Атырауда коронавируспен күрес қалай жүрді?

5bc955dcc7242 2 2048x1297 1 COVID-19: Соңғы поштадан...

Атырау – пандемияның бірінші толқынында науқастар көп тіркелген өңірдің бірі. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Атырау облысына дәрігерлер тобын жіберіп, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін шұғыл шешуді тапсырған еді…

Мәселен, шілдеде Атырау облысына жүк көлігімен дәрі-дәрмектің ірі партиясы жеткізілді. Дәрі-дәрмектің ірі партиясында коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін медициналық препараттар да болды.

«Алматыдан Атырауға жалпы құны 220 млн теңгені құрайтын 470 дәрі-дәрмектің 2 мыңнан астам қорабы жеткізілді. Алынған препараттардың ішінде антибиотиктер мен қызу түсіретін дәрілер бар. Бұл дәрі-дәрмек облыстың дәріханаларына бүгін-ертең таратылады» деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұрын бұл өңірге препараттар теміржолмен жеткізілетін. Оған 10 күн немесе одан көп уақыт кететін. Облыс әкімдігі дәрі-дәрмекті ұшақ және жүк көлігімен жылдам жеткізуді ұйымдастырды.

Ал қазан айында екі айда салынған модульді типтегі инфекциялық аурухана ашылды. Оның құрылысына NCOC компаниясы демеушілік жасады. Модульді ауруханадағы 8 блок пен 10 қосалқы нысан Германияның «Modex» зауытында шығарылған модульдік темірбетоннан құрастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 8924 шаршы метр. Аурухана диагностика мен емдеу үшін заманауи компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету аппараттары және басқалармен қамтылған. Медициналық мекемеде қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесі орнатылған. Палаталарда әр төсекте медбикені шақыру түймесі бар. Оқшауланған бокстарға арнайы чиптер арқылы ғана кіруге болады. Мұнда жергілікті медицина қызметкерлерімен қатар Грузия республикасынан келген дәрігерлер алты ай бойына жұмыс істейді.

«Ең бастысы, жаңа аурухана өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Медициналық нысанда 56 екі орындық, 16 үш орындық, 6 бір орындық палата мен жеті екі орынды бокстарда аулаға шығатын арнайы есік бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды қоспағанда, жобаны іске асыру кезінде отандық материалдар мен тауарларды пайдалануға басымдық берілген. Инфекциялық аурухана 200 төсекке есептелген. Оның ішінде 20 орын жансақтау мен қарқынды терапия бөлімшесіне арналған.

«Пациенттерді емдеу мен диагностикалауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. ПТР зертханасы, рентген мен компьютерлік томография кабинеттері ашылды. Дәлізге қауіпті инфекцияның таралмауы үшін палаталардың ішінде теріс қысым жасайтын арнайы сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталды. Аурухана «лас» және «таза» аймақтарға бөлінді. Ауаны терең тазартатын ORIT сүзгі қондырғылары орнатылды. Жедел жәрдем көліктері аурухана аумағындағы дезинфекциялау пунктінде өңдеуден өткізіледі.

Сондай-ақ, медициналық қалдықтарды зарарсыздандыру станциясы іске қосылды. Реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелері мембрана арқылы өткен таза су өндіру және бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге арналған диализ аппараттарымен жабдықталды. Палатадағы әрбір төсек медициналық газ бен оттегі желісіне қосылды», – дейді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.

Ауруханада емделушілердің денсаулық жағдайына қашықтықтан мониторинг жүргізілетін автоматтандырылған мониторинг орталығы жасақталған. Медицина қызметкерлері емделушілердің ауру тарихы туралы мәліметтерді, сараптамаларды планшеттер арқылы алмасады. Модульді инфекциялық аурухананың жобасын «Aqmol Project» ЖШС дайындаған. Ал құрылысын «BI-Industrial» ЖШС екі айға жетер-жетпес мезгілде, яғни, 18 тамыз-15 қазан аралығында жүргізген. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанованың айтуынша, қазір өңірде 1225 орындық инфекциялық стационар жұмыс істейді.

«Екінші толқын басталар болса, инфекциялық орындар санын 1570-ке дейін ұлғайту, реанимациялық төсек-орынды 90 кереуетке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Теңіз кен орнында қосымша 400 инфекциялық​ орын ашу көзделуде» дейді Нина Оспанова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз