Жастар жылындағы жаңа жобалар

Rozmetova 1 Жаңалықтар
  • Үш  сауал
aytalyi

Амангелді АЙТАЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

«Демографиялық карта жасалуы тиіс»

– Тұтас бір жыл жастарға арналып отыр. Осы кезеңде қандай нәрсеге баса назар аударған дұрыс?

– Шыны керек, аға буын жастарға жоғарыдан төмен қарап, «бұларды үйрету керек» деген психологиядан әлі арыла алмай келеді. Бірақ, бұл бүгінгінің басты өлшемі емес.

Біздің зерттеуіміз бойынша, жастардың 15-17 пайызы алғыр, білікті. Олар азамат ретінде Қазақстан алдындағы жауапкершілігін сезеді, жаны ауырады. Үлкен адам орысша сөйлесе, жастар бірден ескерту жасайды. Бұлар – мықты жастар.

– Жастарды өзгеріске қалай дайындауымыз керек?

– Жастар өсіп келе жатыр. Он жылдан кейін олар билікке келеді, алдыңғы легі келді. Қандай оймен, ниетпен келеді? Он жылдан кейін қоғам өзгереді, уақыт жаңартпай қоймайды. Демек, жастарға «болашақта елді билейтін, басқаратын ұрпақ» деп қарауымыз керек. Әрқайсысын «тұлға» деп, сыйластықпен қарауымыз қажет.

Президент білім, жұмыс, баспана салаларын баса айтты. Енді басты бағыттар айқындалуы керек. Тиімдісі – жастарды ойландыратын мәселенің үстінен шығу. Жастар саясатына инвестиция керек.

– Енді не істеуіміз қажет?

– Президент «Біз тәуелсіздікті алдық, ұстадық. Тәуелсіздікті  алу бар  да, сақтау бар. Енді сендер сақтаңдар» деді. Бұл – аманат. Аманатқа сай жастар бар, бірақ, олардың қатарын көбейтуіміз керек. Ең болмағанда, 14-29 жас аралығында жастардың кім екенін, немен айналысып жүргенін, жұмысы мен ұлтын, дінін, ісі мен ойын толық біліп, демографиялық карта жасалуы тиіс.

Rozmetova

Тамила  РОЗМЕТОВА,

«Сарайшық»  шаруа  қожалығының жетекшісі:

«Қазақстан алманың  тарихи  Отаны»

Жас та болса бас болып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып, жауапты міндет атқарып жүрген «Сарайшық» шаруа қожалығының жетекшісі Тамила Розметова –  көпке үлгі жастардың бірі. Біз «Үш сауал» айдарының кезекті спикерінен алдағы жоспарлары жайында сұраған болатынбыз.

– Атырау аймағында бұрын жайқалған алма бағы болғанын аға буын жақсы біледі. Астанада  алма өсіру жайындағы бастамаңызды жерлестеріңнің жылы қабылдағаны да сондықтан. Алманың қандай сортын өсірмекшісіз?

–Қазақстанхалқы Ассамблеясыжанындағы«Жаңғыру жолы»  жастар қанаты Астана қаласынан алма бағын өсіруді жоспарлаған болатынбыз. Заманауи тамшылатып суару жүйесі арқылы алманың нававита, фридом, надзейный және беларустық таңқурай сортты төрт түрі өсірілмек. Алманың бұл сорттары ол жақтың аязы мен желіне төтеп бере алады. Бұл жобаны Атыраудың ауа  райы  жағдайында жүзеге асырып та көрген болатынбыз.  Атырау мен Астана қалаларының ауа  райы өте ұқсас келеді.  Енді осы бақта қолданылған технологияның Астанада да бағын сынап көрмекпіз.

– Сөздің шыны керек, көп күтім мен аса мұқияттылықты қажет ететін алма бағын өсіруге көп адам жүрексіне бермейді. Жоба қашан жүзеге аспақ, оның  ерекшелігі қандай?

– Астанаға алма ағашын отырғызуды осы жылдың көктемінен бастаймыз. Күн қалай жылына бастайды, солай іске кірісеміз. Аталған алма сорттарының 1 гектарынан шамамен 20 тонна өнім алынады. Сондай-ақ, мұндай жеміс ағаштары 2-3 жылдан соң алма бере бастайды. Ал, көшеттерді Атыраудан дайындаймыз. Қазіргі кездің өзінде Атырауда 150 гектар жерге алма отырғызылды. Одан 400 тонна өнім алып отырмыз.  

Елімізде алма өсіру соңғы кездері ғана қолға алынып отырған жоқ. Қазақстан – алманың тарихи Отаны. Бұған дейін де алманың түрлі сорттары өсірілді. Махамбет ауданының Сарайшық, Жалғансай, Сарытоғай елді мекендерінің алма бақтары бір кездері республикаға танымал болған.  Сондықтан, бұл жоба өз нәтижесін береді деген ойдамын.

– Аталған жоба аясында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауында болдыңыз. Алма бағы үшін елорданың қай тұсынан жер қарастырылуда? Жобаның құны қанша болмақ?

– Иә, жастар форумынан соң Астана қаласы әкімінің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңеске қатыстым. Астанаға алманың қандай сорттарын әкелетінімді айтып, баяндама кезінде жоспар-сызбамен таныстырдым. Бақыт Тұрлықанұлы аталмыш мәселенің жоспарға енгізілгенін, көпке созбай алма бағын өсіретін жер берілетінін айтты. Ал, жобаның құны әзірге белгісіз. Ол берілген жер мен тамшылатып суару жүйесіне, көшеттердің санына байланысты болады. Жергілікті бағбандар үйренгенше бастапқыда бақты өзім күтемін. Сондай-ақ, бұл жай бақ қана емес, арнайы орындықтар қойылған саябақ болады деп жоспарлап отырмыз.

Сұхбаттасқан:

Мәлике  ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз