегі қой-ешкі малы болды. Өткен жылы Қызылқоға ауданынан жедел бруцеллезбен 2 науқас тіркелді.
АЙЫППҰЛ АРҚАЛАҒАНДАР АЗ ЕМЕС
Өнеркәсіп нысандарының санитарлық қорғау аймақтарында көгалдандыру бойынша талаптарды бұзғаны үшін өнеркәсіп кәсіпорындарына қабылданған әкімшілік шаралар саны артты. Өнім қауіпсіздігін бақылау мақсатында былтыр облыс аумағындағы 216 сауда нысанынан 1 223 өнім түрі сатып алынған болатын. Зерттеулер нәтижесінде, 247 өнімнің тиісті талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталған болатын. Оның ішінде техникалық регламенттер талаптарының негізгі бұзушылықтары: өндірушілердің таңбалау ережелерін бұзуы – 73,9, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік – 5, 2, тұтынушылар дыалдау болып табылатын, көрсетілген мәліметтер немесе физика-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі 20,9 пайызды құрап отыр. Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік нысандарға ел заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 108 нұсқама беріліп, жыл ішінде тұтынушылар құқығын бұзуы бойынша 5 өтініш түсіп, тиісті айыппұлдар салынды.
Өткен жылы департаментке жеке және заңды тұлғалардан барлығы 430 өтініш келіп түсті. Соған сәйкес тиісті шаралар қабылданып, нысандарға 511 санитарлық ұйғарым берілді. Сотқа 6 материал жолданып, 101 адам жұмыстан шеттетілді. Жалпы алғанда, департамент алға қойған межелі міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында маңызды іс-шаралар жоспарын жасақтады. «Кәріліктің ғана дауасы жоқ, қалған дерттің бәрінің де емі бар», дегендей, өңір тұрғындарын бүгінде айылын жимай тұрған коронавирус індетімен бірлесе күресуге, мамандар айтқан талаптарды орындап, кешенді жүзеге асырылып жатқан вакциналау мен ревакцинациялау шараларына атсалысуға шақырамыз. Бұл күллі қоғам мен әрбір адамның жауапкершілік міндетіне айналуы тиіс.
Мәдениет ТАНАУОВ,
Атырау облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы