«Жас түлек, саған айтарым …» 

1559014500 tsh 3887 kopiya kz Білім

    Мектептен қанатын қағып түлеп бара жатқан, Жас түлек! Саған қарап тұрып көп нәрсе ойыма оралғаны-ай. Білесің бе, әр кез соңғы қоңырау сылдырын естіген сайын санамды сағыныш кернейді. Қайта қайтарылмас қайран күндер …  Күні кеше ғана сияқты еді …  Мені де кезекті түлек ретінде сәт сапар тілеп аттандырғанды.

Міне енді сен де бітпестей көрінген он жылды артқа тастадың. Қолыңа алғаш қалам ұстатып, әлемді әліппемен бастап таныстырған, білім мен тәрбиені қатар сіңіруге тырысқан апай-ағайларыңмен қоштасатын кез де келіп жетіпті. Тарыдай болып кіріп, таудай болып аттанған мектебіңді әлі талай еске алып сағынарсың. Осы сөзді соңғы сәттерде көп естіген шығарсың. Жаттанды көрінгенімен шындық екеніне өзіңнің де көзің жетеді. Журналға үңілген мұғалім, сынып ішіндегі сыбыр-гүбір, үй тапсырмасын орындамай келіп бұғып отырғандар, бақылау жұмысын басқалардан көшіріп жанталасқан сыныптастар, тағдырыңды шешетін тақта, уһ дегізетін үзіліс, жамырай шапқан балалар … Бәрі-бәрі сен үшін күні ертең-ақ аяулы естелікке айналарын іштей мойындайтының сөзсіз. Дегенмен дәл қазір сенің толқып, көңілің алабұртып алып-ұшып жүрген кезің. Балалық пен жастық шақтың қиылысында тұрсың. Махаббат, қызық мол жылдар студенттік өмірге тез жетуге асықсың. Сен де, сенің құрбы-құрдастарың да арман қуып, ұядан ұшуға әзірсіңдер. Алдарыңда қол бұлғап беймәлім әлем күтіп тұр.

 Ертеңін ертегідей елестетіп, қиялға шомылып жүрген саған айтарым көп. Есіңде болсын, өмір жолы сен ойлағандай түп-түзу даңғыл  емес. Бұл сапарда сені жетелейтін, қателіктерің мен еркеліктеріңдді кешіре беретін асқар тау ата-анаң үнемі жаныңда жүрмейді. Тіршілік заңы қатал. Ұлағатты ұстазыңдай түсіністікпен қарап, білгеніңді асырып, білмегеніңді байыппен үйретуге құштар емес. Ендігісі өз қолыңда. 

Үлкен өмірге аяқ басардағы ең маңызды мәселе – мамандық таңдау. Бұған жүрдім-бардым қарама. Болашақта нан табарың ғана емес, сенің адам болып қалыптасуыңның негізі. Жанына жақын, жүрегі қалайтын кәсібін таңдамаса адамның үлкен қателік жасағаны. Бар ынтасын қойып, сүйіп істемеген жұмыстың өнімі аз, сапасыз болар. Маңызды әрі мақсатты  таңдауда қателік жіберіп кейін өкініш өзегіңді өртемесін. Оқу, білім алу ешқашан да кеш емес. Бірақ қолыңды мезгілінен кеш сермесең әттеген-ай дегізерін естен шығармағайсың. Басқалар өз жолын адаспай тауып, жетістікке жетіп жатқанда сенің әлі өз орныңды таба алмай жүргенің жарамас. Бір-ақ рет берілер қысқа ғұмырда адамға бәрінен де уақыт қымбат. Бар мүмкіндікті ұтқыр пайдалан.

Талайлардың тағдыры студенттік шақта теріс арнаға түсіп кеткен. Енді өз өміріме өзім қожамын деген  албырт жастардың аяғын шалыс басып,  көздеген мақсат-мұратынан адасқаны аз емес. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрене біл. Студенттік кезең саған берілген үлкен сынақ. Осыны ұмытпа. Сынаптай сырғып өте шығар санаулы жылдарды тек қызық қуумен өткізбессің. 

Адам анадан дайын маман иесі болып туылмайды. Білімді, білікті, іскер, дарынды, жеңімпаз тұлғаға айналу үшін ізденіспен көп оқы. Үнемі өз-өзіңді қамшыла. Алдыңнан кездескен болмашы сәтсіздіктерге бола сынып қала көрме. Қиындықсыз алынар қамал жоқ. Арманыңа жету үшін тынымсыз еңбек ет. Мүдделі мақсатыңа межелі сәтінде жетуге тырыс. Ешқашан үмітің үзілмесін! Өнегесі мол жандардан үлгі ала жүр. Білгеніңді іздемпаздықпен жан-жақты жетілдіріп, дүние-танымыңды кеңейтіп, көп меңгеріп, ерінбей тер төксең ғана өзгелерден оза шауып, көпке үлгі боласың. 

Гүлдана ХАЙРУШЕВА, студент

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз