«Нұршуақ» көңілдерге нұр құйды

ЕАС 004 Білім

Ауылда бой көтерген ажарлы ғимараттың ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин, мердігер компания өкілдері, ауыл тұрғындары, балабақша ұжымы қатысты.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-004

Нысан құрылысына компания 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Осыдан екі жыл бұрын іргетасын қалауды бастаған «New Construction» ЖШС мердігер мекемесінің құрылысшылары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында аяқтап, балғын бөбектер мен ата-аналарына тамаша тарту жасап отыр.

«Нұршуақ» бөбекжай-балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған Ғұмар Ислямұлы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтауын жеткізді.

– Тәуелсіздік тойы қарсаңында бүгін Аққыстауда есігін айқара ашып, жұртшылықты қуанышқа бөлеп жатқан сәтке куә болып тұрмыз. Аумақ үшін тұрғындарға аса қажетті ғимараттың пайдалануға тапсырылуы елеулі оқиға. Құрылысқа қажетті қаражат бөліп, демеушілік көрсеткен «Каспий құбыр консорциумы» АҚ ұжымына алғысымызды білді-реміз. Осында тәлім-тәрбие алған бүгінгі балғын бөбектер – ертеңгі еліміздің арқа сүйер азаматтары болып өсіп, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосуына тілектеспін,- деген Ғұмар Ислямұлы балабақша ұжымына музыкалық орталықты тарту етті.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-005

Бұдан соң «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин сөйлеп, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды көздейтін компания Кеңейту жобасы аясында Қазақстан аумағында 3,7 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлгендігін, денсаулық сақтау, білім беру, басқа да әлеуметтік нысандардың бой көтергендігін, күрделі жөндеуден өткізілгендігін айтты.

– Консорциум Каспий құбыры арқылы қазір 500 млн. тонна «қара алтынды»   экспортқа шығарды. Қашаған мұнайы толық қуатында беріле бастағанда қазіргі жылдық көрсеткіш 30 млн. тоннадан 50 млн. тоннаға жеткізілмекші. Үлкен әлеуметтік жобаларды біз әрі қарай да жалғастырып, халық игілігі үшін жаңа нысандар құрылысын салуға тиісті қаражатты кезең-кезеңмен бөліп отыратын боламыз. Қазір компания осы жоба негізінде Жылыой ауданында – 200, Атырау мен Аққыстауда  әрқайсысы 160 орындық үш балабақша құрылысын салу жоспарланған болатын. Еліміздің болашағы – бүлдіршіндерге  бақытты балалық шақ тілеймін, -деді Қайыргелді Мақсотұлы.

Бұдан кейін ата-аналар атынан мәдениет саласының ардагері Гүлбану Қабылова  сөз сөйледі.

– Мен сегіз немеренің әжесімін. «Нұршуақ» балабақшасына кезегімен үш немерем қабылданғалы отыр. Қуанышымыз құтты, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деп жүрекжарды лебізін білдірді ардагер.

Жаңа бөбекжай-балабақша меңгерушісі Айтолқын Молдағалина ауылдың ең кішкентай тұрғындары үшін сәнді ғимарат салуға демеушілік көрсеткен компания мен мердігерлерге, жергілікті атқарушы органдарға ризашылығын айтып, демеуші компанияны Алғыс хатпен марапаттады.

Жаңа балабақшаның ашылу салтанатының лентасын қию облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен «Каспий құбыр консорциумы» АҚ  бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдинге ұсынылды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-151

Рәсімге жиналған көпшілік   балғындар мекеме ғимаратын аралап, тамашалады. Мұнда оларға жан-жақты тәлім-тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген сегіз топта музыкалық  және дене шынықтыру сабақтарын өткізуге арналған әмбебап зал, үйірмелер, мамандар жұмыс жасайтын кабинеттер, медициналық ем-шара бөлмесі, заманауи құрылғылармен жабдықталған кір жуатын, тамақ дайындайтын блоктар бар. Демеушілер барлық қажетті технологиялық жабдықтармен, жиһазбен және басқа да керек-жарақпен толық қамтамасыз еткен.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-283

Қазір ауданда балабақша кезегін 560 бүлдіршін күтуде. Оның 300-і аудан орталығына тиесілі. Пайдаланылуға берілген ғимарат балабақшаға баруды армандайтындар кезегін едәуір азайтыпты.

Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз