Жарнама
Білім

Жаһандық экономикаға жаңа құзыреттер

Қазір цифрлық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллекттің дамуы қоғам мен экономиканы түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл тек жекелеген жаңалықтар емес – өмірдің барлық саласын қамтитын ауқымды трансформация. Деректерге, автоматтандыруға және креативті шешімдерге негізделген «жаңа экономика» қалыптасуда. Мұндай жағдайда еңбек нарығындағы талаптар өзгеріп, білім беру жүйесі де жаңаша бағыт алуы қажет. Бұл талап-міндеттің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да алға қойылуының өзіндік мәні бар.

Біріншіден, ЖИ-мен жұмыс жасауда құзыреттердің мазмұны өзгереді. Бұрын маманның басты артықшылығы белгілі бір бағдарламаларды меңгеруі немесе тар техникалық дағдылары болса, қазір ол жеткіліксіз. Технологиялық даму қарқыны жоғары болғандықтан, қолданбалы дағдылар тез ескіріп қалады. Бүгінде алдыңғы орынға «икемді құзыреттер» шығады: сыни және жүйелік ойлау, үлкен деректерді талдау, цифрлық сауаттылық, креативтілік, кәсіпкерлік және пәнаралық ойлау қабілеті.

Жасанды интеллект рутиналық жұмыстарды өзіне алады. Ал адамға шығармашылықты, жауапкершілікті, стратегия құруды және өзгелермен тиімді қарым-қатынасты қажет ететін салалар қалады. Сондықтан оқу бағдарламалары ойлау икемділігін, өзін-өзі дамыту қабілетін және әртүрлі білім саласын біріктіре қолдануды үйретуге бағытталуы тиіс.

Екіншіден, білім беру жүйесінің рөлі өзгереді. Бір диплом алып, ондаған жылдар бойы соған сүйенетін дәстүрлі модель заман талабына сай келмейді. Білім тез ескіретіндіктен, үздіксіз оқуға және қайта даярлауға дайын болу маңызды. «Өмір бойы оқу» (lifelong learning) – нақты қажеттілікке айналды.

Осыған орай оқу орындары онлайн-курстарды, модульдік бағдарламаларды, жеке оқу траекторияларын енгізуде. Жасанды интеллектке негізделген платформалар студенттің жетістігін саралап, олқылықтарын анықтап, жеке тапсырмалар береді. Бұл оқу процесін тиімді, әділ әрі ынталандырушы етеді.

Үшіншіден, жасанды интеллект – тек зерттеу нысаны емес, оқыту құралы. Енді технологиялар тек көмекші құрал емес, білім беру процесінің маңызды бөлігі. Интеллектуалды ассистенттер, чат-боттар, автоматтандырылған тексеру жүйелері мен виртуалды зертханалар оқытушыға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары студенттерді өндірістік немесе ғылыми процестерге барынша жақындатады.

Мәселені шешу жолдарына тоқталсақ, ЖОО үшін басты міндет – білім беру бағдарламаларын жаңарту.

– ЖИ, деректерді талдау, этика және құқық саласындағы пәндерді енгізу;

– виртуалды зертханалар мен тренажерлар құру;

– онлайн және гибридті форматтарды дамыту;

– пәнаралық жобалар мен семинарлар ұйымдастыру.

Мұндай жұмыстар қазірдің өзінде бірқатар университеттерде қолға алынып жатыр: жаңа пәндер енгізілуде, виртуалды зертханалар ашылуда, студенттер жобаларға белсенді қатысып, икемді құзыреттерін дамытып келеді.

Оқытушылардың рөліне тоқталсақ, ол — тек білім беруші емес, жасанды интеллектті жауапты қолданудың мәдениетін қалыптастыратын тәлімгер болуы тиіс. Бұл үшін педагогтар өз біліктілігін үздіксіз арттырып, интерактивті және жобалық оқыту әдістерін қолдануы керек. Студенттердің сыни ойлауын және зерттеушілік қабілетін дамытуы қажет, халықаралық ынтымақтастыққа ашық болуы қажет.

Цифрлық трансформацияға бейімделу – уақыт талабы. Білім беру бағдарламаларын дер кезінде жаңарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және педагогтарды қайта даярлау арқылы ғана жаңа экономикаға дайын мамандарды қалыптастыруға болады.

Ең бастысы – бұл өзгерістерді жүзеге асыратын адамдар. Жаңа буынды тәрбиелейтін, қолдайтын, шабыттандыратын тұлға – ұстаз. Егер біз студенттерді жауапты әрі шығармашылықпен жасанды интеллектті қолдануға үйрете алсақ, онда болашақта адам мен технология серіктес ретінде бірге әрекет етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Алмагүл ҚҰБАШЕВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button