Жазғы мектеп жұмысы қалай жүргізілді?
Атырауда су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы кезеңде қашықтықтан оқыған 99 мектептің оқушылары үшін «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылды. Ондағы мақсат — оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазғы мектепті ұйымдастыру Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымға сәйкес ата-аналар қауымдастығы, мұғалімдер мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуден басталып, оқушылардың тілектері мен қажеттіліктері ескеріліп, пәндер бойынша жоспарларлы түрде жүргізілді.
-Оқу процесі кезіндегі пән бойынша жіберілген олқылықтар негізінде жүргізілді, яғни оқу жылында үлгермеген тақырыптар бойынша сабақтар өткізілді. Оқушыларға жазғы мектепте қосымша білім алып, шығармашылықпен айналысуға да мүмкіндік қарастырылды, — дейді басқарманың ресми өкілі Э.Тұңғатарова.
Айта кету керек, облыс бойынша жазғы мектепте 12603 оқушы толық дәріс алды. Бұл кезеңде оқушылар арасында математика, ағылшын, орыс тілі, физика пәндеріне сұраныс көп болды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ